Мүмкіндігі шектеулі жандар да сән әлемінен қалыс қалмайды

Сән әлемі қашан да сиқырлы. Әдемілікке деген құштарлық, сұлулыққа деген іңкәр сезім адамзат баласын ұдайы алға сүйреп келе жатыр. Өскеменде тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып «Ерекше сән көрсетілімі» өтті. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы бірлесіп өткізген шараға Өскемен, Риддер қалалары мен Ұлан, Глубокое, Зайсан, Шемонайха, Бесқарағай аудандарынан келген 73 мүмкіндігі шектеулі жан қатысты.
Әдетте көпшілік қауымның көкейінде сән әлемі тек дені сау адамдарға ғана арналған деген пікірдің мықтап қалыптасқаны шындық. Сондықтан да болар елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін сән әлемінің есігі ұзақ жылдар бойы жабық болып келгені рас. Өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған осынау шарадан соң, бұл түсініктің күлі көкке ұшқандай болды. Облыстық драма театрында өткен «Ерекше сән көрсетілімі» шарасы мүмкіндігі шектеулі жандардың да сән әлемінің жарық жұлдызына айнала алатынын дәлелдеп берді.

– Біз бұл шараға әзірлікті шілде айынан бастаған болатынбыз. Қаламыздың кәсіпкерлеріне осындай ерекше жандардың бар екенін айтып, арнайы ұсыныспен шықтық. Оларға ерекше адамдар үшін ерекше үлгідегі киімдер тігудің қажет екенін түсіндірдік. Нәтижесінде қаладағы бірқатар салондардың басшылары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы киім үлгісін тігуге өз келісімдерін берді. Сөйтіп, моделдерімізді әзірлеуге кірістік. Жалпы, «Нұр Отан» партиясының облыстық филалымен бірлескен бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың дене бітімінің өз ерекшелігі болса да, оларға да сәнді киім тіккізуге болатынын дәлелдеп, киім үлгілерін тігумен айналысатын кәсіпкерлерді осынау іске тарту. Мүмкіндігі шектеулі жандар да сән әлемінен қалыс қалмауы тиіс. Оларға да осындай бір ерекше қызмет түрі көрсетілуі керек. Сондай-ақ, шараның өтуіне облыстық протезді-ортопедиялық орталығы да белсене атсалысты. Аталған орталық әрбір киім үлгісіне сәйкестендіріп, қатысушылардың дене бітімінің ерекшелігін ескеріп, арнайы аяқ киімдер тігіп берді. Сонымен қоса, бұл шараны әдейі облыстық драма театрында өткізіп отырмыз. Өйткені, шараға қатысушылар тек Өскемен қаласынікі емес, олардың арасында Риддер, Бесқарағай, Глубокое, Шемонайха, Ұлан аудандарынан келген қатысушылар да бар. Олардың барлығы осындай өнер ордасының бар екенін көрсін дедік, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықова.
Осы орайда басқарма басшысы шараның өтуіне үлкен қолдау көрсеткен облыстық мәдениет басқармасы мен кәсіпкерлер палатасына да шексіз алғысын білдірді.
Жалпы, аталған басқарманың деректеріне қарағанда, облысымызда 58 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамдар бар көрінеді. Оның 13 мыңға жуығы мүмкіндігі шектеулі балалар болса, олардың 5 мыңы жарымжан бүлдіршіндер. 8850 адам арнаулы әлеуметтік көмек алатын болса, оның 8125-іне үйде, ал 725-іне жартылай стационар жағдайында көмек көрсетіледі екен.
– «Нұр Отан» партиясының мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған «Кедергісіз келешек» атты жобасы бар. «Қамқорлық» акциясы шеңберінде ұйымдастырылып отырған бұл шараның да негізгі мақсаты – ерекше жандардың шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыруына қолдау көрсету. Сондықтан бүгін облыс орталығына қалалар мен аудандардан келген мүмкіндігі шектеулі жандарды жинап отырмыз. Олардың да қоғамда дені сау адамдар секілді өз армандарына қол созуға құқығы бар, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру және бақылау бөлімінің кеңесшісі Сымбат Рамазанов.
Эксклюзивті киім үлгілері ұсынылды
Сән көрсетілімінде барлығы 9 эксклюзивті киім үлгілері көрермен назарына ұсынылды. Олардың қатарында көңілді кештерге арналған көйлектермен қатар, мектеп формалары, күнделікті жұмысқа киюге арналған ыңғайлы костюм-шалбарлар да бар. «Ағаш көркі –жапырақ, адам көркі – шүберек» дегендей, аса үлкен талғаммен тігілген киім үлгілерін мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері ерекше мақтанышпен көпшілікке таныстырып шықты. Ең алдымен подиумға зайсандық Әйгерім Шагиева көтерілді. Ашық түсті матадан тігілген коcтюм-шалбар өзіне құйып қойғандай жарасып тұр екен.
