Тасада жүрген таланттың бақжұлдызы бір-ақ сәтте жарқ етерін өзі де ойламады-ау. Ал ауылдан келген мұғалім музыка әлемінің биігін бағындырады деп байқауды ұйымдастырушылар да бағамдамаса керек. Олай деуіміздің себебі – жерлесіміз Мирас Ерболов жүзден жүйрік шығып, «Х-Factor» жобасының жеңімпазы атанып, айды аспанға шығарды.
Көпке танымал «Х-Factor» байқауының ІХ маусымына Шығыс Қазақстан облысы атынан қатысқан жерлесіміз Катонқарағай ауданы, Үлкен Нарын ауылында мұғалім болып қызмет істейді. Ол әуелгіде топ жарып, талантымен төрешілерді тәнті еткен болатын. Тіпті, жарқ еткен жас әнші халықтың да жүрегінен орын алып үлгерді. Алайда мәреге жақын қалғанда жолдамадан қағылып, өнерсүйер жұртты өкініште қалдырды. Бірақ талантты танып, өнерді бағалай білетін халықтың бірауыздан дауыс беруінің нәтижесінде жас өнерпаз қайтадан қатарға қосылған еді. Осыдан кейін ол халықтың сенімін ақтауға тырысып, бар ынта-жігерін салды. Өзінің талант екенін танытып, дүйім жұрттың алдында дәлелдеп берді. Нәтижесінде ел сенімінен шығып, өнерімен өрге жүзген әнші «Х-Factor» байқауының жеңімпазы атанып, жерлестерін қуантып тастады.
– Мен халықтың қолдауының арқасында жеңіске жеттім. Әнге әуес болсам да, сөзге шешен емеспін. Сондықтан тілегімді шын жүректен шыққан ықылас, ниет деп біліңіздер. Мені қолдаған халқыма және жоба ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, – деді ән байқауының жеңімпазы Мирас Ерболов.
Әншіге жерлестері де, әнсүйер тыңдармандар да ерекше қолдау көрсетті. Әрбір тыңдарман әлеуметтік желі арқылы жұртты қолдау көрсетуге шақырып, жылы-жылы лебіздерін жазды.
– Мирастың сахна үшін жаралған өнерпаз екеніне көздеріңіз жетті деп ойлаймын. Сіздердің қолдауларыңыздың өте-мөте керек уақыты келді. Əрбір жіберген дауыстарыңыз жақсылық боп оралсын,– деп жазды желі қолданушысы Еркежан Қалиақпарова.
Осылайша, ауылдан барған жас мұғалім жүлдеге тігілген 5 миллион теңгені қанжығалап, музыка әлемінің биігін бағындырып қайтты. Мұғалім деген мәртебесіне әнші деген атақты қосып алған өнерпазға сәттілік тілейміз!
Алтай Ғали-Асқар