Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі балалар – ерекше қамқорлықта

Мүмкіндігі шектеулі балалар – ерекше қамқорлықта

Үржар ауданында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күні облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өз қызметімді азық-түлік бағасының тұрақтылығы, мектептер мен балабақшалардың, дәрігерлік пунктердің құрылысы, шалғай ауыл-аймақтардағы көлік қатынасы мен ауызсу сынды проблемаларды шешуге бағыттап келемін.
Қоғамның жаңа¬руы мен мемлекеттің серпінді дамуында халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше назар аудару – бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында қайырымдылықтың үлгісін көрсеткен Н.Қаппаров және Ә.Уәлиевтің демеушілігімен дүниеге келген Үржар медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет қамқорлығы ерекше. Мекеме шипа іздеп келген талай мүмкіндігі шектеулі баланың өмірге көзқарасын өзгертіп, он екі мүшесі сау балалармен тең дәрежеде өмір сүруге жол ашты. Тұра алмайтын балалар тұрып, жүре алмайтын балалар жүріп, сөйлей алмайтын балалар сөйлеу қабілетіне ие болғанын көргенде, көзге еріксіз жас толып, сауапты істің куәгеріне айналасың.
Былтыр тамыз айында мекеменің негізгі ғимаратына жапсарлас орынжай пайдалануға берілді. Құрылыстың қарқыны мен сапасы қатаң бақылауға алынып, нысанның жобалау құжаттары демеушілер есебінен қаржыландырылды. Қысқа уақыт ішінде қос қабатты ғимараттың салынуы көмекке мұқтаж балдырғандардың денсаулықтарын түзетуге, білім алуы мен үйдегідей еркін өмір сүрулеріне мүмкіндік тудырды. Сондай-ақ, біршама ауыл тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасты.
Биыл жазда Үржар медициналық-әлеуметтік мекемесінде басқа аудандардағы мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру үшін лагерь ұйымдастырылып, Жарма, Аягөз, Тарбағатай, Көкпекті, Бородулиха аудандарынан келген балалар денсаулықтарын нығайтты.
Елбасы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясында «Біз мүмкіндігі шектеулі адамдарды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қоймайды, сонымен бірге өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады» деген-ді. Осыған орай, мекемеде мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерлерін қолдауға ерекше көңіл аударылуда.
Ерекше балалардың қолөнер бұйымдары, арбада отырып би билеуі республикалық көрмелерде, халықаралық жарыстарда ерекше бағаланды. Тәрбиеленушілер Бағлан Манабаев, Әлібек Төлегенов және «Шабыт» би ұжымының бишілері Анастасия Кошколда, Анна Зубцова арбада отырып би билеп, өнер көрсетті. Биыл Шымкент, Павлодар, Петербор (Ресей) қалаларында өткен жарыстардан олжамен оралуы аудан жұртшылығын қуанышқа бөледі. Олардың жеңістері, ерекше күш-қуат сыйлайтын би өнерінің құдіреті өздері сияқты басқа тағдырлас құрбыларының өмірге деген құлшынысын арттырары сөзсіз.
Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандарға қай салада болмасын мемлекет қамқорлығы өлшеусіз екені даусыз. Мұндай адамдардың қоғамдық орындарда ешкімнің көмегінсіз қозғалуына кедергісіз орта жасалып, жеке бас құқықтары қорғалуда. Мемлекет тарапынан баспана мәселесіне қатысты түрлі әлеуметтік көмектер берілуде.
Мұндай ізгі қадам тек ауызбіршілігі бар елге тән. Болашағымызды бағдарлап, келешегімізге жол ашар маңызды істе ел азаматтары ұйымдасып, береке-бірліктің жарқын үлгісін көрсете білсе, алынбайтын қамал жоқ.

Рысқан Жанкүшікова,
облыстық мәслихаттың депутаты
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button