Мәңгілік ел Күлтегіннің көктасынан басталады
Пушкин атындағы облыстық кітапханада Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайдың директоры, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының төрағасы, ақын, жерлесіміз Несіпбек Айтұлымен кездесу өтті. Еліміздің Шығысында басталған «Мәңгілік ел» патриоттық эстафета-форумына арнайы шақырылған ақын кешті сиясы әлі кеуіп үлгермеген, осы сапар қарсаңында шығарған «Мәңгілік ел белгісі» өлеңімен ашты.
– Мәңгілік ел жайында сонау Күлтегіннің көктасында жазылған. Сол заманда Түркі қағанаты мәңгілік ел боламыз деп армандаған еді. Тоныкөктің «бет-бетіңнен би болғандығыңнан пәк қыздарың күң болды, нар ұлдарың құл болды» деп айтқан өкініші бар. Сол ата-бабаларымыздың мұратына жету үшін Елбасымыз «Мәңгілік ел» идеясын ұлттық идея ретінде, егемен еліміздің болашағын айқындайтын бағдар етіп алуды ұсынды. Осыдан екі жыл бұрын Елордада «Мәңгілік ел» қақпасы ашылғанын білесіздер. Өмірде мәңгілік ештеңе жоқ, бәлкім, аспандағы жарқырап тұрған Күн ғана мәңгілік шығар. Оны да ғалымдарымыз бір күні сөнеді деседі. Соған қарамастан ұлттық қадір-қасиетімізді сақтап, өз байлығымызға өзіміз ие болып, кең байтақ жерімізді қорғап қалсақ, Мәңгілік ел болғанымыз. Мәңгілік елдің белгісі желбіреген Туыңда, мемлекеттік тіліңде, жүрек пенен қаныңда, мұқалмаған намысыңда, – деп толғанған Несіпбек Айтұлы әдеби кешке жиналған жастарға ұлттық рух пен елдік сана жайында мазмұнды әңгіме айтты.
Алаштың азаттығы мен ұлттың ұлылығын жырлап келе жатқан ақын «Көкала үйрек», «Ту», «Ақмола шайқасы», «Бәйтерек» поэмаларын және 15-тен аса дастан жазған. Өзін ақын Қасым Аманжоловтың рухани шәкіртімін деп санайтын Несіпбек Айтұлы батырлар жайындағы жыр-дастандарды жазуға саналы түрде келгенін айтады. «Қазақта ел тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен хас батырлар өте көп, олардың әрқайсысы да мақтануға тұрарлық, жырлауға лайық тұлғалар. Батырларымыздың көзсіз ерліктерін бүгінгі жастарымыз, келер ұрпақ ұмытпас үшін, олардың бойына ұлтжандылықты сіңіру үшін осындай дастандарды жазуымыз керек» деп санайды өршіл ақын.
Азаттығымызды таным-түй¬сігімен барынша жеріне жеткізе жыр¬лап жүрген ақын кезінде балалардың «Балдырған» журналында да жұмыс істепті. «Дүниенің қиыны – балаларға өлең жазу» деп санайтын Несіпбек Айтұлы ұлттық әдебиетіміздің алтын бұлағы балалар әдебиеті болуы керек, оған мемлекет тарапынан қамқорлық таныту қажет деген пікірде.
Кездесу барысында жиналғандар ақынның ойлы жырларын тыңдап, өмірбаяны мен шығармашылығы турасындағы естеліктеріне қанықты. Жас таланттар ақын ағаларына арнаған өлеңдерін оқып, өздерін толғандырған сауалдарына тұщымды жауап алды.
Мағыналы да мазмұнды өткен кеште Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, «Шығыс-Ақпараттың» директоры ақын Нұржан Қуантайұлы ұлттық рухымызды асқақтатып жүрген ақынға келген сапары үшін алғысын жеткізсе, облыстық мәдениет басқармасының басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Ахметжанов сый-сияпат жасады.
Айна Ескенқызы