Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі балаларға азық-түлікті тегін таратты

Мүмкіндігі шектеулі балаларға азық-түлікті тегін таратты

Өскемендегі «Freshmarket» гастрономының алдында өткен жәрмеңкеде Глубокое ауданының 17 ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкені облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин аралап көрді.
Бұл күні сиыр мен жылқы еті – 1100, қой мен шошқа еті – 1000, көкөністер – 60, балдың литрі 900 теңгеден саудаланды. Жәрмеңкеде «Шахан-Ата» ЖШС-нің нан мен кондитерлік өнімдері лезде сатылып кетті. Осы орайда айта кетейік, жәрмеңкеде «Восход молоко» кәсіпорнының сүт тағамдары да саудаға шығарылды. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алды.
Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлыбек Құмарғажинның айтуынша, аталмыш жәрмеңкеге 4,8 тонна ет, 1,95 тонна бал, көкөніс, сондай-ақ, «Красный Яр» шаруа қожалығы ұн тағамдары мен макарон өнімдерін әкеліпті.
– Бүгінгі жәрмеңкеде ұсынылып отырған азық-түліктің бағасы 15 пайызға арзан. Меніңше, бұл шара біріншіден, ауылдағы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Екіншіден, қала тұрғындары үшін тиімді, – дейді Нұрлыбек Құмарғажин.
Бұл күні «Шахан-Ата» ЖШС-ніңТОО-ның кондитерлік өнімдерін алушылардың қарасы көп болды. Өйткені, мұнда нан 60 теңгеден саудаланды. Аталмыш цехтың иесі Жаңабек Тастанбековтің айтуынша, олар күніне 60 түрлі нан мен кондитер өнімдерін шығарады екен.
– Қазір біз аудандағы барлық елдімекендермен қатар облыс аумағында орналасқан кейбір қалаларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырмыз. Біздің цехтағы технологиялық құралдардың барлығы жаңа болғандықтан, өніміміз де сапалы, – дейді Жаңабек Тастанбеков.
Айта кетейік, жәрмеңкеде Өскемендегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған білім беру орталығының бүлдіршіндеріне арналған қайырымдылық қоры ұйымдастырылды. Аталмыш орталықтың жетекшісі Сәуле Ахмадиеваның айтуынша, бұл Глубокое ауданы тарапынан көрсетіліп тұрған алғашқы көмек емес екен.
– Қазір біздің орталықта үш пен алты жас аралығындағы 138 бала тәрбиеленіп жатыр. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалармен қатар жетімдер, облыс аумағындағы аудандардың аз қамтылған отбасыларының балалары тұрады. Негізі, бұл орталықты жетімдер үйі деуге болмайды. Себебі, бүлдіршіндер алты жасқа толған соң өзге орталықтарға жолдама алып, кетіп қалады, – дейді Сәуле Қоқанқызы.
Глубокоелік өнерпаздардың концерті де көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе, Тоты Мұратқызы, Әйгерім Намазбаева, Азамат Жақсылықов, «Сарын» фольклорлық этнографиялық тобы, сондай-ақ, Дәулет Қабдоллаев пен Мұхаметбек Толқынбек сынды әншілерге ерекше құрмет көрсетілді. Тіпті, қазақ тілінде «Қазағымның арулары-ай» әнін шырқаған Лариса Раевская мен Эльвира Огневаға жұрт алғысын да білдіріп жатты.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button