Қоғам

Миржан «Терминатордың» тас-талқанын шығарды

      Миржан «Терминатордың» тас-талқанын шығарды

Ресейдің Челябинск қаласының мерейтойына орай «Челябинск-280» атты жекпе-жек түрлерінен халықаралық гала-шоу өтті. Шоуда ММА тұжырымдары бойынша кәсіпқой және әуесқой бокстан, тай боксы мен кикбокстан (К1 тұжырымында) Ресей, АҚШ, Германия, Филиппин, Никарагуа спортшылары бақ сынасты. Сегіз мыңнан артық жанкүйер тамашалаған жеті сағаттық жарыста Қазақстан спортшысының мерейі үстем болды.

      Миржан «Терминатордың» тас-талқанын шығарды

Осы кештің ең басты спорттық кездесулерінің бірі — кәсіпқой бокстан WBC Asian Silver тұжырымы бойынша 10 раундтан тұратын 59 келі салмақтағы қазақстандық Миржан Жақсылықов пен «Терминатор» деген лақап атымен танымал филиппиндік Римар Метуда (Мамбажао қаласы) арасындағы жекпе-жек болды.
Кәсіпқой бокста ел абыройын асқақтатқан, ұлт намысын ту қылып көтерген Миржан 11-ші жеңісіне қол жеткізді. Оқу-жаттығу жиындарын Америкадада өткізбесе де, Аягөз бокс залында шеберлігін шыңдап келеді.
Аягөздің тумасы, жасындай жарқылдаған жасөспірімнің талантын таныған Дулатбек Ғазизов Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебіне шақыртып алады. Кейіннен жастар арасындағы ұлттық құрамада жаттығады.Ал белгілі бапкер Қайрат Сәтжановтан спорт әліппесін үйренген Миржанның алғашқы жекпе-жектері 1997 жылы басталған. Әуесқой жасөспірімдер арасында 2001 жылы Баку қаласында өткен Әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанады. 2001, 2002, 2003, 2004 жылдары әртүрлі салмақта елімізде еш қарсылас шақ келтірмей Қазақстан Республикасының чемпионы болады.

      Миржан «Терминатордың» тас-талқанын шығарды

Бабы толысқанның бағы келіспей жататын спорттық ғұмырда Миржанның алдында да тосқауыл аз болмады. Дегенмен, қайраты тасып толысқан жастың жігерін көрген жерлесіміз, белгілі жаттықтырушы Рахат Ахмадиевтің ағалық қамқорлығымен белгілі боксшы Марат Мәзімбаевпен танысып, кәсіпқой бокс рингіне жол тартты. 2009 жылы кәсіпқой бокстан ПАБО тұжырымы бойынша Алматыда өткен Азия біріншілігінде 11 раундқа жоспарланған жекпе-жекте қарсыласын қуып жүріп сабаған Миржан жетінші раундта айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал 2010 жылдың 6 наурызында АҚШ-та мексикалық Алау де Гонзалеспен алты раундқа жоспарланған рейтингілік жекпе-жек қорытындысы да жеңіспен аяқталды. Әкесі мұхиттың арғы жағында ел намысын қорғап жатқан күні әйелі өмірге сәби әкеліп, анасы немересінің есімін Жеңіс деп қояды.
Үлкен қаланың у-шу тірлігі қажытып, туған жерге деген сағыныш, қазақ спортына небір мықтыларды сыйлаған өскен өңіріне барып шәкірт тәрбиелесем деген арман жетегімен Аягөзге келеді.Сөйтіп, 2010 жылдың желтоқсанынан Аягөз спорт мектебінің бокс бөлімінің жаттықтырушысы қызметіне кіріседі. Шәкірттері түрлі жарыстарға қатысып, облыс орталығынан ашылған дарынды балаларға арналған спорт мектебіне түседі.
2008-2010 жылдары кәсіпқой бокста тоғыз кездесу өткізіп, оның төртеуін нокаутпен ұтып, еш жеңіліс көрмеген спортшыға ауық-ауық шақыртулар да келіп тұрады. Алайда, алғашқы жылдары бар ынта-жігерін тәлім алушыларына арнаған ол оған көңіл аудара қоймады.2015 жылдың желтоқсанының соңында тәжікстандық Шавхат Рахимовқа қарсы шақырту алып, аз уақыт дайындықтан соң, Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен рейтингілік кездесуде қарсыласына жол береді.

