
Өңірде 37 мыңнан астам жасөспірім мен әйел коронавирусқа қарсы екпе алды. Қарашаның үшінші онкүндігінде облыста жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакцинациялау науқаны басталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың осы санатын «Pfizer» компаниясының вакцинасымен вакцинациялауды ұсынғаны белгілі.
Бүгінгі таңда Израиль, Франция, Италия, Испания, Германия, Бразилия, Қытай, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ, Аргентина сияқты көптеген дамыған елдердің билігі балаларға КВИ-ға қарсы вакцина салу науқанын қолға алғанын айта кеткен орынды.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері өңірдің эпидемиялогиялық ахуалына тоқталып, аймақтағы жасөспірімдерді иммундау процедурасының қалай өтіп жатқаны туралы айтып берді.
Ведомство басшысының орынбасары Ғалымбек Алиннің берген мәліметтеріне сүйенсек, коронавирус инфекциясының пандемиясы басталғаннан бері облысымызда тіркелген науқастардың жалпы саны – 49893 адам, олардың 39447-сі ауру белгілерімен (симптоммен), 10446-сы ауру белгілерінсіз (симптомсыз) ауырған. Соңғы тәулікте 25 жағдай тіркеліп отыр. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес облыс 8 қарашадан бастап «жасыл» аймақта. Коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың күнделікті тіркелуінің төмендегені байқалады, репродуктивті сан бүгінгі күні күрт азайған. 9 желтоқсанда облыс бойынша репродуктивті санның орташа мәні 0,991-ді құрады.
Ғалымбек Жақсыбекұлының айтуынша, 9 желтоқсандағы мәлімет бойынша облыста 907 533 тұрғын коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін салғызса, екінші компонентпен 895 462 адам егілді. Қазіргі уақытта «Pfizer» вакцинасының бірінші компонентін 37 700-ден астам адам салғызды, оның ішінде 34,5 мың жасөспірім, 700-ден астам жүкті әйел, 2,5 мыңға жуық бала емізетін әйел бар.
Спикер вакцина салмас бұрын дәрігерлер пациенттің денсаулығын тексеріп, дене температурасын, сатурациясы мен қан қысымын өлшейтінін еске салды. Егер пациентте қандай да бір клиникалық бұзылулар байқалса немесе қарсы көрсетілімдері болса, мысалы, әсер етуші затқа немесе вакцинаның кез келген компоненттеріне аллергиясы болса, не жасы 12-ге жетпесе, жүктілік мерзімі 16 аптадан кем болса немесе анамнезінде полиэтиленглюкольға ауыр аллергиялық реакциялар болса, ондай адамдарға вакцина салуға рұқсат берілмейді.
Жасөспірімдерді ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімі болғанда ғана вакцинациялайды.
Өңірде вакцинация 253 егу пунктінде жүргізіледі. Олардың бірі Өскемендегі ана мен бала орталығында орналасқан. Мұнда 12-17 жас аралығындағы 250-ден астам бала екпе алды. Дәрігерлердің өзі вакцинацияның маңыздылығын түсінеді және пациенттеріне иммундау процедурасынан өтуге кеңес беріп қана қоймай, отбасыларын вирустан қорғайды. Жақында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина өз баласын ана мен бала орталығында егуге келісім берді.
– Менің кіші ұлым 12 жаста. Мен эпидемиолог-дәрігер ретінде кез келген инфекциялық аурудың алдын алудың жалғыз тиімді әдісі – вакцинация және карантин шарттарын, шектеу шараларын қатаң сақтау болып табылатынын түсінемін, сондықтан ұлымды егуге келісім бердім. Ешқандай күмән жоқ. Менің ересек екі балам да екпе алды. Жағымсыз әсерлер немесе жағымсыз реакциялар болған жоқ, – деп атап өтті Сәуле Сләмғазина.
Ана мен бала орталығының эпидемиолог-иммунологы Иван Мещеряков вакцинациядан кейін әлсіздік, дене қалтырауы немесе бас ауруы сияқты жеңіл жанама реакциялар болуы мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар ине салған жер бірнеше күн бойы ауыруы мүмкін.
– Вакцинациядан кейін 72 сағаттан кейін барлық белгілер жоғалады. Реакциялар болуы әбден ықтимал және бұл вакцинаны енгізуге иммунитеттің реакциясы екенін білдіреді. Егер температура 39 градусқа жетпесе, онда ешқандай дәрі-дәрмектерді ішіп керегі жоқ. Егер кенеттен ауырсыну белгілері пайда болса, оларды ауырсынуды басатын дәрілермен тоқтатуға болады. Сонымен қатар вакцина салғаннан кейін жасөспірімдер 30 минут дәрігерлердің бақылауында болады, сондай-ақ алғашқы үш күн ішінде вакцинацияланғандарға қоңырау шалып, денсаулықтарын біліп тұрамыз, – деді Иван Мещеряков.
Айта кетейік, жарық түспес үшін вакцина түпнұсқа қаптамада сақталады. Ашылмаған мұздатылған құтыларды – 90-60 градусқа дейінгі температурада тоғыз ай бойы сақтауға болады. Елге жеткізілген кезде препарат алдымен сақтау үшін ірі қоймаларға орналастырылады, содан кейін температура режимін сақтай отырып, оны медициналық ұйымдарға таратады. Вакцинаны сақтау +2+8 градусқа дейінгі температуралық режимге ауысқан кезде оны 31 күн сақтауға болады. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті деректері бойынша, бүгінгі күні облыстың барлық мекемелерінде вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтар жеткілікті. Вакцинаны сақтау, тасымалдау және пайдалану мәселелеріне жауапты барлық тұлғаларға электр энергиясы ажыратылған жағдайда қандай шұғыл әрекеттер жасау қажеттігі түсіндірілген.