Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі балалар мейірімнен кенде емес

Мүмкіндігі шектеулі балалар мейірімнен кенде емес


Бәріміздің күнделікті ас мәзірімізден жиі табылатын балықтың сүйегінен, кәдімгі жұмыртқаның қабығынан, тары мен қарақұмықтан жасалған, көрсең көзің тоймайтын алуан түрлі картиналарды, табиғат көріністерін, жан-жануарлардың бейнесін көргендеріңіз бар ма? Әрине, ілуде біреу ғана. Ал біз бұларды облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қарасты Үржар ауданы, Ақжар ауылындағы «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де болғанымызда көруге мүмкіндік алдық. Ең қуантарлығы, бұлардың барлығын мекемедегі балалар ұстаздарының нұсқауымен өздері жасаған.

Балаларға барлық бағытта қызмет көрсетіледі

Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2011 жылдың 1 қаңтарында облыс әкімдігінің қаулысы негізінде психоневрологиялық ауытқушылықтары бар балалар үшін жартылай стационар және стационар жағдайында, тірек-қозғалу аппаратының бұзылушылықтары бар балалар үшін жартылай стационар және стационар жағдайында балалардың жеке қажеттіліктерін есепке ала отырып, олардың тұлғалық даму деңгейін арттыруға, әлеуметтенуіне және кірігуіне бағытталған арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету үшін құрылған.

Осы мақсатты іске асыру барысында мүмкіндігі шектеулі балаларға сегіз бағытта арнаулы: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбектік, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі.
Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын орталықтың басшысы Айжан Мұхамадиеваның айтуынша, мұндағы қызметтердің барлығы мекеме жарғысы негізінде жүзеге асырылады. Мекеменің жобалық қуаты 56 төсек-орынға шақталған.

– Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес жеке күтімді қажет ететін балалар үшін 6 төсек-орынға арналған паллиативті бөлімшеде, психоневрологиялық ақауы бар 30 балаға, сонымен бірге, тірек-қозғалу аппараты функцияларының бұзылушылықтары бар 20 балаға жартылай стационар және стационар түрінде жоғарыда аталған қызметтер көрсетіледі. Мұндағы штат саны – 94 бірлік. Орталықта дефектолог, логопед, психолог, әлеуметтік жұмыстар, емдік денешынықтыру жөніндегі маман және еңбек нұсқаушылары, тәрбиешілер, дәрігерлер, орта буынды медицина қызметкерлері, музыка маманы мен мәдени шараларды ұйымдастырушы, заңгер, денешынықтыру мұғалімі, аспаздар сынды білікті мамандар қызмет етеді. Арнаулы әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету мемлекеттік лицензияға сәйкес жүзеге асырылады, – дейді бізбен әңгімесінде Айжан Аманжолқызы.

Мекеме басшысынан сұрап білгеніміз, осында облыс бойынша әлеуметтік қызмет алатын алпысқа жуық балалардың жас ерекшеліктері 3 пен 18 жас аралығында. Қыздар – 16, ұлдар – 45 бала. Осындағы 31 қызмет алушы Б.Тұрлыханов атындағы орта мектеп-балабақшасында жалпы орта білім алып жатса, оның ішінде үш бала инклюзивті білім алады.

Мүмкіндігі шектеулі балалар мейірімнен кенде емес

Шығармашылық – оқушылардың сүйікті ісі

Орталықтың ішін аралап жүріп байқағанымыз, мекеме қабырғаларының бәрі де қолдан жасалған қолөнер бұйымдарымен, картиналармен әсем безендірілген екен. Бізді де қызықтырғаны осы болды. Мұндағы мамандардың айтуынша, бұлардың бәрін орталықтың оқушылары көп уақыттарын жұмсай отырып, өздері жасап шыққан. Мәселен, Әлібек Төлегенов, Ерқанат Дүйсенбек, Аман Құрбанов есімді оқушылар балықтың сүйектерінен түрлі композициялар, гүлдер жасап шыққан. Бір сөзбен айтқанда мұнда еңбек терапиясына үлкен мән берілген.

– Бұл жерде балалар түрлі шығармашылық жұмыстармен шұғылданады, – дейді орталықтың еңбек нұсқаушысы Ерлан Сабырұлы. – Мысалы, мынау гравюра дейміз, әйнек бетіне салынған суреттер. Алексей Журавлев деген оқушымыз кәдімгі жұмыртқаның қабығынан «Көңілді қоянның» бейнесін жасап шықты. Топпен жасалған жұмыстар да бар. Оқушыларымыз киізден, түймеден, ұсақ тастардан түрлі дүниелер жасай алады. Күйдіру жұмыстарын орындайды. Жаз айларында Алакөлге демалуға барғанымызда балаларымыз өздеріне қажетті шикізат материалдарды жинап алады. Ал тамаққа балық, жұмыртқа берген күні ірі сүйектерін, жұмыртқаның қабығын жинап аламыз да, арнайы қорапшада сақтап, кейін жұмысқа пайдаланамыз.

