Қоғам

Мәңгілік ел – мәртебелі тіл

Мәңгілік ел – мәртебелі тіл

Анна Кабакова, Бесқарағай ауданы, Бесқарағай колледжінің алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімі:
– Ғасырлар бойы халқымыз Тәуелсіздікті аңсады, оған қол жеткіздік. Әлем таныған, өзіндік нышандары бар елге айналдық. «Байрағымыз көкте желбіреп, қыранымыз биікте қалықтағанымен, мемлекеттік тіліміз неге өз тұғырына қона алмады?» деген ой келеді.

Бүгін тілімізді білуге кім кедергі жасап отыр? Осыған ой жүгіртсек, бізде шынайы сезім, ұлттық патриотизм қалыптасады дер едім. Олай дейтінім, қазақ тілінің бүгінгі таңда қажеттілігін түсінген азамат мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерер еді.
Меніңше, қоғамда мемлекеттік тілге сұранысты және қажеттілікті арттыру жетіспей тұрған сияқты. Ата Заңымыз, тіл туралы заң бәрі де бар. Бірақ мемлекеттік тілдің қажеттілігін жасай алмай отырғанымыз анық.
Біз, жастар қауымы, мұны жақсы түсінеміз. Сондықтан да жастар, соның ішінде өзге ұлт жастары арасында тілді үйренуге деген үлкен ұмтылыс бар. Оны көріп те, біліп те жүрміз. Бірақ бізге аға буын тарапынан қолдау жеткіліксіз екенін айтқым келеді.
Қызмет адамдарының өзі қолдарына сөздік алып, тіл үйренуге шындап кіріскенін байқауға болады. Тіпті, олар қазақ тілін жақсы білетін әріптестерінен көмек сұрай бастады. Неге? Өйткені, қазақ тіліне деген қажеттілік туды. Осыған қарап, біз ауаға, суға қандай қажеттілік болса, қазақ тіліне де сондай қажеттілік туғызуымыз керек деп ойлаймын. Сонда ғана мемлекеттік тіл өз тұғырына қонады.
Елбасы Президенттікке бірден-бір үміткер ретінде қазақ тілін білу бойынша емтихан тапсырды. Оған қазақ тілін білу талап ретінде қойылып отыр. Ал осы талап неге басқа лауазымдарға қойылмайды? Бұл талап барлығына, бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлерге қойылуы керек қой. Билікте отырған мемлекеттік қызметкерлеріміз мемлекеттік тілді білмей-ақ немесе нашар білсе де, жұмысқа орналасып жатыр. Осы әділдік пе? Осындай бастықтардың тіл білмеген намыссыздығы ұлттың намыссыздығына әкеледі деп ойлаймын.
Қажеттілік жасаудың тиімді жолы «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде білім алған жастар арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген үлкен ұмтылыс туғызғандығы дәлел бола алады. Өйткені, мемлекеттік тілді білмегендер ондай мүмкіндікке ие бола алмайтыны белгілі.
Мемлекеттік тілді үйрену мен дамытуды күнделікті өмірден алуымыз керек деп ойлаймын. Бұл тек сөйлеп қана қою емес, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға атсалысуға да жатады деп есептеймін.
Таяуда бір оралман танысымның «Қазақ елінде тұрып, орыс тілін білмегендіктен, аш қала жаздадым, бір жыл ішінде оны қалай да үйренем» деген сөзі бірнеше күн ойымнан кетпеді. Бұл біз үшін абырой емес деп ойлаймын. Тілдің қажеттілігінен оның тез арада орыс тілін үйренетініне сенімім зор. Өйткені, қажеттілік алға жетелейді.
Елбасы өз Жолдауында мемлекеттік тіл саласында жеткен жетістіктерімізге тоқтала келіп: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», – деп айтты. Олай болса, ана тілімізді Мәңгілік ету – өз қолымызда.
Бүгінгі форумға қатыса отырып, біз, жастар, мемлекеттік тіл саясатының алдыңғы қатарында боламыз деп сендіреміз. Өйткені, біз – қазақстандықтармыз, өз болашағымызды тек Қазақстанмен ғана байланыстыра аламыз.

