Қоғам

Міндетін мінсіз атқарады

     Қазақстан полициясының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Бейбіт күнде қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін полицейлердің жұмысы жеңіл емес. Бүкіл жұмысы ел-жұрттың көз алдында бол­ғандықтан, сынға да ілігіп, көптің алғы­сын да арқалап жүргендер – осы кісілер.  Соның ішінде еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіндегі пробация қызметінің де атқаратын рөлі жоғары.

Бүгінгі кейіпкеріміз әділет майоры –  Эльвира Манарбекқызы Қалымбекова. Ол бүгінде облыс бойыншы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Тарбағатай аудандық №2 пробация қызметінің бастығы болып жемісті еңбек етуде.

Алдымен «пробация» деген не? Осыны түсініп алсақ. Латын тілінен аударғанда «сынау» деген мағынаны білдіреді екен. «Бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу – пробация қызметкерлерінің міндеті. Адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың барлығын орындауы керек. Осылайша, білместікпен жаза басқан жандар болса, оларды түзеу мекемесіне отырғызбай, қайта тәрбиеленуіне, қоғамнан өз  орнын табуына мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелері болса шешуге ықпал жасайды», – дейді Эльвира Манарбекқызы.

    Расымен, шартты түрде сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп, білім алуына, кәсіп түрлерін игеруіне, жұмысқа орналасуына, емделуіне және құқықтық кеңестермен қамтамасыз етілуіне көмек көрсетіп отырған Тарбағатай аудандық №2 пробация қызметінің жұмысын қоғамға ең керекті әрі пайдалы іс деп айтуға болар.

Эльвира Манарбекқызы – нәзік жанды болса да, ішкі істер саласының ыстық-суығына төзе білетін, жүгі ауыр саланың міндеттерін жауапкершілікпен көтеретін, қызметтік бо­рыш­ына берік кәсіби маман. 1983 жылы Ақжар ауылында туған ол Тұғыл ауылындағы Т.Рысқұлов мектебін бітіреді. Бала кезінен әскери салаға қызыққан. Сол мақсатының жетегімен 2004 жылы Өскемендегі Қазақ-Американ еркін университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдайды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «психология» мамандығын да игерген. 2007-2013 жылдары облыстық мамандандырылған күзет қызмет басқармасының жеке полиция батальонының полицейі, қызмет инспекторы және кадр бөлімінің инспекторы лауазымдарын абыроймен атқарады. Ал  2013 жылдан 2018 жылға дейін Тарбағатай аудандық №2 пробация қызметінің инспекторы, аға инспекторы болады.

Эльвира таңдаған жолынан ешқашан тайған емес, себебі бұл қиындық пен қауіпке толы болса да жұмысын жақсы көреді. Сол үшін де бар ықыласымен еңбек етеді. Міне, нәтижесінде 2018 жылдың қаңтарынан бері Тарбағатай аудандық №2 пробация қызметінің бастығы болып, міндетін мінсіз атқаруда.  Елеулі еңбегіне орай, Тарбағатай ауданы әкімінің, аудандық полиция бөлімі бастығының, облыс бойынша ҚАЖ департаменті бастығының, Ішкі істер министрінің Алғыс хаттарына ие болған.

Эльвира жұмыста талапшыл басшы болса да, мейірімді отанасы, отбасының ұйытқысы. Жолдасы Рауан Асенов да ішкі істер саласының зейнеткері. Бүгінде айрандай ұйыған шаңырақ үш ұл тәрбиелеп өсіруде.        

    Жалпы, Тарбағатай аудандық №2 пробация қызметінің мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, әлеуметтік-құқықтық, заңгерлік, медициналық, психологиялық көмектер көрсетуінің нәтижесінде пробациялық бақылаудан соң қайта сотты болғандар жоқтың қасы. Олар өздерін қоғамға қажет екенін түсініп, түзеліп, қоғамның бір бөлшегіне айналуда.

«Болашағымды басқа саламен байланыстыра алмайтын сияқтымын. Құқық қорғау саласы – менің өмірлік таңдауым» деген Эльвираға уақытпен санаспай істеп жүрген кәсіби қызметіне біз де өрлеу мен толайым табыстар тіледік.

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ.

Осы айдарда

Back to top button