Мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай мүмкіндік туғызып отырмыз?

Шыны керек, қазір біздің қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға жеткілікті деңгейде қамқорлық көрсетіліп, мүмкіндіктер жасалып отырған жоқ. Әсіресе, қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде еркін жүріп-тұру олар үшін қиынның қиыны. Ол аз десеңіз, мүгедек жандардың өздері тұратын баспаналарына да ешкімнің көмегінсіз кіріп-шығу үшін пандустар қарастырылмаған, баспалдақтар мен жеделсатылар да лайықты жабдықталмаған.
Автобекет пен теміржол талапқа сай ма?
Сондықтан да болар облыстық әкімдіктің кезекті мәжілісінде аталған мәселе арнайы қаралып, тиісті сала басшыларының мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «кедергісіз орта» құру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарының есебі тыңдалған-ды.
Осы өзекті мәселе қашан шешімін табады деген сауалға біз де жауап іздеп көрдік. Алдымен көкейдегі сауалымызды облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының өкілдеріне қойдық. Басқарма басшысы Нұржан Жұмәділовтің айтуынша, қазіргі уақытта облыста үш автовокзал, он автобекет, тоғыз жолаушыларға қызмет көрсету пункті бар. Былтыр қолданыстағы осы нысандардың жағдайына мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар сәйкессіздік анықталыпты. Бүгінде оларды қалпына келтіру шараларының жоспары әзірленген.
Мәселен, Өскемен мен Семейдегі автовокзалдар мүгедек жандар үшін қажетті орта қалыптастырылған екен. Тұтқалар орнатылып, ғимаратқа және платформаға еш кедергісіз кіріп, шығуға жағдай жасалып, қосымша пандустар, мүгедектерге арналған күту орны, таксафондар ұйымдастырылса, әжетханалар да арбаға таңылғандар еркін қозғала алатын арнайы кабиналармен жабдықталыпты.
– Бүгінгі таңда автобустық маршруттарда көру қабілеті бойынша 1, 2 топтағы мүгедектер мен қасындағы сүйемелдеуші тұлғалар тегін жүре алады. Бұдан бөлек, 2017 жылы қолданысқа берілген Өскемен халықаралық әуежайының жаңа ұшып келу терминалында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық мүмкіндіктер бар. Мұнда оларды әуе кемесіне отырғызу үшін мүгедектердің кресло арбасы, зембілдер, аяқтарды бекітетін арнайы құралдар, өздігінен қозғалуға арналған балдақтар, зембілдермен, оттегімен жабдықталған мамандандырылған санитарлық автокөлік, №1 және №2 терминалдарда пандустар, мүгедектерге қолжетімді ақпараттық қамтамасыз ету аймағы (сілтемелер, қорғау белгілері, стендтер, таблолар) бар. Сонымен бірге әуежай тұрағында медициналық қызметкерлерді көмекке шақыруға арналған арнайы пульт, ал залда таксафон орнатылған, – дейді басқарма басшысы Нұржан Жұмәділов.
2018 жылы қайта құру жұмыстары аяқталған Семей қаласының әуежайында да мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдайлар туғызылғандығын айтады тиісті басқарма өкілдері. Сонымен қатар облысішілік әуе рейстерінде 1-топ мүгедегі мен мүгедек балаларға және оларды сүйемелдейтін адамдарға жеңілдіктер қарастырылыпты.
Нұржан Жұмәділовтің айтуынша, мүгедектерге арналған осындай мүмкіндіктер Өскемен мен Семей қалаларының теміржол вокзалдарының аумақтарында да талапқа сай ұйымдастырылған.
Ақпарат ретінде айтсақ, Өскемен – 1 теміржол бекетінің аумағында мүгедек-жүргізушілер үшін тұрақ, бекет ғимаратының кіреберісінде пандустар бар, кассаларда және анықтама бюросында арнайы сөйлесу құрылғылары орнатылған. Күту залында ақырын қозғалатын тұрғындар тобына арнайы орындар белгіленген.
Мұнымен бірге алдағы уақытта Семейдегі теміржол вокзалында Браэль әліппесі қолданылатын ақпараттық тақта орнату мәселесі қарастырылуда.
– Қазіргі кезде облыс аумағында автовокзалдар, әуежайлар және теміржол вокзалдары мүгедектерге арналған «кедергісіз ортамен» мүмкіндігінше жабдықталып жатыр және мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов.
«Авто еріктілер» жобасы іске қосылды
Аймақ басшысы Даниал Ахметов өңірдегі мүгедек жандардың еркін қозғалып тұруына кедергісіз орта құру жұмыстары бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жиі сын айтып келеді. Мәселен, былтыр пайдалануға берілген облыс орталығының Спорт сарайы маңындағы жерүсті жолаушылар өткелінде мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі жеткілікті ескерілмей қалған. Баспалдақтар тым тік жасалса, баспалдақтар шетіне орналастырылған мүгедектер арбасының жолы тым тар болып кеткен. Бұл туралы бұған дейін де жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жеткілікті жазылды.