Мемлекеттік тілді білу – міндет

Роман Морозов, Зырян ауданындағы «Қазцинк» ЖШС Малеев кенішінің кеншісі:
– Мен Қазақстан атты ұлы мекенде, кең байтақ өлкеде дүниеге келдім. Туған жерім – Оңтүстік Қазақстан облысының Леңгір қаласы. Леңгір қаласы – қазағы мен өзбектері басым, қазіргі тұрып жатқан Зырян секілді шағын қала. Анам бастауыш сыныптарының мұғалімі болып ұзақ жылдар қызмет етті. Менің қазақ тілін үйренуіме, кішкентай кезімде қазақ балабақшасына баруыма себепкер болған – анам мен нағашы апам. Менің қазақ тілін бала кезімнен бастап үйренуімнің қазіргі кезде маған тигізген пайдасы өте зор. Себебі, мен достарыммен орыс және қазақ тілдерінде түсінісе аламын, қазақ достарымның арасында өзімді емін-еркін сезінемін.
Қазақ халқы – дарқан, кең пейіл, қолындағы барын бөлісе білетін бауырмал халық қой! Тілін білсең, төбесіне көтереді. Қазіргі өзім тұрып жатқан Зырян қаласына алғаш келгенде таңғалдым: бұл ауданда қазақтар аз, орыс халқы мен өзге ұлт өкілдері басым тұрады екен. Халқының көбі, тіпті қазақтарының өзі тек орыс тілінде сөйлейді. Көшеде кездескен қазақ бауырларыммен қазақша жөн сұрасқанда, олардың маған орысша жауап бергені де қызық.
Өкінішке орай, достарымның арасында өз тілін дұрыс меңгере алмай, өз тілін менсінбей, аралас тілде, шала сөйлеп жүргендері қаншама. Тілдің өміршеңдігі әрбір азаматтың ұлтжандылығына байланысты. Тілін білмеген, ұлтын да сүйе алмайды. Өз тілін білмеген өзге тілде сөйлеп, айға да ұшпайды. Бұл туралы орыс әдебиетінің әлемге аты шыққан жазушысы Л.Толстой да: «Обращаться с языком кое-как – значит и мыслить кое-как: неточно, приблизительно, неверно» деп ашығын айтқан.
Қазақ жастарына айтарым, өзге тілді білгенің жақсы, бірақ өз ана тіліңді кемітпе, қорлама!
Бүгінде мемлекет тарапынан қазақ тілін үйренемін деушілерге барлық жағдай жасалған. Аудандарда тілдерді оқыту орталығы құрылып, жұмыс жасауда, әдістемелік оқу құралдары мен сөздіктер де жеткілікті. Алайда, тілді үйрену, ең алдымен, адамның ниетіне, қабілетіне байланысты. Мысалы, мен қазақ тілін толық білемін деп айта алмаймын, ауызекі сөйлеу тілін жақсы білсем де, қазақша іс жүргізе алмаймын. Сондықтан тілімді шынықтыру үшін, қазақ тіліндегі фильмдерді көремін, ән тыңдағанды ұнатамын. Шынымды айтайын, кей кездері «Балапан» арнасынан бүлдіршіндерге арналған әртүрлі мультфильмдерді де тамашалаймын, себебі бұл әдіс тіл үйренуге өте жақсы көмектеседі. Сенбесеңіздер өздеріңіз де солай етіп көріңіздер.
«Язык – лучший посредник для установления дружбы и согласия», – деп голландия оқымыстысы, жазушы Эразм Роттердамский айтқандай, бүгінде қазақ елі татулық пен тыныштықты нәсіп етіп отыр. Біз – «Мәңгілік ел боламыз» деген мақсатты алға қойған халықпыз. Бүгінде билік басында отырғандардың 60 пайызы қазақтар, олар мемлекеттік тілді білмесе, сонда халық мүддесін қай тілде қорғамақшы?!
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Жастар – Қазақстанның болашағы» деп бізге, жастарға зор сенім білдіріп отыр. Өйткені, ертеңгі мемлекетті басқаратын да, елімізді дамытатын да – біз. Ал мемлекеттік қызмет¬ке келген әр адам мемлекет мүддесін қорғап, мемлекетке жұмыс істеуі қажет. Олай болса, «Мен – қазақстандықпын» деп ойлайтын әрбір жан сол елдің мемлекеттік тілін білуге міндетті.
Қай елде тұрсақ та, сол елдің тіліне құрметпен қарайық. Мейлі отбасы, ошақ қасында өз ана тілімізде сөйлессек те, қоғам ортасында мемлекеттік тілде сөйлеп үйренейік.
Біз болашағымыздың жарқын болуы үшін бір тілде түсінісіп, бір мақсатқа қол созуымыз қажет.

