Мәжілістің жалпы отырысы қаңтар құрбандарын еске алудан басталды

Бір минут үнсіздікпен еске алды
«Осыдан тура бір жыл бұрын қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде жазықсыз жандар нақақтан қаза болды. Бүгінгі жалпы отырысымызды қаңтар құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алудан бастауды ұсынамын», – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінде қаңтар оқиғасына қатысты Бас Прокуратура, Ішкі істер министрлігі және Қорғаныс министрлігі арнайы көрме ұйымдастырды.
Атап айтқанда, былтыр қаңтарда полиция департаменттерінен, қару-жарақ дүкендерінен ұрланған қару мен оқ-дәрі және басқа да заттар көрмеге жеткізілген. Бұл қару-жарақтың барлығы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан адамдардан тәркіленген болатын.
«Мемлекет құламайды» деген бір сөзімен халыққа рух берді
Қаңтар оқиғасында халқымыздың ақыл-парасаты мен бірлігінің арқасында, Президенттің ерік-жігерінің арқасында мемлекеттігімізді сақтап қалдық. Бұл пікірді Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов айтты.
«Бүгін Мәжіліс қабырғасында осымен екінші рет Бас прокурор мен құқық қорғау органдарының басшыларын тыңдадық. Ең басты айтар кетерлігі – бұл Парламенттегі тыңдау тікелей эфирде өтіп жатыр. Бұл мемлекеттің, биліктің ашықтығын және осы ауыр мәселені егжей-тегжейлі анықтауға ерекше мүдделі екенін көрсетеді. Халқымыздан жасыратын ештеңе жоқ, соған қоғам да шындыққа көз жеткізу керек деп санаймыз», – деді палата төрағасы.
Оның айтуынша, қаңтар оқиғасының нақты жоспарланған ауыр қылмыс екенін дәлелдейтін фактілер жеткілікті, бүгін айтылды. Бұл жайттар Бас прокурордың баяндамасында да толық қамтылды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күні қаңтардағы қайғылы оқиғалардың негізгі себеп-салдары белгілі деуге болады.
«Қаңтарды ұйымдастырушылардың көздегені – қантөгіспен болсын, қандай да жолмен билікті басып алу еді. Мәжілісте көрсетілген айғақтар мен қару-жарақтар көрмесі бүлікті ұйымдастырған топтың осы пиғылын анық дәлелдейді. Олар өз дегендерін жүзеге асыру үшін бейбіт халықты қалқан етті, аңғал жастарды адастыруға тырысты. Бұл ашығын айтқанда Тәуелсіздікке жасалған қастандық болатын. Бірақ халқымыздың ақыл-парасаты мен бірлігінің арқасында, Президентіміздің ерік-жігерінің арқасында мемлекеттігімізді сақтап қалдық», – деді Е. Қошанов.
Сонымен бірге, Е.Қошанов бүлікшілердің басты мақсаты – халықты үйрейлендіріп, қоғамды аласапыран қылып, Президентті қызметінен кетуге мәжбүрлеу болғанын айтты.
«Мен Мемлекет басшысының осындай қиын жағдайда мойнына ауыр жауапкершілік алып, батыл шешімдер қабылдағанына куә болдым. Ол туралы айтылып та, жазылып та жүр. Соның барлығы шындық. Осындай сын-сағатта Қ. Кемелұлы «Мемлекет құламайды» деген бір ауыз сөзімен халыққа рух беріп, үндеу жариялады. Мемлекетті бұрын-соңды болмаған қиындықтан алып шықты. Ең бастысы, елдің туы жығылған жоқ. Кешегі жалпыұлттық референдумда, Президент сайлауында халықтың Қасым-Жомарт Тоқаевты жаппай қолдауы, зор сенімі осының шынайы көрінісі, дәлелі деп санаймын», – деді Мәжіліс төрағасы.
Басты мәселе мемлекеттігімізді сақтап қалу болды
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Telegram арнасында осыдан бір жыл бұрын болған қасіретті қаңтар оқиғасы туралы жазба жариялады.
«Осыдан бір жыл бұрын қайғылы қаңтар оқиғасы болды. Сол күндері теріс күштер бейбіт шерулерді пайдаланып, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты. Олардың басты мақсаты – жүргізіліп жатқан жаңашылдықтарға тосқауыл болып, ескі тәртіптерді сақтап қалу еді.
Сол сәтте еліміздің хаос пен анархияға түсу қаупі төнді. Әр минут маңызды еді. Бұл уақытта басты мәселе мемлекеттігімізді сақтап қалу болды. Азаматтардың бірлігі мен Президенттің шешуші әрекетінің арқасында мемлекеттік төңкеріс болмады. Біз үлкен апатты болдырмай, жағдайды тұрақтандыра алдық», – деп жазды Е. Қарин.
Сонымен қоса, ол қаңтар оқиғасынан кейін еліміздегі либерализация мен демократияға бағытталған қозғалыс дами түскенін атап өтті.
«Мұндай дағдарыстарды бастап өткерген мемлекеттердің билігі әдетте жағдайды жабық ұстауға, саяси жүйені мығымдауға немесе қатаң тәртіп енгізуге тырысады. Бұл орайда, еліміздегі либерализация мен демократияға бағытталған қозғалыс тоқтап қалмады, керісінше ол үдей түсті.
Президенттің бастамасымен елімізде қарқынды және жан-жақты жаңғырту процесі басталды. Мемлекет басшысының стратегиялық бағыты қоғамның қолдауына ие болды. Мұны Конституциялық референдум мен кезектен тыс Президент сайлауының нәтижелері дәлелдейді.
Енді біздің алдымызда қоғам бірлігін сақтай отырып, жоспарланған реформалар легін толық жүзеге асыру міндеті тұр», – деп мәлім етті Мемлекеттік кеңесші.
Қаңтар оқиғасы қайталанбауының жалғыз жолын атады
Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан концепциясын іске асыру Қаңтар сияқты оқиғалардың болашақта қайталануын болдырмаудың жалғыз жолы. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан айтты.
«Осы жерде отырған билік өкілдерін болсын, депутаттар, қоғам белсенділері, жалпы елдегі проблемаларға бей-жай қарамайтын саналы азаматтарды мазалайтын басты мәселе ол – қасіретті Қаңтар сияқты оқиғалардың болашақта қайталануын болдырмау деп білемін. Оның жалғыз ғана жолы Мемлекет басшысы бекіткен Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан концепциясының сөз жүзінде қалып қоймай іске асуында жатыр. Олай деуімізге себеп, біз комиссия құрамында жүріп, қамаудағы азаматтармен жеке кездесу, сұхбаттасу барысында олардың алаңға шығуына түрті болған ең негізгі фактор ол – әділетсіздік екеніне көз жеткіздік. Яғни, әлеуметтік-экономикалық жағдайдан бұрын осы әділетсіздікке деген төзбестік сезім елдің жаппай алаңға шығуына шешуші рөл атқарған деген қорытындыға келдік», – деді ол.
“Қазақпарат” агенттігінің сайтынан алынды