«Мәңгілік полк» мерекенің мерейін асырды
Биыл Ұлы Жеңіске 71 жыл толып отыр. Ұрыста шейіт болған боздақтар рухына, елге оралып, ұрпақ өсірген майдангерлерге, көзі тірі ардагерлер ерлігіне тағзым еткен өскемендіктер Жеңіс күні мереке алаңына ағылды. Мерекелік акцияға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысты.
Соңғы уақытта дәстүрге айналып келе жатқан «Мәңгілік полк» деп аталатын еске алу акциясы биыл да барынша ауқымды түрде жалғасты. Жыл санап бұқаралық сипат алып келе жатқан шерудің мақсаты – жеңімпаздар рухына құрмет көрсету. Соғыс ардагерлерінің есімін дәріптеп, олардың ерлігін өскелең буынға үлгі ету.
Облыс орталығындағы Е.Славский атындағы Ертіс жағалауымен 10 мыңнан астам адам жүріп өтті. Өзен вокзалынан бастап Стрелкадағы Даңқ мемориалына дейінгі даңғыл жолмен сап түзеген жеңімпаз буын қолдарына аталарының суреттерін ұстаған. Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінің ұрпақтары соғыс құрбандары мен қатысушыларын осылай еске алды. Мерекелік шеруді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ, Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев, соғыс ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері бастап жүрді. Салтанатты шеру қозғалған сайын тұс-тұстан портрет көтере қосылған халықтың да қарасы арта берді. Соғыс уақытының патриоттық әндерін қосыла шырқаған дүйім жұртты сымдай тартылған үрлемелі оркестр сарбаздары музыкамен сүйемелдеген еді.
-Менің атам Мәмілқан Отаршин соғыстан аман-есен оралып, бейбіт күнде озат шопан болып елге еңбегі сіңген адам. Оның жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Еуропаны етігімен жаяу басып өтіп, соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан атамның ерлік ісін қалайша мақтан тұтпаймын. «Мәңгілік полк» шеруі сол ардагерлер есімін мәңгілік жаңғырту деп білемін. Бұдан былай соғыс болмасын, аспанымыз ашық болсын,-дейді ардагер атаның немересі Дидар Отаршин.
Ал өскемендік Берік Рахметқалиев аталмыш акцияға отбасымен жыл сайын қатысып келе жатқандығын айтады.
-Әрине, ерлік ұмытылмауы керек. Соғыс – ол зұлмат. Сол майдан даласынан оралмағандар қаншама десеңізші, менің атам Шайхы Рахметқалиев соғыстан ауыр жараланып қайтқан адам. Соған қарамастан ел қатарлы еңбек етіп, бала-шағасын өсіріп жеткізген. Біз атамызды мақтан тұтамыз,-дейді ол.
Салтанатты топ мәңгілік алау жанына келіп тоқтағанда, аспанға бейбітшілік символы аппақ кептерлер дүр етіп көтерілді. Ардагерлердің құшағы гүлге толды. Даңқ мемориалында қарт жауынгерлерге арналып өлең оқылып, боздақтар рухына бір минут үнсіздік жарияланды.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өзінің құттықтау сөзінде біздің облыстан майданға 180 мыңнан астам адам шақырылып, оның 83 мыңы елге қайта оралмағанын айтты. Сондай-ақ, 109 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алса, 24 шығысқазақстандық жауынгер «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған. Майданда атылған әрбір тоғызыншы оқ біздің қорғасыннан құйылған.
-Ардақты ардагерлер, құрметті шығысқазақстандықтар! Сіздерді осынау маңызды мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Ұлы Отан соғысы – өткен тарихымыздағы тағдырлы да, қасіретті кезең. Өмір мен өлім айқасқан сол бір жылдары біздің аға ұрпақ Отан қорғау жолында көзсіз ерлік пен жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсетті. Біз бүгін Ұлы Жеңіс мерекесін зор қуанышпен қарсы ала отырып, ұрыс даласынан оралмаған майдангерлер рухына тағзым етіп, қаћармандар алдында бас иеміз. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ басшылығымен жүргізіліп отырған сарабдал саясаттың ең басты қағидасы – тұрақтылық пен тыныштық. Біз жеңімпаз батырлардың ұрпағы екенімізді әрқашан мақтан тұтып, олардың ерліктері мен есімдерін мәңгілік есте сақтауға тиіспіз,-деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Келесі болып сөз сөйлеген соғыс ардагері Павел Ященко соғыстың қалай басталғанын есіне алып, 71 жыл бұрын Жеңіс күнін қандай қуанышпен қарсы алғанын тебірене айтты.