Көптілділік – заман талабы

Юлия Ксенафантова, Семей қаласы №15 балабақша мұғалімі:
– Мен қазақ халқының ұлы тұлғалары Абай, Шәкерім, Мұхтар оқып, білім алған, қасиетті Семей жерінен келіп отырмын. Менің мамандығым – ағылшын тілі мұғалімі. Мұғалім мамандығы жер бетіндегі барлық мамандықтың атасы деп білемін.
Ұстаз ретіндегі менің мақсатым – бүлдіршіндерге ағылшын тілін үйрету. Әлемдегі 30 елдің қатарына қосылу жолында атқарылып отырған орасан зор жұмыстардың бірі – жастарды үш тілді білуге үйрету. Осындай мемлекеттік маңызы бар іске бар білімім мен тәжірибемді жұмсап, еңбек етудемін.
Сәбилермен жұмыс істеу маған өте ұнайды. Себебі, жас бала жазылмаған кітап сияқты таза, бергеніңді қабылдап, тез игеруге қабілетті. Оларға ағылшын тілін үйрету арқылы өзім де сөйлеу қабілетімді жетілдіріп келемін. Бұл да – тіл меңгеруде таптырмайтын ерекше тәсілдің бірі. Бірақ білгенімнен білерім алда екенін сеземін.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөз көп тіл білудің қай заманда да қажеттілігінен туса керек. Ал Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз өз өмірінде 70-ке жуық ұлттың тілін жетік білгендіктен, артына мол рухани мұра қалдырып кеткенін жақсы білеміз.
Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында өтіп жатқан облыстық Жастар форумының мінберін пайдалана отырып, Сіздерді еліміздің дамуына көптілді білімімізбен үлес қосайық деп шақырғым келеді. Ол үшін мемлекет бізге барлық жағдай жасап отыр.
Сіздерді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген пікірін бір кісідей қолдауға және орындауға шақырамын.

