«Мәңгілік ел» патриоттық акциясы Шығыстан бастау алды
Өскемендегі Жекпе-жек сарайында «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық форум-эстафета ерекше салтанатпен өтті. Еліміз бойынша аталып өтетін акция Шығыс Қазақстанда басталды. Мемлекет басшысының «Мәңгілік ел» идеясын қолдауға арналған тұңғыш патриоттық форумға облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге әлемге әйгілі ақын Олжас Сүлейменов, халық әртісі Асанәлі Әшімов, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Қазақстан Халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, Парламент депутаттары Светлана Ферхо, Сергей Плотников, «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров және «Қазцинк» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ кәсіпорындарының ұжымдары, жоғары оқу орындарының студенттері, этнобірлестіктер өкілдері қатысты.
– Биылғы 17 қаңтар күні елімізді жарқын болашаққа бағыттаған оқиға болды. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнап, мемлекетіміздің даму бағдарын белгіледі. Бірінші рет «Қазақстан-2050» Стратегиясының даму жолы – «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жарияланды. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Осы жылдары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ басшылығымен атқарылған жұмыс аса ауқымды. Қазіргі таңда Қазақстанның мәңгілік ел болуға барлық жағдайы бар. Мәңгілік ел – экономикасы дамыған, білімді, мәдениетті, бірлігі жарасқан мемлекет. Бұл қағиданың бәрі қазіргі Қазақстанға тән. Мәңгілік ел – ең бірінші құрметті жас жерлестер, сіздерге арналған. Мәңгілік елді, дамыған Қазақстанды құратын – сіздер. Дамыған Қазақстанда тұратын да – сіздер. Сондықтан өз болашақтарыңыз үшін еңбек етулеріңіз керек. Шығыстан басталып отырған Елбасы Жолдауы мен «Мәңгілік ел» идеясын қолдау акциясына дүниежүзіне белгілі, елімізді танытқан ағалардың қатысуы – біз үшін үлкен мәртебе, – деген облыс басшысы шығысқазақстандықтар атынан мәртебелі меймандарға ризашылығын білдірді.
Облыс Әкімі аталған акцияда Елбасы Жолдауын қолдауға арналған «Мәңгілік ел» атты кітапты Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановқа тапсырды. Акция аясында құрметті меймандар кітапқа қолтаңбаларын қалдырған болатын. Бұл кітап Шығыс Қазақстан облысынан бастап бүкіл мемлекетімізді аралап, Ассамблея сессиясы кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА тапсырылмақ.
Жекпе-жек сарайы, Жеңіл атлетика манежі және жабық бассейн құрылысына қолдау көрсеткен облыстың ірі кәсіпорындарының жетекшілері «Мәңгілік ел» акциясы аясында өңірге қаржылай көмек көрсету мақсатымен екіжақты меморандумға қол қойды.
Атап айтқанда, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен «Қазцинк» ЖШС президенті Никола Попович облыс пен кәсіпорын арасында 2014 жылға арналған өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Аталған құжат бойынша «Қазцинк» ЖШС жалпы сомасы 2 млрд. 256 млн. теңгеге қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл қаражат Өскемен мен Риддер, Зырян, Серебрянка сынды моноқалалардағы медициналық қызмет, білім беру, мәдениет және қызмет көрсету салаларына жұмсалады.
Облыс басшысы мен «Үлбі металлургия зауыты» АҚ басқарма төрағасы Юрий Шахворостов қол қойған екіжақты әріптестік туралы құжат бойынша, жалпы сомасы 288 млн. теңгеге Өскемен қаласында денсаулық сақтау, мәдениет және қызмет көрсету, сондай-ақ, қайырымдылық пен қоғамдық ұйымдарға көмек көрсетілмек.
«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ 460 млн. теңгеге мектепке дейінгі мекеме, мектеп, еңбек-түзеу мекемелері, діни ұйымдар және басқа да қоғамдық ұйымдарға көмек көрсетуді қарастырып отыр. Аталған меморандумға облыс Әкімі мен кәсіпорын басшысының міндетін атқарушы Әсем Мамытова қол қойды.
Акция соңы мерекелік концертпен жалғасты.
Айта кеткен ләзім, Өскемендегі аталған акция үш мыңнан аса адамды қамтыды. Шығыс Қазақстанда басталған форум-эстафета өзге өңірлерде жалғасып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне қарай, яғни, 15-16 желтоқсанда мәреге жетеді.
Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
– Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында белгіленген «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын қолдауға арналған халықтық патриоттық форум бастауын Шығыстан алды. Аталған акцияның көне түркі жұртының ошағы саналатын киелі Алтайда тұсау кесуі тегін емес. Жаһанды үрейлендірген ядролық сынақ осы өлкеде жүргізілді. Президенттің ядролық сынақты тоқтатуға мұрындық болуы – Қазақстанның дүнижүзілік қауымдастықтағы орнын әйгілеп, инвестицияның, жаңа технологияның келуіне жағдай жасады. Бұл – қазақ елінің мыңдаған жыл тарихынан, Тәуелсіздік кезінде жүріп өткен жолынан туған ұлттық идея.
