Қоғам

\”Мәңгілік полк\” бұқаралық сипат алды

"Мәңгілік полк" бұқаралық сипат алды

Биыл еліміздің түкпір-түкпіріндегідей Шығыста да «Мәңгілік полк» акциясы барынша ауқымды аталып өтілмек. Жеңіс күні сұрапыл соғысты көзбен көрген майдангерлердің ұрпақтары қолдарына ата-әжелерінің суреттерін ұстап, облыс орталығындағы Өзен вокзалынан Стрелкадағы Даңқ мемориалына дейінгі даңғыл жолмен сап түзеп жүреді.

Жылдағы дәстүр бойынша, салтанатты топ мәңгілік алау жанына келіп тоқтағанда, аспанға бейбітшілік символы – аппақ кептерлер дүр етіп көтеріледі. Қатары сиреп қалған ардагерлер құшағы гүлге толады. Даңқ мемориалында қарт жауынгерлерге арналып өлең оқылып, мерт болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алады.

Соңғы уақытта дәстүрге айналған «Мәңгілік полк» халықаралық акциясы жыл санап бұқаралық сипатқа ие болуда. Ұрыс даласынан оралмаған майдангерлер рухына тағзым етіп, қаһармандар алдында бас ию мақсатында ұйымдастырылатын акцияға қала тұрғындары және қонақтарымен бірге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те қатысып келеді.

"Мәңгілік полк" бұқаралық сипат алды

Қалалық ішкі саясат бөлімінен хабарлағандай, биыл да акцияға қан майданда жаумен айқасып, тылда тер төккен жерлестеріміздің ұрпақтары қатысады, шектеу жоқ.

Соғыс ардагерлерінің есімін дәріптеп, олардың ерлігін өскелең буынға үлгі ету мақсатында ұйымдастырылатын шараға қатысатын адамдардың бірі – Күлзайын Нұрсапарова.

– Соғысқа әкем Биахмет Қатранов – пен нағышым Қабен Серданинов қатысқан. Екеуі де Катонқарағай ауданының тумалары. Әкем шайқастардың бірінде олардың дивизиялары жау қоршауында қалып қойғанын, содан төрт жылға жуық уақыт неміс тұтқынында болғанын, елге 1947 жылы оралғанын айтып отыратын. Ал ағам жайындағы деректерді ғаламтордан таптық. Атқыштар дивизиясы сапында соғысып, ІІІ дәрежелі Даңқы орденімен марапатталыпты, – дейді Күлзайын Нұрсапарова.

Тағы бір жерлесіміз, өскемендік Дидар Отаршин «Мәңгілік полк» акциясына осымен екінші жыл қатарынан қатысыпақ. Оның айтуынша, жаумен қасық қаны қалғанша айқасқан ата-әжелеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс.

«Соғыс – ол зұлмат. Сол майдан даласынан оралмағандар қаншама десеңізші?! Менің атам Мәмілқан Отаршин – соғыстан аман-есен оралып, бейбіт күнде озат шопан болып, елге еңбегі сіңген адам. Мен атамды мақтан тұтамын. «Мәңгілік полк» шеруі сол ардагерлер есімін мәңгілік жаңғырту деп білемін. Бұдан былай соғыс болмасын, аспанымыз ашық болсын, – дейді ол.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button