Достық тілді құрметтеуден басталады

Максим Санников, Шығыс Қазақстан поляк мәдени орталығы Риддер қалалық филиалының төрағасы:
– Мен Риддер қаласында туып-өстім. Мектепте орысша оқысам да, қазақ тіліне деген қызығушылығым еш төмендеген емес. Жанымдағы достарыммен, қазақтармен қазақша сөйлесемін және оны мақтан етемін. Себебі, мен өз елімнің шын патриотымын!
Еліміздегі тіл саясатына, Тілдерді оқыту орталықтарын ашып, әрбір азаматқа білім алуға жағдай жасағаны үшін Елбасымызға, содан кейін Риддер қаласының әкімшілігіне алғысымды білдіремін. Мен үшін қазақтың тағамы – қымыз, сүт, құрт-ірімшік күнде жеп жүрген асым болса, онда сол қазақтың тілін неге білмеуім керек? Сондықтан Риддер қаласындағы тілдерді оқыту орталығына барып, Тілашар курстарында оқыдым. Маған қазақ тілін үйрену оңай болған жоқ, себебі мен – қала тұрғынымын. Әрине, ауылды жерде тұрсам, мен қазақша сайрап тұрар едім. Әттең, қаламызда тілдік орта әлі қалыптасқан жоқ. Бірақ, қазақ тілін үйренемін деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Бұған өзім дәлелмін, өз қызығушылығымды жүзеге асыра алдым деп нық сеніммен айта аламын.
Қазақ тілінің құдіреттілігін, байлығын, көркемдігін жақсы түсінемін, мақала жазамын. Биыл өз бетімше қазақша-полякша шағын өсімдіктер сөздігін құрастырдым. «Қанша тіл білсең – сонша рет сен адамсың», – деп атақты неміс ақыны Гете айтқандай, бірнеше тілді білу ешқашан артықтық етпейді.
Мен мемлекеттік тілді менсінбей жүргендерге қарап ұяламын. Қазақ тілін біле тұра, бір-бірімен тек орысша сөйлескені жанға батады. «Қазақ достарым, сен қанша тырыссаң да, американдық бола алмайсың, француз да болу қолыңнан келмейді, басқаға айналу да мүмкін емес, ендеше қазақ болуға тырыс, сонда ғана аман қаласың. Осыны бір ойлашы» деп айтамын. «Тілін білмеген – түбін білмейді». «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Оян, қазақ» деп Абай мен Міржақып жырлағандай, «Қазақ жастары, ояныңдар! Жаңғырт тіліңді, сайра қазақша, сен мен біздер – елдің болашағымыз, бір-бірімізге үлгі болайық!» дегім келеді. Қазақ даналары «Аталы сөз – баталы сөз» дегенде, дұрыс сөйлей білуді меңзеген. Мәселен, поляк орталығының басшысы ретінде мені талай жиындарға шақырады. Сондағы сөздерін: «мен ойлаймын» деп бастағандар «я думаюды»… орысшадан аударған түрлері ғой. Сондықтан, достар, тілді шұбарлаудан аулақ болайық. Кейбір азаматтар сырт қарағанда қазақ тілін үйреніп жатқандай көрінеді. Бірақ одан тіл байымайды, қазақ тілінде сәйлеп жүрген көпшілікті көрмейсің. Бұл не сонда? Нәтиже неге шықпайды? Себебі, тілге деген көзқарас дұрыс емес деп ойлаймын. Қазақ тіліне келгенде оп-оңай үйреніп, жүрдім-бардым дегенді білсем болды деген көзқарас бар. Бар пәле осында деп есептеймін.
Достар, ана тілін білу керек, талпыну қажет, намысты ояту керек. Айналып келгенде, барлығы намысқа келіп тіреледі. Мүмкіншіліктер көп қой, қазір. Радио тыңда, газет-журнал, кітаптар оқы, ғаламторды ақтар, ізден. Мен өз басым, поляк тілінен ажырап кеткен жоқпын ғой, оны тастамай, оқып қоямын. Мен поляк тілінде Рэймонд шығармаларын оқимын. Өйткені, ол – менің ана тілім. Ана тілім басқаға емес, өзіме керек. Кейде бір қазақтар менен: «Ағылшын тілін бір жылда-ақ үйреніп алдым, ал қазақ тілінің оқулықтары, материалдары қиын, үйрене алмай жүрмін, осы қазақ тілін үйренудің оңай жолы бар ма?» деп сұрайды. Мен: «Қазақ тілін қарабайыр тілге түсірсең, ол тіл болмайды, оған еңбектену керек, адамға ниет пен тілек керек» деймін.
Татулық пен келісім орнаған көпұлтты елімізде әр ұлт өкілінің салт-дәстүрі, мәдениеті мен ана тілін сақтауына ерекше көңіл бөлінуде. Қазақтың төл мәдениетіне қызығушылық танытып, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері де аз емес. Міне, бүгін соның куәсі болып отырсыздар.
Мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыру әрқайсымыздың қолымызда!
Біздің мемлекетте барлық этностардың мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін, дінін дамытуға және сақтауға жағдай жасалған.
Біз – татулығы мен тұрақтылығы, достығы мен бірлігі жарасқан елміз. Сондықтан да, осындай бақытты бағалау, оны құрметтеу – баршамыздың міндетіміз! Достар, достықтың басты құралы – тіл. Тіл бірлігі – ел бірлігі. Көпұлтты мемлекетті біріктіруші фактор – мемлекеттік тіл. Қазақстанда қаншама ұлт өкілдері өмір сүрсе де, мемлекеттік тілге деген құрмет айрықша болуы тиіс. Олай болса, барлығымыз жұмылып, мемлекеттік тілімізді дамытуға өз үлесімізді қосайық! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл».

