Қоғам

Мүгедектік дәрігерлік сараптамадан кейін беріледі

Мүгедектік дәрігерлік сараптамадан кейін беріледі


«Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Сатеков мүгедектік ала алмай жүрген семейлік тұрғындармен кездесті.

Солардың бірі – Қарлығаш Ахниязова қызы Зайтуна Касымова мүгедектік бойынша 3-інші топтан 2-інші топқа өту үшін өтініш жазыпты. Тағы бір тұрғын Тлеубай Айсанов соңғы кезде денсаулығы нашарлап кеткенін айтып, емдеу мекемелерінің мүгедектікке жолдама бермей жүргендеріне шағымданды.

– 1982 жылы аттан құлап, мертігіп ауруханада жаттым – деді Тлеубай Айсанов – Мүгедектік беріп еді, жаспын ғой, алмадым. Соның кесірінен әскер қатарына да бармадым. Соңғы үш-төрт жылда денсаулығым сыр беріп, ауырып жүрмін. Бірақ емдеу мекемелері медициналық сараптама комиссиясына жібермейді.

Арызданушылардың сауалдарына Семей қалалық әлеуметтік-медициналық эксперттік комиссия (МСЭК) бөлімінің жетекшісі Райхан Узбекова жауап берді.

– Тлеубай Айсановқа емделу керек, – дейді Райхан Узбекова, – квота арқылы ем-шаралар жасауға жазылып қойғаны жөн. Бірден мүгедектік бере салу мүмкін емес, бұл адам амбулаториялық, стационарлық, отамен емдеу сияқты кезеңдерден өтуі қажет. Эндопротездеуді жасату керек. Мүгедектікті тағайындаудың ереже, қағидалары бар, 44-інші бұйрықта көрсетілген. Дәрігерлер сізді төрт ай көлемінде қарап, емдеулері керек. Жағдайыңыз түзелмесе ғана емдеуші дәрігерлеріңіз медициналық сараптамаға жіберіп, содан кейін ғана мүгедектік беріледі.

Мейрамғазы Мұқажанов та 2005 жылдан бері қант диабеті ауруына шалдыққанын айтып, мүгедектікке өткізуді сұрады. Райхан Узбекованың анықтамасына сүйенсек, бұл науқас Үкімет тарапынан тегін инсулинмен қамтылған. Жағдайы әлі де болса назарда болады.

Талғат Ескалмасов омыртқа, буын ауруына ұшырағандықтан, 3-інші топтағы мүгедектіктен 2-інші топқа өткізуді сұрады.

– Алып келген құжаттардың барлығы мұқият қаралады, – деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Болат Сатеков, – мүгедектікті тағайындау не болмаса басқа топқа ауыстыру мәселесін қазір бірден шешіп беру мүмкін емес. Арыз-шағымдарыңыз бізге «Нұр Отан» партиясы арқылы келеді. Мүгедектік бермес бұрын, науқасты жан-жақты емдеу кезеңдері болады. Егер соған қарамастан науқастың жағдайы нашар болса, оны емдеу мекемесі арнайы комиссияға жіберетін болады.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button