Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мамандық ашылды

Мүмкіндігі шектеулі жандарға  арналған мамандық ашылды

Өскемендегі «Алтай» технопаркінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Мүгедектердің әлеуметтік және бейімделу мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиында мүгедектерді жұмысқа тұрғызу, олардың орналасқан жұмысында тұрақтап қалуы, кемтар жандарды баспанамен қамту, олардың көшеде жүріп-тұруына оңтайлы инфрақұрылым қалыптастыру, мүгедек жандардың бірлестіктеріне қолдау көрсету, қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру сынды мәселелер талқыланды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші Орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков аталған мәселелердің барлығы Елбасы ұсынған «Кедергісіз келешек» жобасында нақты көрсетілгенін атап, бұл бағытта облыс бойынша қомақты істер атқарылып жатқанын, жыл басынан бері партияға 475 мүгедек жан жұмыс сұрап келгенін тілге тиек етті. Олардың 247-сінің өтініші қанағаттандырылып, 150 адам тұрақты жұмыс тапқан. Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Асхат Сәдіров басқармаға өтінішпен келген 780 мүмкіндігі шектеулі жанның 261-і тұрақты жұмысқа орналасқанын жеткізді. Ал қалған өтініш берушілер «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бірі мамандық игеріп, бірі жастар іс-тәжірибесіне тартылып, енді бірі шағын несие алып, өз кәсібін ашқан. Облыста тек мүгедектер ғана айналыса алатын жаңа мамандық ойлап табылғанын да Асхат Сәдіров мәлімдеді. Семейдегі агротехника және байланыс колледжінде он айлық курс ашылған. Бұл жерден кембағал жандар медициналық құрылғыларды жөндеу шеберінің сертификатын алып шығады. Дәл мұндай мамандық облысты қойып, республика бойынша еш жерде тіркелмегендіктен, келешегі де айқын екенін ұққан жеті адам курстың тұңғыш шәкірттері ретінде тіркеліп, білім ала бастапты.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аманбай Нұркенов жыл басынан бері 36 мүгедек баспана кілтіне қол жеткізсе, кезекте әлі 11 адам тұрғанын баяндады.
Жиын соңында дөңгелек үстелге қатысушылар аталмыш жұмыстарды жетілдіру жөнінде ұсыным қабылдады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button