-Мен Москва түбіндегі шайқастың бел ортасында болдым, Ленинград қоршауын бұзуға қатыстым. Сол қанды қырғында мерт болған жап-жас замандастарым мен құрдастарымның жарқын бейнелері әлі күнге дейін көз алдымда. Менің ендігі арман-тілегім тек біреу ғана: әлемде соғыс болмасын! Біз қазір бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасында,-деді қарт жауынгер.
Биыл соғыс ардагерлері мен олардың жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік көмектер көрсетіліп жатыр. Мереке қарсаңында соғыс ардагерлері мен мүгедектері Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атынан 500 мың теңге көлемінде сыйақы алды.
Жеңіс күні мейрамы әскери техника көрмесімен және мерекелік концертпен жалғасты. Соғыс ардагерлері мен қала тұрғындары жылдағы дәстүр бойынша әскери ботқадан дәм татты.
Көрмеге түрлі калибрлі артиллериялық зеңбіректерден бастап «полуторка» жүк көліктері, пулемет орнатылған мотоциклдер қойылыпты. Жұртты ең көп қызықтырған соғыс техникаларының бірі – «Катюша» реактивтік минометтері орнатылған әйгілі американдық Studebaker US6 жүк көліктері болды. АҚШ өзінің Ленд-лиз бағдарламасы арқылы 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында КСРО-ны қару-жарақ, оқ-дәрі, стратегиялық шикізат, азық-түлік сияқты тауарлармен қамтамасыз еткені белгілі. Осы мақсатта қызыл әскерге 300 мыңға жуық американдық Studebaker US6 жүк көліктері берілген. Сонымен бірге, ГАЗ-АА, ЗиС-5, ГАЗ-67 сияқты көліктер жұртшылық назарына ұсынылды. «Бипэк Авто-Азия авто» компаниялар тобы ұсынған заманауи көліктер көрмесі де көрермендер көңілінен шықты. Мереке алаңы ән-мен күйге толы болды. Спорттық жарыстар мен асфальтқа сурет салу, жас техниктер көрмесі, Өскемендегі 5518 әскери бөлімінің ұлттық гваррдиясының патриоттық әндері сияқты мерекелік шаралар Жеңіс күнінің мерейін асыра түсті. Сонымен бірге, «Жеңіс рекорды», «Көше гимнастикасы» сияқты спорттық шаралар да мереке көркін аша түсті.
Мұндай дүбірлі мереке бәйгесіз, көкпарсыз өткен бе?! Меновное ауылының маңындағы ипподромда Жеңіс күнінің құрметіне ұлттық ат спорты ойындары маусымы салтанатты түрде ашылды. Ол жердегі ойын көрігі енді қызып жатыр. Атбегілер жыл бойы жаратқан сәйгүліктерін тұмарлап топқа қосты. 5 шақырымдық ұшқыр бәйгеге шашасына шаң жұқпаған жүйріктер жіберілді. Аударыспаққа шыққан апайтөстер 50, 60, 70, 80 келілік салмақта күш сынасты. Ат құлағында ойнаған тақымы мықты жігіттер теңге алып, көкпар ойнаған.
Кеш қоюлана берген тұста Даңқ мемориалында «Өз шырағыңды жақ» акциясы басталды. Қалыптасқан дәстүр бойынша өскемендіктер мәңгі алау жанына майдан даласынан оралмаган жастанған боздақтар рухына арнап 7199 шырақ жақты.
-Ол кісілердің есімдері осы жердегі мәрмар тастарға ойылып жазылған. Ерлердің есімі ешқашан ұмытылмауы керек. Біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз. Біздің ендігі міндетіміз – олардың қанмен қорғап қалған бейбітшілігін сақтап, ұстап тұру,-дейді акцияға қатысушы Өскемен қаласының тұрғыны Арсен Мыңғалиев.
