Қоғам

МҮГЕДЕК ЖАНДАРҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

  МҮГЕДЕК ЖАНДАРҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандардың ел қатарлы еңбек етіп, қажет болса кәсіпкерлікпен де айналысуларына жан-жақты мүмкіндік туғызатын «Бизнес-инкубатор» деп аталатын орталық ашылды.
Орталықты ашу жұмыстарын 2014 жылы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен облыстық «Мүгедектер ерікті қоғамы» бірлесе отырып бастаған. Арада өткен бір жылда мүмкіндігі шектеулі жандардың түрлі мамандық иелері атанып, өздерін толыққанды қоғам мүшелері сезінулеріне жан-жақты мүмкіндіктер туғызылған. Айталық, орталықта ашылған курстан тәлім алған көзі көрмейтін зағип жандар белгілі бір мерзім аралығында адам денесіне массаж жасауды толық меңгерсе, енді бірі тігіншілікпен айналысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, осында келген мүмкіндігі шектеулі жандар жас ерекшеліктеріне қарамай-ақ, компьютерлік түрлі бағдарламаларды игеріп, кәсіби заңгерлерден заңгерлік кеңестер де ала алады.
– Бұл орталықтың ашылуына біз бір жылдан бері бірқатар әзірлік жұмыстарын жүргіздік. Былтыр осы уақытта бізде мына ғимарат қана болған. Одан бергі уақытта мұның іші-сыртына түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бөлмелері тігіншілікпен айналысатындарға, массаж жасайтындарға және компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істейтіндерге лайықталып жабдықталды. Жалпы біздің облыста түрлі топтарға жататын 58 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар болса, солардың 16 мыңға жуығы еңбекке жарамды адамдар. Десек те, өкінішке қарай қазір сырқат адамды қойып, қол-аяғы сау жандардың жұмысқа орналасуы қиындап кетті. Ал көптеген ірі кәсіпорындарда немесе басқа да жұмыс орындарында мүгедек жандардың алаңсыз, ел қатарлы жұмыс істеулеріне арнайы жағдайлар, мүмкіндіктер қарастырылмағандықтан тұрақты жұмысқа қабылдамайды. Сол себепті арамыздағы мүмкіндігі шектеулі адамдар қоғамдағы өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай, бойларындағы табиғи қабілеттерін көрсете алмай келеді. Сондықтан ол жандардың өздерінің толық мүмкіндіктерін пайдалануларына, белгілі бір кәсіби мамандық алып, болашақта жеке кәсіптерін ашып, бүгінгі нарық заманында өз орындарын тауып кетулеріне жағдай жасауды ойлап, осы «Бизнес-инкубаторды» ұйымдастырдық. Осы орталықтың мамандары мұнда келген мүмкіндігі шектеулі кез келген жанға барлық жағдайды туғызып, қажетті кеңестері мен көмектерін береді деп ойлаймын – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықова.
Мұнда кез келген мүмкіндігі шектеулі адам жас ерекшелігіне қарамастан алты ай тегін білім немесе қажетті кеңестер ала алады. Қазір облыс бойынша мұндай орталықтардың жеті филиалы аудандарда өз жұмыстарын бастапты. Болашақта барлық аудан орталықтарынан бөлімшелер ашу көзделіп отырған көрінеді
– Шығыс Қазақстан облыстық «Мүгедектер ерікті қоғамы» 1992 жылдан бері қоғамның барлық саласында өте белсенді әрі тыңғылықты жұмыс істеп келе жатқан ұжым. «2012 жылдан бастап осы ұжымды бүгінгі заман талабына сай жасақтап, жаңаша бағытта жұмыс істеуге, сөйтіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға неге мүмкіндік бермеске?» деген ой келді. Осы орайда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының біздің қоғамға созған қайырымдылық қолын, түсіністікпен қарап шамаларының келгендерінше көмектесіп, осы орталықтың ашылуына бірден-бір мұрындық болғандығын айта кеткім келеді. Бүгінгі таңда осы шағын ғана орталықтан түрлі мамандық алып, жұмысқа орналасып, бір сөзбен айтқанда, өмірден өз орындарын тауып жатқан түлектеріміз де бар. Бұл орталықтың жұмыс істей бастағанына көп уақыт өтпесе де, атап өтуге тұрарлық ерекшеліктері де жоқ емес. Мысалы, осыған дейін өздерін ешкімге қажетсіз, қоғамға еш пайдасы жоқ, өмірдің ағымынан қалып қойған жандардай сезініп, қорланып келген мүмкіндігі шектеулі жандар біздің орталыққа келіп мамандық иелері атанып, қоғамға өздерінің де қажет екендіктерін түсінді. Олардың да қолдарынан түрлі жұмыстар атқаруға болатындықтарына көздері жетіп, көңілдерінде үміт оты жанды, болашақтарына сеніммен қарай бастады – дейді «Мүгедектер ерікті қоғамының» төрайымы Мағиза Мирвазидинова.
Бірқатар мекемелер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін арнайы шақырып, салтанатты жағдайда ашылған «Бизнес-инкубатор» орталығы бүгінгі күні толыққанды жұмыс істеп жатқандығына көз жеткіздік. Аядай ғана үш бөлменің бірінде мүмкіндігі шектеулі жандар массаж жасАудың қыр-сырын үйреніп, тәжірибе жүзінде оны жүзеге асырып жатса, енді бір бөлмедегі қыз-келіншектер тігін машинкаларының құлағын ұршықша үйіруде. Үшінші бөлмеге орналасқандар да компьютерлік бағдарламалармен алуан түрлі жұмыстар атқарып, қайсыбіреулері арнайы заң мамандарынан өздеріне қажетті кеңестерін алуда. Кіреберіс есік сатысының биігірек орналасқандығын ескерген ұйымдастырушылар мүгедектерге арналған арбамен жүріп-тұратындардың да жағдайын ескеріп, арнайы көтеріп-түсіретін құрылғы орнатыпты.
Бүгінгі күні бұл орталықта 68 адам түрлі мамандық алмаққа білімдерін ұштап жатса, солардың 28-і облысымыздың аудандары мен қалаларынан келгендер. Таяу күндері олардың бірі массажистің, бірі тігін өнерінің, енді біреулері веб-дизайнер немесе шаштараз, ағаш ұстасының дипломдарын алып, қоғамның толыққанды мамандары ретінде еңбек майданына араласатын болады.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button