Руханият

Мұхтар Мағауиннің сыныптасы

Мұхтар Мағауиннің сыныптасы


Шалғай Шұбартаудың түкпіріндегі Мәдениет (Көктал) ауылы – аудан орталығынан жырақта жатқан ырысы мол, ынтымағы жарасқан елді мекен. Ауыл әкімі Бауыржан Мұқашев бізді ұлты украин, жасы 77-ге келген ақсақалмен таныстырды. Әкімнің емен есігінен аттаған жанның жүзі жел мен күнге әбден тотыққандықтан қарақошқылданып, көкшіл көздерінен жылылық шуағы төгіліп тұрды. Үлкен кісі болғандықтан, ауыл әкімінің кабинетінде отырған біздер ұшып тұра келіп, орысша жарыса амандасқан «Здравствуйтемізге» «Амансыңдар ма, жігіттер!» деп күлімсірей тіл қатты. Ауылдың ардагер ағасымен қалай әңгімелесер екенбіз деп дүдәмал ойда отырған біздер ақсақалдың қазақша амандасқанына, шыны керек, әжептәуір қуанып, марқайып қалдық. Сосын көп сөзі жоқ, томаға-тұйықтау қартты шым-шымдап әңгімеге тарттық…

Осында өмір бойы тұрып келе жатқан ағамыз заманында майталман механизатор болған екен. Өзі «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері, ауылдың қадірменді қарттарының бірі көрінеді.

– Аға, бұл жаққа қайдан келдіңіз? – деген сауалымызға ақырын ғана жымиып:

– Украинадан үш жасымда анам Мария Ивановна Головковамен осы өлкеге келіп қоныстаныппыз, – деді.
– Орысшаңыз қалай? – деген сауалымызға:

– Бұл жақта славян ұлты болмайды ғой. Жүз пайыз қазақтар. Барлық өмірім осы қазақтардың арасында өтіп келеді. Бәрімен құдандалы, ағайын-туыс, жегжат, бауыр, туыстас болып кеттік қой. Тірі орыс көрмесем, орысшаны қайдан білейін. Әйтеуір, нан сұрап жерлік қана шамам бар, – дейді бір кездегі орденді механизатор, бүгінде ел сыйлаған ардагер Владимир Броткин.

Соғыс жылдары осы өлкеге табандары тиісімен алдымен көршілес Бидайық (Сарықамыс) ауылында 6 ай тұрып, кейін осы Көкталға қоныс аударған Броткиндер отбасы қиыншылықты да бір кісідей көрді. Мұнда шиеттей екі сәбиді – інісі Иван мен Владимирды асырау үшін анасы Мария совхозда бұзаушы, сауыншы болып еңбек етті. Қонақжай да бауырмал қазақ халқы Днепр бойынан ауып келген Броткиндер отбасын жатырқамай ортасына қосып алды. Бір үзім наны болса, бөлісіп жеді. Ал әкесі Иван Броткин сәби Володяның есінде мүлде қалмаған. Өйткені, балалық шағы бір буалдыр сағым ішіндегі елестей бұлдырайды. Жеті жылдық мектепті осындағы Орджоникидзе атындағы негізгі мектепте бітіріп, қалғанын сол тұстағы аудан орталығы Баршатас ауылындағы Киров атындағы орта мектепте тәмамдады. Ат жалын тартып мінер жасқа жетіп, азамат атанысымен механизатор мамандығын таңдаған ол «Беларусь», «К-700» тракторын жүргізіп, шаруашылықтың сан салалы жұмысына жегілді. Аянбай еткен еңбек, төгілген тер тегін кетсін бе?!.. Еңбегі еленіп елінің сый-құрметіне бөленді. Алыс ауылдан Валентинадай жар тапты. 14 бала-10 қыз, төрт ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде бәрі де отбасылы, Владимир ақсақалдың өзі немере, шөберелерінің ортасында бақуатты тұрмыс кешуде. 45 жыл механизатор болған В.Броткинның анасы Мария Головкова 70 жыл жасап, осы жерде бақилық болған. Ал қарттың әлі де қайраты қайтпағанын тамырлары білеудей болып сіңірі шыққан қолдары мен нұрлы жанарынан байқауға болатындай.

Қоштасарда ауыл әкімі Бауыржан Мұқашев:

-Бұл кісінің өмірі бір кітапқа арқау боларлықтай тым күрделі де қызықты. Тіршілікте кездесетін қиыншылықтардың бәрін де жеңіп келеді. Айтпақшы, ақсақал белгілі жазушы Мұхтар Мағауин ағамызбен бір сыныпта оқығанын айтты ма?-деді. Біз «Жоқ, ол туралы ләм-мим демеді», деп Владимир Броткинге қарадық.

– Мұхтармен мен Баршатас ауылындағы С.Киров атындағы орта мектепте 9, 10 сыныптарды бірге оқыдым. Ол жасынан сабақты өте жақсы оқыған алғыр, зерек болды. Алға ұмтылып тұратын, бәрімізге өзінің жақсы істерімен үлгі боларлықтай бала болды. Сосын бәріміз де соған қарап талпынып, сабақты да, газет-журналды да оқитынбыз, – дейді Мұхтар Мағауинның сыныптасы Владимир Броткин.

Ал менің есіме жазушының «Бір атаның балалары» деп аталатын соғыс жылдарында депортацияға ұшыраған өзге ұлттың балалары туралы, олардың қиын тағдырлары жайында жазылған повесі келді. Кім білсін, жазушы қазақ ауылына жер аударылып келген балалар: Зигфрид, Нартай, Ертай, Яков образдарына Владимир Броткинның де кейбір мінездерін сіңірген болар. Өйткені, бәрі де сол бір зұлматтың құрбандары еді ғой…

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button