Сахнадан сан түрлі саз төккен жергілікті өнерпаздар қауымы кешкі Үлбі мен Ертіс жағалауын әнге бөледі. Кеш соңы мерекелік отшашуға ұласты.
Семейліктер Ұлы Жеңістің 71 жылдығын орталық алаңда, Жеңіс саябағында және қаланың басқа да көрікті жерлерінде атап өтті. Салтанатты жиынның соңы «Мәңгілік полк» акциясына жалғасты. Шеруге мыңдаған адам қатысты. Олардың көпшілігі Ұлы Отан соғысына қатысқан ата-әжелерінің суреттерін ұстап шықты. Шеру барысында соғыс жылдарындағы әндер шырқалды. Ардагерлерін ардақтай білетін семейліктер Интернационал көшесінің бойымен ұрандатып жүріп өтті. Үлкен көшенің қос қапталында осы мезетте қаланың мектептері мен колледждерінің студенттері шерушілерді қошеметпен қарсы алып, уралап тұрды. Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде қала әкімі Ермак Сәлімов былай деді:
-Бүгін осыдан 71 жыл бұрын елдік пен ерліктің, батылдық пен қаһармандықтың рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеп гүлденуі де осы Жеңіспен тікелей байланысты. Жеңіс күні – бәріміз үшін айрықша қымбат, қасиетті мереке. Бұл тек сол соғыста жеңіске жеткенімізді атап өтетін күн ғана емес. Ол – сол соғыста Жеңісті жақындату үшін жан аямай шайқасып, қан майданнан оралмай, еліміздің берік қорғанындай болып қалған арыстарымызды еске алатын күн. Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытса, Ұлы Жеңіс мерекесі – аға ұрпақтың ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Баянды болашағымыз үшін жанын қиған боздақтар мен соғыс салған жарақаттың салдарынан бейбіт заманда көз жұмғандардың жанқиярлық ерліктерін замандастарымыз бен болашақ ұрпақ мәңгі ұмытпайды.
Қала тұрғындарымен бірге Семейдегі әскери гарнизон бөлімдері мен Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» ерлер лицейінің тәрбиеленушілері де осы «Мәңгілік полк» акциясына қатысты. Барлығы Жеңіс саябағындағы «Мәңгілік отқа» гүл шоқтарын қойып, осы күнге жете алмай кеткен жауынгерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алысты. Соғыстың бел ортасында болған ардагердің бірі Иманғали Қуантқан ақсақал еді. Ол кісі көзіне жас алып, ең алғаш 14-15 жасында соғысқа аттанғанын, Украина, Белоруссия жерлерін азат етуге атсалысқандығын және Мәскеуді қалай қорғағандығын айтып берді. Сол соғыста жарылған минадан екі көзінен бірдей зақымданған ардагер өзге де майдангерлерлермен бірге дәстүрлі солдат ботқасынан ауыз тиді. Қаладағы «Шығыс» әскери өңірлік қолбасшылығы және «Жас ұлан» ерлер лицейінің тәрбиеленушілері Знаменск жол бойы, Силикат зауыты маңайындағы жауынгерлер жерленген ескі зираттарға барып тағзым етті.
– Соғыс кезінде Семейде бес эвакуациялық госпиталь жұмыс істеген,-деді ардагерлер мен ақсақалдардың қалалық кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов,-осы емдеу мекемелерінде соғыста жараланып қалған жауынгерлерді емдеп, жарамдысын қайтадан майданға аттандырып отырған. Бұл госпитальдерге соғыстың әр түкпірінен жаралы жауынгерлер жеткізілген. Сондықтан да осыдан 15 жыл бұрын бұл жерге обелиск орнатылған. Бұл жерде Ресей, Грузия, Армения сияқты көптеген елдердің солдаттары жерленген.
Бұл күні кешкісін Семейдегі Орталық алаңда Жеңіс күнінің құрметіне субұрқақ ашылып, қала тұрғындары мен қонақтары мерекені одан әрі жалғастырды.
Жеңіс мерекесі облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында айрықша аталып өтті.
Дарын Нұрсапаров,
Раушан Нұғманбекова