Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалуы тиіс

Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалуы тиіс


Республикалық «Аманат» сайлауға мониторинг жүргізу бойынша азаматтық платформасының өңірлік штабының мүшелері аралық кезеңнің қорытындысын шығарып, алдағы Президент сайлауына облыстың дайындық барысын тағы бір мәрте пысықтады.

Аймақтық филиалдың ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелдің жұмысына қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жастар, сарапшылар мен азаматтық белсенділер қатысты.

«Аманаттың» облыстық филиалының жетекшісі Аяужан Әшімованың айтуынша, облыстағы алпыстан астам үкіметтік емес ұйым (бұл 1200-ден астам белсенді азаматтар) азаматтық бастамаларды қолдауға әзір екендіктерін білдірген. Олардың арасында жастардың көп екендігін атап өткен орынды.

– Алдағы сайлауды барынша жариялы да тартысты өткізу үшін әртүрлі жастағы және мамандықтағы адамдар үміткерлер мен олардың сайлауалды бағдарламаларын талқылауға қатысты. Біздің тұғырнама әлеуметтік желілерді белсенді қолдана отырып, ақпаратты жеткізуші қызметін атқарып отыр, – деді жиында Аяужан Әшімова.

Сонымен қатар азаматтық платформаның мүшелері дауыс беру орындарындағы инфрақұрылымның дайындығын да тексеруде.

– Қазіргі уақытта облыста 900-ден астам сайлау учаскелері құрылған. Бақылаушылар осыған дейін солардың кемшіліктер анықталған бірнешеуінде болып қайтты. Атап айтсақ, сайлау учаскелерінің көпшілігінде мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне жағдай жасалмаған, яғни пандустар қарастырылмаған. Әр учаске мұндай адамдардың дауыс беруіне тыңғылықты дайын болуы тиіс. Сондай-ақ көп учаскелерде дауыс беру кабиналары әлі дайын емес, – деді Аяужан Әшімова.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button