Мүгедек жандар жұмыспен қамтылады
Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, олар өздерін мүгедек деп мүсіркегенді, кембағыл деп кемсіткенді еш ұнатпайды. Олар да қоғамның толық мүшесі. Олардың да еңбек етіп, ел қатарлы өмір сүргісі келеді. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының ұйтқы болуымен «Сен де мен сияқтысың» атты акция бастау алды.
Бір қуанарлығы, қазіргі күні елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесіне үлкен көңіл бөлініп отыр. Тәуелсіздік мерекесіне арналып өткізіліп отырған «Сен де мен сияқтысың» атты акцияның алдына қойған негізгі мақсаты да осы, яғни, мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына барынша қолдау көрсету.
– Біздің басқарманың бұл бағытта қалыптасқан жақсы тәжірибесі бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарды әркез қолдау – біздің парызымыз. Бір айға созылатын осынау акция барысында жұмыс берушілер өздерінің білікті қызметкерлерін дәл осы мүмкіндігі шектеулі жандардың арасынан табады деп үміттенеміз, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықова.
Бүгінгі күні облысымызда 57 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар болса, биыл облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына 874 адам жұмыс іздеп келген көрінеді. Аталған басқарма үстіміздегі жылы 1067 мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа орналастыруды жоспарласа, барлығы 1222 адам жұмысқа орналасқан. Олардың 475-інің жұмысы тұрақты. Басқарма мамандары мұндай көрсеткіштің соңғы он жылда тіркелмегенін айтып отыр.
Дәл бүгінгі күні өңірдегі мемлекеттік мекемелерде 243 адам қызмет істеп жүрсе, олардың 200-і үшінші топтағы, 37-сі екінші топтағы, алтауы бірінші топтағы мүгедектер екен.
«Сен де мен сияқтысың» атты акцияның тұсаукесеріне мүгедек жандардың санатына жатқанымен, сау адамдармен бірдей облыстық жұмыспен қамту және бағдарламаларды үйлестіру басқармасында еңбек етіп жүрген Райхан Байқанова мен Айғаным Ермекова да қатысты. Екеуі де өз ісінің шебері. Ұжымға сыйлы. Райхан бос уақытында өлең жазумен шұғылданатын көірнеді. Залда жиналған қауымға өзінің анасына арнап шығарған өлеңін де оқып берді. Ал Қ.Нұрғалиев атындағы колледжді үздік бітірген Айғаным қоғамдық жұмыспен де айналысады. Болашақта өз кәсібін ашу да оның ойында бар.
Бір атап айтарлығы, бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алушы мекемелер мен кәсіпорындардың да қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – «Халыққа қызмет көрсету орталығының» облыстағы филиалы. Аталған мекеменің директоры Азамат Есембұловтың айтуынша, қазіргі күні мұнда 12 мүмкіндігі шектеулі жан қызмет істеп жүр.
Сонымен қатар, білімге құштар мүмкіндігі шектеулі жастардың кәсіби білім алуына да жол ашық. Радиотехника және байланыс колледжі мұның айқын мысалы бола алады.
Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеуде аз қамтылған азаматтарды қолдау жөніндегі аймақтық қордың да тәжірибесі мол. Сондай-ақ, халықтың бұл тобымен жұмыс істеуде «Даму-көмек» қоры да үлкен бағдарламалар ұсынып отыр.
– Сіздер іштей тұйықталып өмір сүрмей, бізге үн қатыңыздар. Біз сіздерге көмек қолын созуға әрқашан дайынбыз, – деп түйіндеді өз сөзін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықова.
Мейрамтай Иманғали