– Мен өзіме шалбар таңдағанда қатты қиналатын едім. Қазіргі күні балағы кең, жүруге ыңғайлы шалбарлар сатылымда да жоқ. «Эльдорадо» салонының тігіншілері тіккен костюм-шалбар жүріп-тұруға сондай ыңғайлы. Көңілімнен шықты, өзіме шап шақ, – дейді Әйгерім қуанышын жасыра алмай.
25 жастағы Әйгерім биыл жазда тұрмысқа шығыпты. 2013 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін логопед-дефектолог мамандығы бойынша тәмамдаған Әйгерімнің алға қойған армандары да асқақ.
– Болашақта дені сау баланы дүниеге әкелгім келеді. Өзім көрген қиындықты балаларым көрмесе екен деп тілеймін, дейді ол.
Арбамен би билеуге арналған фрак әдемі-ақ
Үржар ауданындағы балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің тәрбиленушісі Әлібек Төлегенов болашағынан үлкен үміт күттіретін өнерлі бала. Әлібек сурет те салады, ән де шырқап, би де билейді. Биыл Әлібек Төлегенов бастаған аталған мекеменің өнерлі өрендері арбамен би билеуден Шымкентте өткен республикалық сайыста бірінші орынды алса, Павлодарда өткен жарыста бесінші орынды иеленген екен. Ал Санкт-Петербургте 18 елдің өнерпаздары қатысқан халықаралық деңгейдегі өнер додасында тағы да жүлделі бесінші орыннан көрінген болатын. Бұл жолғы «Ерекше сән көрсетіліміне» үржарлықтар да құр қол келмепті. Арбамен би билеуге арналған фрак шараға жиналған қауымның көңілінен шықты.
– Арбамен би билеуге арналған мұндай фракты сатып алатын болсақ, 90 мың теңге тұрады. Ал біз, Үржар ауданындағы балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің еңбек терапиясы мұғалімдері, бұл фракты өзіміз тігуді жөн деп таптық. Қара түсті фрак арбамен би билеуге өте қолайлы. Өте тар емес, сәл кеңдеу етіп жасадық, – дейді Құндыз Қайыпбекова.
Сондай-ақ, үшінші топтағы мүгедек Ольга Агриколянскаяның үстіндегі киім «Багира» ательесінің тігіншілерінің қолынан шықса, Ибрагимова Әминаның үстіндегі мектеп формасын «Ворсинка» ательесі сыйға тартқан екен.
– Жақында ғана Ресейде өткен сән апталығында Валентин Юдашкиннің мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап тігілген коллекциясы жұрт назарына ұсынылды. Біз, шығысқазақстандықтар да, ресейліктерден қалыс қалып жатқан жоқпыз. Ерекше жандар үшін ерекше киім үлгілерін тігуді біз де қолға алып жатырмыз. Осындай шаралар бізге де керек. Сондықтан да ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Бұл шараға үлкен ықыласпен қатыстық. Зайсан қаласынан келген Әйгерімге арнап арнайы костюм-шалбар тіктік. Сұлу қызымыздың әдемілігі мен сымбатын ашып көрсетуге барынша ұмтылдық. Қызымыз риза болды, ал біз одан да қатты қуандық, – дейді Өскемендегі «Эльдорадо» салонының директоры Диляфрусь Манафова.
Ал «Багира» ательесінің иесі, жеке кәсіпкер Нина Флорова «жақсылықты жұртқа жария етпей, үндемей жасаған дұрыс» деп санайтындардың қатарында.
– Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап киім тіккеннің ешқандай қиындығы жоқ. Тек ниет болса болды, – дейді ол.
Осы арада шараға арнап тігілген костюмдердің барлығы да сыйлық ретінде қатысушылардың өздерінде қалғанын айта кеткеніміз жөн. Шара барысында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықова «Ерекше сән көрсетілімін» ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін киім үлгілерін ұсынған кәсіпкерлердің барлығына да Алғыс хаттар табыс етсе, іс-шараға қатысқан 30 көпбалалы анаға (әдемілік және денсаулық орталығына тегін абонементтер таратылды.
Шара соңында қатысушылар облыстық драма театры актерлерінің балаларға арналған спектаклін тамашалады.
Мейрамтай Иманғали