Адымызда бір мақсат – Мәңгілік ел! Бір мүдде – ортақ құндылықтарымызды сақтау. Бір болашақ – еркін және өркендеген елде өмір сүру. Жолдауда жарияланған жеті қағида – барлығымызды біріктіретін құндылық. Оның өміршеңдігі еліміздің жарасымды бірлігіне, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қоғамдық келісім моделіне негізделген. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мәңгілік ел» патриоттық форумына қатысушыларды ерекше қолдайды. Біз Қазақстан халқын алдымызда тұрған ұлы міндеттерді іске асыруға, қасиетті қазақ жерінде парасатты қоғам құруға, ұлы мақсаттың айналасында ұйысуға, жұдырықтай жұмылуға шақырамыз.
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, ақын:
– «Мәңгілік ел» ұғымы біздің санамызда нық орын алды. Әрине, әркім де елдің мәңгілік шыңды бағындыруын армандайды. Мен осы залда жастардың көп болғанына қуаныштымын. Міне, осы жастар, олардың білім-білігі, таланты біз айтып отырған еліміздің мәңгілігін қамтамасыз етеді. Мен Елбасы Жолдауына ғылыми бағыттағы экономиканың өзек болғанына қуаныштымын. Шығыс Қазақстан облысының өзге облыстарға қарағанда рейтингісі озық, жоғары. Бұл – шығысқазақстандықтардың еңбегі мен облыс басшысының ерік-жігерінің нәтижесі. Мен Бердібекті «Береке» деп атаймын. Береке – өте мағыналы ұлттық ұғым.
Асанәлі ӘШІМОВ, Халық әртісі:
– Бүгін – тарихи күн, ұлы күн. Тұңғыш Президентіміздің Жолдауына қолдау көрсететін «Мәңгілік ел» акциясы елімізде алғаш рет Шығыста өткізіліп жатыр. Мен Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ шақыруымен келдім. Ол шақырса, келуге міндеттімін. Өйткені оның халыққа жасап жүрген үлкен жұмысы әр уақытта жұғымды. Шығыс елі маған ұнайды. Әр уақытта келгім келіп тұрады. Өскеменде театр салынып жатыр. Құрылысты арнайы барып көрдім. Басшыларға рақмет. Биыл тамыз айында келіп театрды ашамыз. Мәңгілік ел, мәңгілік өнер, мәңгілік әдебиет, мәңгілік ғылым, мәңгілік халық болсын! Мәңгілік ел жасасын!.
Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, Халық қаһарманы:
– Еліміз егемендік алғаннан бері, ұлттық идеяны армандап едік. Бізде ұлттық идея қашан болады дейтінбіз. Міне, осы идея – Мәңгілік ел. Мәңгілік ел – біздің бірлігіміз! Ұлы еліміз – Қазақстанда көптеген ұлт пен ұлыстың өкілдері бар. Олармен басымызды қосып, бір ел болып, Қазақстанды әрі қарай өркендете берейік. Қазақстан әлемде өркендеген, қонақжай, ауқатты мемлекетке айналсын! Мұны қазіргі кездің өзінде сезінуге болады. Өйткені сіздердің білім-біліктеріңіз, парасат пен ерік-жігерлеріңіздің арқасында еліміз гүлдене бермек.
Шығысқазақстандықтар мен өскемендіктер өндірістің көптеген саласында алға шықты. Кешегі мен бүгінгі күнді мүлде салыстыруға келмейді. Кешелі бері көшедегі адамдарға қарасам, барлығының жүзінде өзгеше жылылық бар. Бұл мені қуантады.
Светлана ФЕРХО, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Біздің тағдырымыз бен еліміздің тағдыры – бір. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ белгілеген «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы – жасампаз жоба. Бұл – сіз бен біздің қуатымыз, еліміздің көне тарихы мен бүгінін жалғастыратын алтын көпір. Біз бүгінде ғылыми өндірісі, инновациясы дамыған елге айналдық. Біз еліміздің ішкі жағдайында ғана емес, халықаралық қауымдастықта да танымал болдық. Бұл – әлеуметтік мемлекет құрудың нәтижесі. Біз бүгінмен ғана өмір сүрмейміз. Келешекті жоспарладық және жүзеге асырамыз.
Шығыс Қазақстанның осынау патриоттық акцияны алғашқы болып бастауы біз үшін бақыт. Барлық қазақстандықтар сияқты облысымыздың да бір мақсаты, бір мүддесі, бір болашағы бар. Алға, Қазақстан!
Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын:
– Мәңгілік ел ұғымы – қасиетті, киелі,
Елжіретіп жанымды, иітеді жүйелі.
Тебіреніп бұл сөзге, бабалардың аруағы,
Тереңдегі тарихтың ағытылар тиегі.
Аласұрған теңіздей, төңкерілген жалғанда,
Өлмейтұғын өмірді, аңсамайтын ел бар ма?
Арпалысып бағыпты Күлтегіндей батырлар,
Тоныкөктей данышпан, Елтерістей хандар да.
Мәңгілік ел деген сөз, оңай емес айту да,
Біле білсең, ағайын, бағыт – анық, ой – тура!
Мәңгілік ел белгісі, желбіреген туымда.
Еркін жүрген елімде, аспанымда, жерімде.
Еркін ұшқан құсымда, еркін аққан суымда.
Не көрмедің, қазағым, тайталасқан тірлікте
Мәңгілік ел белгісі, береке мен бірлікте!
Думан Анаш