Бұл аздай облыстың ірі қалалары мен аудан орталықтарындағы қоғамдық көліктерде арбадағы мүгедек жандар кіріп-түсе алатын көтергіш құралдар мүлдем жоқтың қасы. Әзірге бұл қызметті облыс орталығындағы инватаксилер ғана атқарып жүр. Олар қала бойынша түсетін тапсырыстарға үлгере алмайды.

Ал көпқабатты үйлердің кіреберісіндегі пандус мәселесі бүгінде өте өзекті болып тұрғаны шындық. Себебі, өткен ғасырда салынған баспаналарды айтпағанда, қазір салынып жатқан көпқабатты жаңа үйлердің көпшілігінде пандустар жоқ, нақтысында нысанның жобалық-сметалық құжаттамасында қарастырылмаған. Әлеуметтің бұл өзекті мәселесі «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының кезекті мәжілісінде арнайы қаралып, комиссия мүшелері жаңа үйлерде пандустар жоқтығын мәселе етіп көтерген болатын.
Бұған жауап ретінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Дүсіпов бұл мәселені заңнамалық тұрғыда реттеу керектігін алға тартты.
– Мердігер үй құрылысын қолындағы жоба бойынша ғана жүргізеді, оған өзі бастама көтеріп өзгеріс енгізе алмайды. Өзгеріс енгізу үшін шығын үлкейеді, қосымша қаржы қажет. Сондықтан пандустар қарастыру үшін қолданыстағы тиісті заңнамаға өзгерістер де қажет, – деді Сырым Дүсіпов.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының ардагерлермен және мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс бөлімінің басшысы Дина Байбудинованың айтуынша, облыста \”Инватакси\” қызметінің сегіз автокөлігі жұмыс істесе, 2018 жылы бұл қызметпен 494 адам қамтылыпты, биыл көлік саны 11-ге дейін артқан. Өткен жылы Өскеменде \”Авто еріктілер\” жобасы іске қосылып, жанашыр автоәуесқойлар ерікті түрде халықтың әлжуаз топтарына (мүгедектігі бар адамдар, қарт адамдар, балалары бар аналар және тағы басқалар) тасымалдау қызметін көрсетіп келеді. Қазір осы қызметті диспетчердің көмегінсіз көрсетуге мүмкіндік беретін қосымша әзірленуде екен. Бұл да болса қарға адым жер мұң болатын кембағал жандарға үлкен көмек екені даусыз.
– Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесе отырып, халықтың әлжуаз топтары үшін әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділік деңгейіне үнемі мониторинг жүргізіледі. Бұл жұмысты \”Кедергісіз келешек\” жобасы аясында \”Nur Оtan\” партиясы белсенді жүргізуде. Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде республикалық бюджет есебінен Өскемен қаласының бес көшесіне 10 \”жаяу жүргіншілер өткелі\” жол белгілері орнатылды, екі бағдаршам реттеуінің қиылысында төрт дыбыс сигнализаторы орнатылды, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Дина Байбудинова.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз ету үшін облыста 2012 жылдан бастап 2018 жылға дейін әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарын паспорттау және бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, жоспарға сәйкес барлық кезеңде 2643 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі паспортталған. Паспортталған 2643 нысанның 1467-і бейімделген. Оның ішінде 242 мемлекеттік басқару, 195 денсаулық сақтау, 331 білім беру, 132 мәдениет және спорт, алты көлік инфрақұрылымы, 561 қызмет көрсету саласы және жеке кәсіпкерлік нысандары бар.
Мүгедек жандармен жұмысқа тікелей жауапты басқарма өкілі Дина Қайырқанқызы әлеуметтік нысандарды жобалау сатысында тиісті қол жетімділік талаптары сақталса, қалаішілік қоғамдық көліктер әлжуаз топтар үшін жабдықталса, жергілікті атқарушы органдар автотасымалдаушылар арасында конкурс өткізу кезінде қойылатын талаптар арасында мүгедектер үшін көліктің қолжетімді болуын көрсетсе, қалалар мен аудандар әкімдері жергілікті бюджет қаражаты есебінен ұсталатын объектілерде кедергісіз орта құру үшін қаражат бөлсе, қалыптасқан жағдай әлдеқайда жақсарар еді дейді.
Ұққанымыз, мүгедек жандар жағдайында әлі де проблема жетерлік. Сондықтан бұл мәселе алда да біздің назарымызда болмақ.
Дәурен Аллабергенұлы