Мекеме ашылғалы бері табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан ол балалардың басым дені осындай шығармашылық жұмыстармен шұғылданатынын, олардың деңгейі кезең-кезеңмен дамытылатынын жеткізді. Алдағы уақытта енді шимен тоқуды үйренбек. Ең бастысы, бұл жеке шығармашылықты дамытумен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін уақыт өткізудің де таптырмас мүмкіншілігі.

Кең бөлмеге қойылған, топтық жұмыспен жасалған «Ұшбұрыш» тұмар, Бағлан Манабаевтың «Балық», Әлібектің «Тайға міндік» (жұмыртқа қабығы), Нәзгүл Әбенғазиеваның «Мысық» (Жұмыртқа қабығы), «Түймедақ гүлі» (түйме) композициялар, «Гүл салынған қыш құмыра», өзге де топпен жасалған натюрморттар, картиналар мекемеге келген жандарды еріксіз өздеріне тартады және балалар қолымен істелгенін естіген соң, одан әрі қызықтай түсесің. Көрер көзге, айтуға оңай болғанымен, шын мәнінде бұлардың бәрін жасап шығу оңай емес, үлкен шыдамдылық, еңбекқорлық қажет. Ержан Сабырұлының айтуынша, кей жұмыстарды жасауға оқушылар айлап уақыт жұмсайды екен.

Мұнан соң мекеменің асханасымен, оңалту кабинеттерімен, емдеу денешынықтыру, массаж бөлмелерімен таныстық. Олардағы құрал-жабдықтардың бәрі де заман талабына сай жабдықталғаны көзге бірден байқалады. Аға медбике Гүлжан Жиенбаеваның айтуынша, дәрі-дәрмектен, қажетті заттардан ешқандай тапшылық жоқ. Бәрі де мемлекеттік сатып алу арқылы уақытында жеткізіледі.

Мүмкіндігі шектеулі балалар мейірімнен кенде емес
Мүмкіндігі шектеулі балалар мейірімнен кенде емес

Орталықта оңалып келе жатқандар да бар

Бұл жерге бас сұққан адамдардың көбінің дәті жетіп бара бермейтін және де бөгде адамдарға кіруге қатаң тыйым салынған балалар бөлмесі – ол паллиативті палата. Онда ата-ана қамқорлығынан айырылған ауыр диагноздағы балалар ем алады. Қазір олардың саны алты бала болса, біреуінің ғана ата-анасы бар. Бұлардың барлығы да жекелеген ерекше күтімді, ем-домды қажет етеді. Мұндағы реабилитолог дәрігер Жадыра Байғұлжинаның айтуынша, күтімге алынған балалардың арасында жағдайы оңалғандар да бар. Мысалы, былтыр Өскемен қаласынан келген Тойтілеу Алмұхаметов деген баланың денсаулығы дәрігерлердің арқасында айтарлықтай оңалып, паллиативті палатадан жалпы топқа, «Балапан» тобына ауысқан. Семейден былтыр сәуір айында келген Максим Шевченконың да, Руслан Жәкежановтың да денсаулық жағдайы жақсарып келеді. Балалар жыл көлемінде дәрігерлердің тағайындауына сәйкес, массаж, физиоемдеу секілді оңалту терапияларын алып отырады. Осындағы дәрігерлер мен санитарлар олардың ата-аналарындай болып кеткен десек те артық айтқандық емес.

– Бұл бөлімдегі балаларды ата-аналары әдейі тастап кеткен емес. Көпшілігі емдетуге қаржы таба алмай қиналғандықтан, осындай жағдайға баруға мәжбүр болады. Себебі, бұл балаларды емдеуге, дәрілеріне өте көп қаражат қажет. Сондықтан қинала келе осындай шешім қабылдайды. Балаларына келіп, жағдайын біліп тұратындар да бар. Қандай жағдай болса да, мемлекет бұл балаларды далаға қалдырмай қамқорлығына алып, күтіп-бағып отыр. Ал жалпы топтағы балаларға барлық қызметтер сапалы түрде көрсетіледі. Мерекелік іс-шаралар жиі ұйымдастырылады, балаларымыз облыстық республикалық байқауларға жиі қатысып, жүлделі орындар алып жатады, – дейді орталық басшысы Айжан Мұхамадиева.

Орталықтағы арнаулы әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетудің бәрі де мемлекеттік лицензияға сәйкес іске асырылады. Ал мекеменің материалдық-техникалық базасы ашылған уақытынан бері жүйелі түрде заман талабына сай нығайтылып келеді. Болашақта мекеме аумағында иппотерапия секілді емдеу түрін енгізу жоспарлануда.

Р.S. Біз мекеме ауласынан шығып, ұжыммен жылы қоштасып, көлігімізге бет алдық. Артымызда орталықтағы ойын жасындағы балалардың ауладағы сыңғырлаған күлкісі қалып барады. Ал ата-ананың аялы алақанынан алыс қалса да, мұндағы мүмкіндігі шектеулі балалардың мейірімнен кенде қалмай, мемлекеттің аялы қамқорлығында өсіп жатқандығы бір сәт мұңая қалған көңілімізге медеу болғандай…

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button