Мүмкіндігі шектеулі жандардың шешілмеген мәселесі көп

Елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыруда, мүмкіндігі шектеулі балалардың қажеттіліктерін көрсетуде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің рөлі өте маңызды. Өскеменде астаналық «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық бірлестігі ЮНИСЕФ балаларды қорғау қорының қолдауымен журналистер үшін арнайы семинар-тренинг ұйымдастырды.
Бірлестік директоры Диана Окремованың айтуынша, бүгінгі оқыту семинары БҰҰ-мен бірлескен алғашқы жоба емес, олардың БАҚ өкілдеріне арналған әртүрлі семинарлар өткізгендеріне он жылдан асыпты.
Қай кезде болмасын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қарсы өткізілген сот процестері жайында айтылып жатады. Семинардың мақсаты – журналистерді осындай келеңсіздіктерден сақтандыру. Мысалы, журналист жоғарыда аталған топтағы жандардың проблемаларын жариялау кезінде қандай қателіктерден сақ болып, қандай терминологияны қолдануына болады?
-Бұл – шеберлікті қажет ететін ерекше тақырып. Тілші нені жазуға болатыны мен нені ақпараттандыруға болмайтынның ара жігін ажырата білуі керек. Бүгінгі тренингтің қорытындысы бойынша біз осы тақырыпты қалай жазудың модулін жасап, журналистика факультеттеріне ұсынбақпыз, – деді Диана Окремова.
Алдағы уақытта осындай семинарды Астана мен Қызылорда қалаларында өткізу жоспарланған.
ЮНИСЕФ балалар қоры ақпарат бөлімінің үйлестірушісі Сұлтан Хұдайбергенов мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып-тәрбиелеуде ЮНИСЕФ ұсынған принциптерге тоқталды.
-Қазақстанда «Балаларды ақпарат тигізетін зияннан қорғау туралы» Заң жобасы әзірленіп жатқанымен, зиянсыз ақпаратқа қойылатын талаптар, стандарттар әзірге жоқ. Этикалық жарияланымдардың критерийлері белгіленбеген, – деп атап өтті баяндамашы.
Медиа-өнімдер ең алдымен баланың дамуына игі ықпал етуге бағытталу керек. Бұл жерде балаға кедергісіз орта қалыптастырудан бастап, абайсызда оның ар-намысына тимеуге дейін қарастырылған. Ғалымдар адам миының 90 пайызы үш жасқа дейін әбден қалыптасып қоятынын дәлелдеген. Сол себепті сәбилерге туғаннан бастап дұрыс тәрбие беру өте маңызды. Оның үстіне ерекше балғындардың позитивті жаңалықтарға, жақсы мадақтау сөздеріне елең ете қалатындары байқалған.
Скандинавия елдерінде балалардың құқы, тіпті, күнделікті тұрмыста да айрықша қорғалған. Мысалы, пойыз құрамында міндетті түрде балалар үшін жабдықталған вагон болады. Балалардың жолдан зерігіп кетпеуі үшін оларға ойын алаңдары, әртүрлі аттракциондар қызметтері ұсынылады.
Дамыған елдердегі негізгі ұстаным- мүгедек сөзін мүлде қолданбау, олар бұл сөздің мағынасын түсінбейді екен. Балғындарға барынша қолайлы жағдайлар туғызып, олардың мықты жақтарын жан-жақты ашып, жетілдіру қажет деп есептейді шетелдіктер. Статистика мәліметтері бойынша, өзіне- өзі қол жұмсаған жеткіншектердің 80 пайызы қайғылы оқиға алдында әртүрлі әдістермен қоршаған ортаның назарын өздеріне аударуға тырысқан, өкінішке орай, оларды ешкім естімеген.
«Қоғам дамуын ақпараттық қолдау қоры» мемлекеттік емес ұйымының директоры Ольга Свириденко интеллекті зақымданған балаларды қоғамның толыққанды мүшесіне айналдыру мақсатында атқарып жатқан жұмыстарынан мысалдар келтірді. Оның сөзіне қарғанда, олар сырқаттарынан құлан-таза айығып кетпесе де, ерекше қамқорлықтың нәтижесінде өз-өздеріне қызмет көрсету дәрежесіне жетеді екен. Ал аутизм, Дауна синдромы сияқты дерттермен ауыратын бүлдіршіндерді баяғыдан-ақ «күн сәулелі» бала деп атау қалыптасқан. Олар, шынында да, өте жарқын, өнерге, математикаға аса бейім болып келеді. Әйгілі Майкрософт фирмасы қызметкерлерінің 80 пайызын аутизммен ауырғандар құрайды деген мәлімет бар. Ольга Свириденко сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі дегеннен гөрі кеңейтілген қажеттілікті талап ететін жандар деген позитивті естіледі деген пікірін де білдірді. Бұл сөздің де жаны бар сияқты, өйткені, дені сау адамдардың да мүмкіндігі шектеулі сәттері аз емес қой.
Басқосуда мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері журналистерден осындай ерекше жандардың тұрмысынан позитивті материалдар жасап, тегін ақпараттық қолдау көрсетіп тұру жөнінде өтініштерін білдірді.
Айна Ескенқызы