      Миржан «Терминатордың» тас-талқанын шығарды

Осы жолғы жекпе-жекте спорт сарапшыларының көпшілігі WBF Asia Pasific тұжырымы бойынша белбеуді өткен жылдың қыркүйегінде жеңіп алған, қазірге дейін өткізген 10 кездесуінде еш жеңіліс көрмеген 22 жасар филиппиндік Римар Метуданың айы оңынан туады деп топшылаған еді. Жартылай жеңіл салмақта бірінші нөмірмен бокстасып, солақай соққысымен талайды сұлатқан филиппиндік «Терминатор» өзінен едәуір үлкен, әрі алты жыл үлкен рингке шықпаған, жыл басында алты раундттық кездесуде жеңіліс көрген қазақстандықты ұтады деген пікір болған. Алайда, атақты Мени Пакиаоның жерлесі Метуда рингтің бесінші бұрышын іздеп кетті. 10 раунд қорытындысы есебінде қазылар бірауыздан Миржанды жеңімпаз деп таныды.
– Бел шешіп сынға түскен соң, ұтылып қалсаң ұят қой. Алдыңғы кездесудегі сәтсіздіктен соң қателіктеріммен жасаған жұмыс нәтижесін берді,- дейді Миржан Жақсылықов. – Алғашқы бапкерім Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, облыс бойынша аға бапкер Қайрат Сәтжанов ағамыздың қамқорлығы, Аягөз спорт мектебінің директоры Еркін Юсупов ағамыздың ыстық ықыласы, арқа тұтар ағам, белгілі бапкер Биқасым Төлендинов, әріптестерім С.Утепов, Е.Бекишов, Қ.Бөлеков, Б.Ахыбаевтың қолдаулары үлкен қуат берді. Сондай-ақ, көптеген достарым мен ардақ тұтар ағаларымның сенімдері жеңіске жетеледі. Бапкер ретінде де, спортшы ретінде де жарыстарға қатысу үшін қолдау күтіп алдарына барғанда, үлкен азаматтықпен демеушілігін аямайтын азаматтарға да ризашылығым шексіз.
Алғаш Аягөзге келіп, бапкерлік жұмысқа кіріскенде, ескі залда дайындық жүргізетінбіз. Кейіннен Қазақстан Республикасының тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов ағамыз салып берген заман талабына сай жаңа бокс залы осы спорт түріне ықылас қойғандардың дайындалуына мол мүмкіндіктер берді. Болашақ ел мақтаныштарын даярлайтын жақсы ғимарат салып бергені үшін ағамызға үлкен рахмет!
Спорт — өмірдің үлкен бәйгесі, онда түрлі жағдайлар орын алады. Жүйкеге салмақ түсіретін сәттер де аз емес. Біздің ойымызша, Миржан жаратылысынан спортшы болып туғандай. Ол рингке көтерілгенде, тақымын қысқан көрермендер де шаршы алаң төрінде жүргендей сезінеді. Ол қарсыласына соққы жасаған сәттерде отырған адам орнынан тұрып кетеді. Көрерменін соншалықты баурап алатын мұндай қасиет көп спортшының бойынан табыла бермейтін қасиет.
Миржан Алматы мен Астананың спорт клубтарына бармай-ақ, Аягөз спорт мектебінің қарапайым жағдайында, өз замандас әріптестерімен бірге жүріп-ақ чемпион атануға болатынын дәлелдеп берді.

Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button