
Миллион, миллион, миллион гүл қайда десеңіз, Өскеменге жол тартыңыз. Себебі биыл шаһарға жарты миллион гүл егіледі. Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Коммуналдық қызметкерлер Арбат бойын, саябақтарды, алаңдар мен қала көшелерін безендіруді бастап кеткен. Жұмыс әлі жалғасуда. Көздің жауын алатын гүлдер бір жылдық және көпжылдық.
– Мердігер компаниямен келісімшарт жасалып қойған. Қазіргі таңда көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен Арбат, Жеңіс даңғылы, Карбышев көшесінің бойында гүлдер жайқалып өсіп тұр. Сондай-ақ гүлдерді суару жүйелерін қалпына келтірдік. Қала тұрғындары мен меймандарына осы бір әсемдік ерекше көңіл-күй сыйлайтынына сенеміз, – дейді қала әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.
Айта кетейік гүлзарларды жергілікті «Озеленитель» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дайындап берген.