Миллиондарды үлестіріп жатыр
Биыл Аягөз ауданында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатына 291 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған екен. Жоспарға сәйкес, 100 қатысушы мемлекеттік грант алып, бизнес-идеяларын жүзеге асырмақ. Бұл – 58,3 миллион теңге.
Айта кетейік, бағдарламаның екінші бағытында бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған жаңа механизм ретінде ақысыз негізде көпбалалы отбасыларға, жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға 200 айлық есептік көрсеткіш (583 400 теңге) мөлшерінде мемлекеттік гранттар беру жоспарланған.
Бүгінде Аягөз ауданында аталмыш бағыт бойынша 396 адам өтініш білдіріп отыр. Есепті жылдың бірінші тоқсанында мұндай грантқа 30 адам ие болған. Оның ішінде 18 (атаулы әлеуметтік көмек алушы 17 адам) көпбалалы отбасы, екі мүмкіндігі шектеулі жан, екі 29 жасқа дейінгі жас, сондай-ақ сегіз жұмыссыз адам бар.
Ал ағымдағы жылы мемлекеттік грантты тағы 100 адам алады деп жоспарлануда.
Сәрсен Қабылым