Әр елдің заңы өз тілінде болуы керек

Олеся Медведева, Аягөз ауданы ішкі істер бөлімінің қызметкері:
– Мен өзім құқық қорғау саласында жұмыс істеймін. Қазақ тілін еркін меңгергенмін. Аягөз қаласында туып, сол жердің №7 орыс тілінде білім беретін орта мектебін бітіргенмін. Қазақ балаларымен кішкентай кезімнен бірге ойнап, олармен тек қазақ тілінде сөйлестім. Жалпы, Семей өңірі Абай атамыздың туып-өскен елі болғандықтан, біз де қазақ тілін құрметтеп өстік.
Маған дейін сөйлеген әріптестерім мемлекеттік тілге қатысты біршама мәселелерді көтерді. Бірақ осы жерде бір айта кетер мәселе, құқық қорғау саласы қазақша сөйлемей, қазақ тілінің хәлі мүшкіл қалпында қала береді. Неге дейсіздер ғой? Өйткені, дәл осы саланың адамдары халықпен тікелей байланыс жасайды. Қазір халықтың қазақ тілінде ақпарат алуға деген ұмтылысы басым. Әр елдің заңы өз тілінде болуы керек. Біздің елде заң жобалары орыс тілінде дайындалып, сонан соң қазақ тіліне аударылады. Қазақ тіліндегі мазмұны басқаша болып шығады. Сондықтан менің ойымша, қазақшаландыруды осыдан бастау керек.
Біздің ел көп ғасырлар бойы өзінің тәуелсіздігін аңсап, қаншама қиындықтарды бастан кешті. Бүгінгі күні Қазақстанды дүниежүзі біледі. Біздің еліміздің өз Туы, өз Елтаңбасы бар. Сондай-ақ, өз ана тілі – қазақ тілі бар.
Әрине, біз бұл нәтижеге бір күнде жеткен жоқпыз. Әр кезеңнің өзіне тән-мақсаттары мен міндеттері белгіленді. Барлығын біріктіретін түпкі мақсат – ел бірлігі.
Бүгінгі жастарға айтарым, өз еліміздің патриоты болуымыз керек. Патриот болу осы елдің тілін, ділін, дінін сақтауға атсалысу болып табылады.
Айта кету керек, мен қызмет істейтін аудандық ішкі істер бөлімінде қай ұлт өкілдері болмасын қарым-қатынасты қазақ тілінде жасайды. Жоғарыда айтып кеткенімдей, біздің өңірдегі халық таза қазақ тілінде сөйлейді.
Ал Өскемен қаласындағы банк, автобекет, аурухана, емхана, дүкен, дәмхана сияқты мекемелерге бас сұқсаң, кейде шынында да, өзіңді Ресейдің қаласында жүргендей сезінесің. Себебі, сонда жұмыс істейтін қазақтардың өзі «сәлеметсіз бе?» десең «здрасте» деп шүлдірлеп орыс тілінде жауап береді, қазақша бір нәрсе сұрасаң «что?» деп бетіңе қарайды.
Сондықтан, осы мәселелермен айналысатын облыстық құрылымдарға тапсырма беру керек. Әсіресе аурухана, автобекет, қоғамдық көліктерде қазақ тілін қолдануды тәжірибеге енгізсін.
Менің ойымша, өзің қызмет көрсетіп отырған халықтың қазақша сұрағанына қазақша, орысша сұрағанына орысша тақ-тақ етіп жауап беріп, қызмет көрсетіп тұрсаң, сенен асқан білікті маман жоқ. Солай емес пе?
Байқап қарасақ, өзге мемлекеттерден елімізге уақытша келіп жатқан әртүрлі кәсіп иелері алдымен мемлекеттік тілді үйренуге тырысады. Соңынан өзі қызмет жасап жүрген елге деген құрметін білдіріп, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін дәрежеге жетіп жатады. Біз кілең қазақтың ортасында жүріп, мемлекеттік тілді оқып, үйренуге барлық жағдай жасалынып жатса да, ешқандай нәтиже көрсете алмай отырмыз.
Осы елде туып, осы елдің ауасын жұтып, суын ішіп жүргеннен кейін біз де солар секілді мемлекеттік тілдің мерейін асқақтатуға үлес қосуымыз керек.
Өз басым ішкі істер мекемесінде қазақ тілінде қызмет көрсете алатынымды мақтан тұтамын. Және ол менің азаматтық міндетім деп білемін. Мемлекеттік тілді алға жылжыту мақсатында әрі басқаларға үлгі болу үшін де құжаттарды қазақ тілінде ресімдеймін.
Мен сияқты орыстың қазақ тілінде сөйлегені таңдандырып, маған кейде «сіз қазақ тілін қалай біліп, үйреніп жүрсіз?» деп сұрақ қояды. Ондайда мен «адам қай мемлекеттің азаматы болса, сол мемлекеттің тілін білуі, меңгеру қажет және ол адамның жүрек қалауымен болуы тиіс» деймін.
Міне, Абай атамыз айтқанындай, «білгенге маржан, білмеске арзан» деген осы шығар.

