Мәңгілікпен жүздескен суретші

Шығыс Қазақстан Өнер мұражайында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Анатолий Бердюгиннің «Менің тағдырым – Алтай» атты жеке көрмесі ашылды.
Кеңес тұсындағы социалистік реализмді жеңіп, өзіндік жолы мен стилін қалыптастырған суретшінің көрмеде барлығы 85 туындысы ұсынылған. Мұражайдың екі бірдей залына көрік берген суреттерден өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан Тәуелсіз Қазақстан дәуіріне дейінгі кезеңдегі автордың шығармашылық қолтаңбасын байқауға болады.
– Анатолий Бердюгин – жан-жақты адам. Оның әр туындысы сөйлеп тұрады. Суретші – ол актер дегендей, шынымен де, мен бүгін бір актердің монологын оқығандай болдым. Көрмеге келетін адамдардың әрқайсысы өзіне қажетті дүниені алады деген сенімдемін, – деп сөйлеген Өнер мұражайының директоры Бекайым Ұябаева суретшіге кескіндеме, графика, пленэр каталогін сыйға тартты.
Көрменің ашылу салтанатына «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің оқушылары, С.Аманжолов университетінің студенттері, жас суретшілер мен А.Бердюгиннің замандастары қатысты. Жас буын суретшінің шығармашылығы жайлы әртүрлі сұрақ қойып, тәжірибелі маманның ақыл-кеңесін тыңдады.
– Анатолий екеуіміз бұрыннан таныспыз. Бүгінгі көрмеде оның кескіндемелері мен графикасы ұсынылған екен. Алайда оның 70-ші жылдардағы шығармаларынан жарқын көрініс тапқан тағы бір қыры бар, өкінішке қарай, мұражайдан оны көріп тұрғам жоқ. Уақыт өте оның бәрі орнына келеді деген сенімдемін. Анатолий – бүкіл саналы ғұмырын суретке, шығармашылыққа арнаған жан. Ол суреттері арқылы өзінің жан-дүниесімен бөліседі. Мен оған сарқылмайтын шабыт тілеймін, өйткені оның шығармалары жастарға рухани азық сыйлап, тәрбиелейді, – дейді суретші Сергей Шупляк.
Суретшінің үлкен залда, «Жіп», «Менің мәңгілік жағалауым», «Өмірдің жасыл ағашы», «Моншадан кейін», «Үзіліп түскен жапырақтар», «Шың үстіндегі бұлт», «Мәңгілікпен жүздесу» және тағы басқа картиналары қойылған. Сонымен қатар Людмила Пушкарева, Ю.Лебедев сынды замандастарына арналған көркем портреттері тұр. Қонақтарды «Егер тоқтамасақ…» атты экологиялық проблемаларды қаузаған картина да бейжай қалдырмады. Ал кіші залда автордың сүйікті ақын-жазушылары Абай Құнанбайұлы, Евгений Курдаков, Оралхан Бөкей шығармаларының ерекше иллюстрациялары орналасқан.
– Мен сурет арқылы поэзияны сүйдім. Ол дегеніміз әр өлеңге сурет салу емес, кейде өлең жолдарын оқып отырып, көз алдыңа картина келеді. Мысалға, Е.Курдаковтың өлеңінің желісімен «Аспан бағандары» атты картина дүниеге келді. Е.Курдаковпен көрмелердің бірінде танысып, оның өлеңі арқылы поэзияны сүйдім. Мен табиғаттан шабыт аламын. Жерде жатқан қара тастың өзі маған шабыт береді, алайда құр тасты ғана салмайсың, өйткені ол – фотография. Ал суретші оны мүлдем басқалай елестетіп, бөлек жеткізеді, – дейді Анатолий Бердюгин.
«Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім», – деп Әбілхан Қастеев айтпақшы, шабытын Алтайдың әсем табиғатынан алған суретшінің көрмесі мамыр айының 19-ына дейін жалғасатын болады. Көрушілерге есік ашық.
Балауса Қожаева