Мираның әшекейлеріне қызығатын әйелдер көп

Әйелдер қауымының жарқ-жұрқ еткен әшекей бұйымдарына әуес келетіні белгілі. Мұны әйелдің әлсіздігі десеңіз де, сұлулыққа құштарлығы десеңіз де нәзік жаратылыс иесінің табиғатына жарасымды қасиет екені сөзсіз. Ал өскемендік қолөнер шебері Мира Белгібаеваның қолынан шыққан сутажды әшекейлерді көргенде, тіпті әсемдік әлеміне еніп кеткендей әсерде боласыз. Оның қолынан шыққан әрбір әшекейді кәдімгі өнер туындысы десек қателеспейміз.
Өзінің айтуынша, Мира қолөнерге жастайынан бейім болып өсіпті. Күршім ауданының Қаратоғай ауылында дүниеге келген ол мектепте оқып жүргенде-ақ өзіне киім де тігіп, әшекейлер жасап алады екен.
– Бір жыл бұрын сутаждан жасалған әшекейлерді қолыма ұстап көрдім де, бұл өнер түріне қатты қызығушылығым оянды. Сөйтіп, ғаламтор арқылы осы өнердің барлық қыр-сырымен таныстым, бейне сабақтарды көрдім. «Сутаж» деген іс жасауға арналған жалпақ және жіңішке, түрлі-түсті жібек бау. Алдымен қағазға әшекейдің нобайын бейнелеп аласың. Осы сутаж тәсілімен алқа, білезік, сырға, тұмарша, брошь, т.б. әшекейлер жасауға болады. Өзіме сутаж әшекейлері өте әдемі және қымбат көрінеді, – дейді Мира.
Әрине, әшекей жасау шеберден талғам мен шыдамдылықты қажет етеді. Десе де, Мира «әшекей жасап отырғанда шаршамаймын, қайта тынығып қаламын. Өйткені өзіме қатты ұнайды» дейді. Қазір қыз-келіншектер арасында сутаж әшекейлері жоғары сұранысқа ие. Мира үшін бұл әшекей жасау бір жағынан бос уақытында айналысатын хоббиі болса, әрі қосымша табыс көзі.

Әшекейлерім әдемі болып шыққанда, тезірек одан да әдемісін жасап шығарсам деп құлшынамын. Менің әшекейлерімді тағып жүрген қыз-келіншектерді көргенде, ерекше бір сезімді бастан кешемін. Бұл өнер әрі қарай жаңа ізденістерге қанаттандырады. Қыз-келіншектерге әдемілік сыйлағаныма қуанамын, – дейді ол.
Биыл Өскемендегі Космический көшесі, 10 мекенжайында орналасқан үйде қолөнер шеберлерінің жұмыстарын сататын дүкен ашылды. Мұнда біздің кейіпкеріміз Мираның да жұмыстары қойылыпты. Сонымен қатар ол инстаграм парақшасы арқылы да тапсырыс қабылдайды екен.
Мира қазір Өскемен қаласының тұрғыны. Аяулы жар, ардақты ана. 2009 жылы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды «туризм» мамандығы бойынша тәмамдаған ол қазіргі күні екінші жоғары оқу орнында экономика мамандығы бойынша білімін жалғастыруда.
¬ – Қыздарымыз бұл өнер түрін үйреніп алса, артық болмайды. Өз қалауымен әшекей жасап алуға да, әрі қосымша табыс табуға да болады. Тек қана талпыныс пен шыдамдылық керек, – дейді Мира Белгібаева.
Мейрамтай Иманғали