Қазақстандық патриотизм және мемлекеттік тіл

Армен Карапетян, Өскемендегі Халықтар достығы үйі – қоғамдық келісім орталығы жанындағы армян этномәдени орталығының мүшесі:
– Менің әкем – армян, шешем – орыс, Отаным – Қазақстан. Туған жерім – Күршім ауылы. Ес білгелі қазақ балаларымен етене араласып, бірге жүргендіктен қазақша сөйлеу маған қиын болған жоқ. Қазақ тілі менің болашағыма зор септігін тигізді.
Мен үшін қазақ ұлтын туысқанымдай көру, қазақ тілінде сөйлеу таңсық емес. Адамгершілігі мол тәрбиелі адам – кез келген мемлекеттің байлығы, әлеуметтік өмірдегі бейбітшілік пен мәдениеттің кепілі.
Менің ойымша, патриоттық құндылық дегенiмiз – елiн, туған жерiн, Отанын сүю, мемлекеттiң тәуелсiздiгi мен бейбiтшiлiгі үшiн күресу. Ал қазақстандық патриотизм – Қазақстанда мекендейтін көптеген ұлттардың мемлекетіміздің әлемдік биіктен көрінуі үшін барлық жағдайды жасап, еліміздегі бейбітшілік пен тәуелсіздікті сақтауда аянбай күш-жігерін жұмсауы деп білемін.
Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Тіл Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет», – деген ашық ұстаным айтқан болатын.
Тіл – ұлт байлығы. Әр ұлт өз тілін қадірлейді, сыйлайды және келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізіп отырады. Тіл – ғасырлар бойы әр ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілу арқылы жинақталған бағасы биік мәдени байлық. Біздің Отанымыздың тілі – қазақ тілі. Өзін Қазақстан азаматымын деп санайтын кез келген ұлт өкілі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік тілді өз тілім деп қабылдауы тиіс. Сонда ғана біз шын мәніндегі татулық пен тұрақтылыққа, толеранттылыққа қол жеткізе аламыз деген ойдамын.
Мен алғаш еңбек жолымды облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығынан бастадым. Жұмыс барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы зор екендігін үнемі назарымда ұстадым.
Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр толқынында тауқымет тартып, жан-жаққа шашыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала – бүгінде көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айналған.
«Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» – деп текті жердің дана бабалары тегін айтпаған. Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын, бірлігіміз бен тірлігімізді берік етсін.

Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының «Бір Отан, бір тіл – Тәуелсіз Қазақстан» атты облыстық форумына қатысушылардың облыс жастарына Үндеуі.
Біз, «Бір Отан, бір тіл – Тәуелсіз Қазақстан» атты жастар форумына қатысушылар, тәуелсіз еліміздің патриоттары ретінде Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға атсалыса отырып, бүкіл облыс жастарына үндеу жариялаймыз.
Біз, Еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ сарабдал саясатының арқасында қалыптасқан мемлекеттің болашағы – жастар, өз бойымыздағы патриоттық рухты туған жеріміздің топырағына сіңген қазақ тіліне деген құрмет арқылы көрсете аламыз.
Отбасы – біздің қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты. Сондықтан да мемлекеттік тілді құрметтеуді, оны дәріптеуді отбасы, ошақ қасынан бастайық.
Елбасының Қазақстанды бүкіл әлемге халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде танытуға негізделген «Үш тұғырлы тіл» идеясын жүзеге асыруға атсалысамыз. Яғни, мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.
Құрметті жастар, Тілдің үштұғырлығы негізінде басым мәртебе ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ берілетінін үнемі есте ұстайық!
Біз, жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, келешегі кемел Мәңгілік елдің ұрпақтарымыз. Біздің отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – мемлекеттік тілді дамыту.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» деген ұстаныммен үйде, жұмыста және қоғамдық орындарда қазақ тілінде сөйлеуді сәнге айналдырайық!
Біз, Жастар – жаңа бағыттың қозғаушы күшіміз. «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасы бізге үлкен сенім артты. Сол сенімді ақтайық!
Құрметті жастар!
Біз сіздерді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ өмірлік жолынан үлгі алып, әр істі жауапкершілікпен адал атқаруға, ел мүддесі мен игілігі үшін қызмет етуге шақырамыз!

2015 жыл, 25 қараша,
Өскемен.

(Арнайы бет – облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша әзірленді).

Осы айдарда

Back to top button