Мичурин көшесі неге жөнделмей жатыр?

Семейдегі Мичурин көшесін жөндеу жұмысы кестеден қалып қалған. Жөндеу барысында технологиялық қателіктер жіберілген.
Мичурин көшесі Ресей еліне шығатын маңызы бар жол. 2014 жылдан бастап жөнделеді деп уәде етілген. Жаңадан салынған жедел медициналық жәрдем ауруханасының тұсындағы төрт жолақты жол кішірейіп кеткендіктен, жедел жәрдем көлігі осы жерден өткен кезде қиындықтар туады. Биыл Мичурин көшесін жөндеуге 451 млн. теңге бюджеттен бөлініп, жұмыс қайта басталады. Жоба бойынша асфальтты беткейді жабу үш деңгейлі түрде орындалу керек.
-Кесте бойынша Мичурин көшесін 2018 жылы 1 қазанда тапсыруымыз керек,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов, – көшенің шетінде Қазақтелеком кабелі босқа тұр. Мұны алып тастау керек. Жобалау кезінде қателік жіберілген. Жобаға кабельдер кіргізілмеген. Сондықтан істі қайта қолға алған кезде, қала бюджетінен осы кабель үшін тағы да ақша бөлуге тура келді.
Жұмыс сапасына келсек, осы Мичурин көшесінің 500 метрлік тұсында технологиялық ақаулар жіберілген. Мердігерлер бұл ақауларды жөндейміз деп отыр. Шығынды да өз мойнымызға аламыз дейді. Бұл жерде асфальт бетонның үш түрлі жабыны бар. Қалыңдатылған төсемдер.
«Семей жолдары» ЖШС-нің мердігері өз ісіне салғырт қарап отыр. Жұмыс кестесі қазанның 1-іне дейін деп белгіленсе де, жұмыс мүлде кешеуілдеді. Бұл ЖШС-нің жұмысын қатаң назарға аламыз. Олардың айтуынша, асфальт беткейлерін жабатын, жол жөндейтін мамандар жоқ боп отыр, содан кешігіп жатыр екен. Осы көшенің бойынан ескі ағаштарды кесіп тастап, 10 000 көшет отырғызамыз деп те уәде берген, – дейді Семей қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы Нұрлан Серғазинов.
Раушан Нұғманбекова
Семей.