Минералды тыңайтқыштардың барлық түрі сатып алынды – ШҚО
Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда минералды тыңайтқыштарды енгізу өте маңызды.
ШҚО-да биыл топырақ құнарлылығын арттыру үшін өңірдің шаруашылықтары егістікке қажетті минералды тыңайтқыштардың барлық түрін керекті мөлшерде сатып алған, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарында пайдаланылған тұқымдық материалдар барлық сапалық көрсеткіштерге тексеріліп, тұқымдардың жүз пайыз жарамды екендігі анықталған. Оған қоса, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін шаруашылықтарға қажетті трактор, егіс және топырақ өңдеу техникасы тартылды.
– Көктемгі дала жұмыстарының белгіленген көлемін орындау үшін еліміздің Энергетика министрлігі зауыттан литріне 186 теңге босату бағасы бойынша Павлодар мұнай өңдеу зауытынан 20 мың тонна дизель отынын бөлді. Сонымен қатар, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуді қолдау үшін биыл облыстық бюджеттен төрт миллиард теңгеден астам мөлшерде субсидия бөлініп, ол тұқым шаруашылығын қолдауға, минералды тыңайтқыштардың, пестицидтердің бағасын арзандатуға және суару суын жеткізу бойынша қызметтерді субсидиялауға бағытталды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы дейді Рамиль Сағандықов.
Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін «Кең дала», «Агробизнес» бағдарламалары бойынша 2 млрд. теңге беріліпті.
Осылайша, көктемгі дала жұмыстарын іске асыру барысына жүргізілген талдау жалпы жоспарланған бірқатар жұмыстың сапалы әрі тиісті агротехникалық мерзімде орындалғанын көрсеткен.