Қоғам

Мәлік Ғабдуллинге мат қойған мұғалім

Мәлік Ғабдуллинге мат қойған мұғалім

Бәзбір аға-апаларымыз зейнеткерлікке шыққаннан соң, қайраңда қалған балықтай мең-зең болып қалатыны рас. Ал мақаншылық Сейітхан Сағымбай жасы толып, еңбек демалысына шығысымен, бұрынғы тірлігін алаңсыз жалғастыра берді.
Мақаншының шет жағына орналасқан Бекет ауылындағы үйінің маңайы жеміс-жидекке толып тұр. Алма, алмұрт, таңқурай, бүлдірген, тошала, өрік, шие, қарақатты көргенде, құдды оңтүстіктің бір ауылында жүргендей әсер аласың. Өзі саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жанның мұндай тірлігіне риза боласың.

Мәлік Ғабдуллинге мат қойған мұғалім

– Бұл енді менің өмір бойы айналысып келе жатқан хоббиым десе болады, – дейді ол кісі жымиып. – Мына алманың «столовый», «лимонка», жүзімнің «қаракөз», «алиготе», «молдаван» сорттары бұл жерге жақсы бейімделіп, мол түсім береді. Әйтеуір, қарап жатқанша, маған үлкен ермек. Таңертең тұрғаннан соң, осы бау-бақшамен айналысам. Жеңгең Минаш Сағымбаева да зейнетте. Мына есіктің алдындағы жайқалған гүлдер – осы кісінің еңбегінің жемісі.
Шынында да, бұл үйді гүлге көмкерілген десе де болады. Минаш апай олармен таныстыра бастады:
– Мына тұрған майорчики, роза, пион гүлдері бұл жерге жақсы өседі. Ағаң жеміс-жидектерімен айналысып жатқанда, мен гүлдерді баптауға кірісемін, – дейді ол кісі.
Өзі де ұстаз болған Минаш Сағымбаева Сейітхан ағамыздың жүзім өсірудегі шеберлігіне тәнті екенін жасырмайды. Ағамыздың бұдан өзге де «ермектері» жетерлік екен. Шахмат ойынын тәп-тәуір ойнайтын ол осы өңірдегі мықты деген шахматшыларды ұтып кететін көрінеді. Оны айтасыз, ағамыз кезінде Мәлік Ғабдуллинмен де шахматтың шаршы тақтасында кездескен көрінеді.
– Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында оқыдым. Бір күні шахматтан жарыс болып, мен бас жүлдені ұтып алдым. Студенттердің қуанышында шек жоқ, жора-жолдастарымыздың ортасында тұр едім, бір жігіт келіп танысты. Өзі де шахмат ойнайтын Мерлен деген ағамыз екен, өзі Мақаншыдан болып шықты. Сол кісі мені жетелегендей Мәлік Ғабдуллинге алып келді. Өзі ғалым, өзі батыр, атағынан ат үркетін Мәлік ағамыз жатақхананың №21 бөлмесінде студенттермен әңгімелесіп отыр екен. Стол үстінде ашық жатқан темекісінен сұраусыз алып тартып жүрген студенттерге таңдана қарап мен отырмын. Екеуіміз екі партия шахмат ойнап, ұят болғанда, екеуінде де мен басым түстім. Келесі жылы ол кісі бізге «Ауыз әдебиеті» пәнінен дәріс оқыды. Алғаш аудиторияға кіріп келгенде, маған қарап:
– Әй, мен сені қайдан көрдім? – деп сұрады да, мен жауап бергенше:
– Ә-ә, шахматист! – деп ризалық кейіп танытты. Сол күннен бастап мен ұстаздың ең жақсы көретін шәкіртіне айналдым десем, өтірік айтпаспын. Ал мені Мәлік Ғабдуллинмен таныстырып, шахмат ойнатқан Мерлен Тұраров ағамыз осы Мақаншы аудандық газетінде ұзақ жыл редактор болды. Қазір зейнеткерлікте.

47 жыл ұстаздық еткен

Сейітхан аға мен Минаш апай жоғарыда айтқанымыздай, ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет еткен. Сейітхан аға Жарбұлақ, Барлық-Арасан, Мақаншы мектептерінде директор болған. Айтпақшы, ол кісі Барлық-Арасан орта мектебіне Мәлік Ғабдуллин есімін бергізуге мұрындық болған жан. Екеуі де «Оқу-ағарту ісінің үздігі». Ағамыз Сейітхан Сағымбай – Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері. Минаш апай да – он саусағынан өнер тамған жан. Тоқсаныншы жылдары Семей қаласында өткен «Алтын қолды әйел», аудан орталығында болған «Ене мен келін» атты сайыстарда бас жүлдені жеңіп алған. Бір сөзбен айтқанда, қадірменді қариялар өз еңбектерімен ел құрметіне бөленіп отырған адамдар. Қос ұстаздың тұңғыш ұлдары Ғазиз Сағымбаев Қызылорда қаласында әскери қызметте болса, одан кейінгі Айнұр Сейітхан – Кембридж университетінің докторанты, техника ғылымдарының докторы. Гүлнұр Сағымбаева – Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ұстазы, педагогика ғылымдарының кандидаты. Немерелері Ғалия Сейітхан – Семейдегі Шәкерім атындағы университетте ағылшын, қытай тілдерінің маманы. Райымбек – шекара академиясының курсанты. Батырбек – бокстан Қызылорда қаласының чемпионы. Әйгерім Кембриджде 10 сынып оқыса, Ұлықбек – Астанада 9 сынып оқушысы. Сөйтіп, Сейітхан аға 47 жыл, Минаш апай 35 жыл ұстаздық етіп, қазір Бекет ауылында жүзім, жеміс-жидек өсіріп, ұрпақ қамын ойлап жүріп жатыр.

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button