Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетеді

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетеді


Өскеменде әлеуметтік мәселелерді жаңа технологияның көмегімен шешу мақсатында алғаш рет «Jastar Time-2019» атты ІТ-хакатон өтті. Бұл ерекше күтімді қажет ететін жандарға кедергісіз орта қалыптастырып, оларды қоғамға бейімдеуге мүмкіндік жасау үшін ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Даниал Ахметов қолдау көрсетті.

IT-хакатонның ашылу салтанатына облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Марина Гагарина мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бірінші проректоры Сәуле Рахметуллина қатысып, жас бағдарламашыларға сәттілік тіледі.

– Цифрландыру – заман талабы. Сондықтан қазір мемлекеттік қызметтің басым бөлігі цифрлық форматқа ауыстырылып, жаңа үрдістерге сай көрсетілуде. Ал мұның барлығы – Тұңғыш Президент ұсынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының нақты нәтижесі. Елбасы Жолдауында бұл салаға ерекше мән беріп, инновациялық және сервистік секторларды дамытудың тиімді тетіктерін анықтап берді. Нәтижесінде осы салада білікті, кәсіби мамандар даярлау ісі қолға алынды. Бүгінгі ІТ-хакатон да – сол бастамадан туындаған іс-шара, – дейді Марина Гагарина.

Бағдарламашылар барын салды

Айта кетейік, IT-хакатон Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да өтті. Оған 14 команда қатысты. Оның ішінде С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, сондай-ақ Аягөз политехникалық колледжі мен Семей радиотехника және байланыс колледжінің студенттері бар. Сонымен қатар жарысқа Өскемендегі бірнеше колледжде білім алып жатқан жастар қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Айтулы додаға қатысқан 40 жас бағдарламашы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсарту мақсатында ұтымды идеяларын ұсынды. Солардың бірі – Мөлдір Тьесова. Ол көзі көрмейтін, құлағы нашар еститін және сөйлей алмайтын адамдарға арналған сайт жасаумен айналысуда. Оның айтуынша, бұл сайт үш бағытта жұмыс істейтін болады. Онда ерекше күтімді қажет ететін адамдарға арналған барлық зат саудаланатын интернет-дүкен қызметі іске қосылады. Бұдан бөлек мүгедек жандар осы сайттың көмегімен ым-ишара арқылы сөйлеп үйренбек.

– Аягөздегі политехникалық колледждің 3-курс студентімін. Болашақта еліміздегі IT-технология саласының қарқынды дамуына үлесімді қосқым келеді. Сөйтіп, көпшілік қауымға қазақ қыздарының білімді, білікті екенін көрсеткім келеді, – дейді ол.

IT-хакатонға қатысушылардың жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мұндай талапты жастарға қолдау көрсетілетінін айтып, Аяулымға облыс әкімінің гранты тағайындалатынын жеткізді.

– Егер Аяулым колледжді бітірген соң, облыстағы жоғары оқу орындарының бірінде білімін шыңдайтын болса, оған грант беріледі. Өйткені еліміздің болашағы осындай жалындап тұрған жастардың қолында, – дейді Әсем Нүсіпова.

Өз кезегінде Аяулым грантқа қолы жетсе, туған өлкесінде қалатынын білдірді. Бұдан соң Әсем Нүсіпова алдағы уақытта Аягөздегі политехникалық колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, студенттерге барлық жағдай жасалатынын атап өтті. Оған «KAZ Minerals» кәсіпорны демеушілік көрсетпек. Бұл Аягөздегі жергілікті билік өкілдерінің қолдауымен жүзеге асырылады.

– Аягөзде студенттерге арналған жатақхана құрылысы басталады. Түптеп келгенде, мұның бәрі балалардың сапалы білім алып, білікті маман атануы үшін жасалуда, – дейді Әсем Нүсіпова.

Айта кетейік, IT-хакатон «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дамыту мақсатында өткізілді. Мұны бізге Шығыс Қазақстанның білім берудегі жаңа технологиялар аймақтық орталығының директоры Сергей Коваленко айтты.

– Хакатонның негізгі мақсаты – инклюзивті топпен бірге IT технологиялар арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік мәселелерін шешетін жаңа және ерекше жолдар ойлап табу, – дейді ол.

Жарыс барысында студенттер теориялық және практикалық білімдерінің мықты екенін көрсете білді. Солардың бірі – Никита Мухоров. Ол Семейдегі радиотехника және байланыс колледжінің студенті. Болашақта IT компаниясын ашып, қатарластарын жұмыспен қамтамасыз етуді армандайды.

– Оқу бітірген соң жаңа дүниелерді жасап, оны шетелге экспортқа шығарып, еңбегімнің жемісін көргім келеді, – дейді ол.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетеді

Шетелдік мамандар дәріс оқиды

Жас бағдарламашылар арасында өткен IT-хакатон Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да бекерден-бекер ұйымдастырылған жоқ. Өйткені мұнда кілең мықты IT мамандар даярланады.

– Облыстағы білім саласында атқарылып жатқан жұмыстардың дені балалардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталып отыр, – дейді Әсем Нүсіпова.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да 2018-2019 оқу жылынан бастап инновациялық бағыттағы IT білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді оқыту қолға алынған. Аталмыш университеттің бірінші проректоры Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, «Ақпараттық жүйелер», «Математикалық және компьютерлік модельдеу», «Автоматтандыру және басқару», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» сынды төрт бакалавриат бойынша жыл сайын 400 студент білім алып шығады. Ал қазір осы мамандықтарда 408 жас оқып жатыр. Соның ішінде 305 студент мемлекеттік гранттың иегері болса, 35-і жергілікті атқару органдарының есебінен білім алуда.

Айта кететін бір жайт, соңғы екі жылда жергілікті бюджет есебінен 646 талапкерге грант тағайындалған. Бұл өңірдегі еңбек нарығына қажетті кадрлардың тапшылығын жою мақсатында қолға алыныпты.

– Біздің университет басшылығы IT мамандарды даярлауға баса назар аударып отыр. Әсіресе медициналық техника инженерлерін оқытуға ерекше көңіл болып отыр. Сондай-ақ біздің студенттер инновациялық әдіспен уранды өндіріп алу мен цифрлық технологияның көмегімен жерді қашықтан зерттеу салаларына да қызығушылық танытуда, – дейді Сәуле Рахметуллина.

Бүгінде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенттері 3D модельдеу бағдарламасының көмегімен әртүрлі виртуалды ойындарды жасап шығаруда. Түптеп келгенде, мұның бәрі профессорлық-оқытушылық құрамның еңбегінің жемісі екені айдан анық.

– Біздің студенттер ақпараттық қорғау және киберқауіпсіздікті сақтау саласын да тереңдетіп оқуда. Оларға бұл пәннен АҚШ-тағы Бойси университетінің phD докторы Энтони Рой Хетрик дәріс береді. Бұдан бөлек Ресей, Польша, Украина мемлекеттерінен келген оқытушылар да сабақ береді. оқытады, – дейді Сәуле Рахметуллина.

Айта кетейік, IT-хакатонның қорытындысы мамыр айынның екінші жартысында белгілі болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі айда «IT – білім болашаққа қадам» атты ауқымды фестиваль өтеді. Онда ресми түрде IT-хакатонның жеңімпаздары марапатталады деп жоспарлануда.

– Балалардың жұмысын IТ технология саласын жетік білетін мамандар бағалап, қорытындысын шығаратын болады, – дейді ұйымдастырушылар.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button