Межелі биікке, көздеген табысқа қол жеткізді
Хасен Зәкәрия, Күршім
Кезінде ұзақ жылдар бойы мемлекеттік автоинспекцияда қызмет істеп, ұқыптылығымен, әділ де қатал мінезімен танымал болған Қабдолда Рахметқалиұлы зейнет демалысына шыққаннан кейін заманның ыңғайына орай жеке кәсіпкерлікке ден қойған болатын. Пысық-ширақ қария сол кәсібін 67 жастан асқанша тиянақты да табанды түрде жүргізіп келе жатыр.
– Барлық мекеме-кәсіпорындар, совхоздар жабылып, жұмыссыздық бел алған уақытта ауыл тұрғындарының дағдарып, не істерін білмей қалғаны рас қой, – дейді Қабдолда қарт. – Еті тірі, жағдайлы азаматтар дереу өз кәсіптерін жолға қойып, тіршілік істей бастады. Мен де біраз ойланып-толғанып барып, тәуекелге бел будым. Ол кезде біз үшін көп нәрсе түсініксіз әрі үрейлі еді ғой.Балалар жас, оларды оқытып-жеткізу керек, жалғыз зейнетақымен алысқа ұзай алмайтының белгілі. Осының бәрін оймен сараптап алып, 1998 жылы «Бесжұлдыз» атты шаруа қожалығын құрдым.Қожалық атауындағы бес деген сөз – Берік, Ерік, Сержан атты ұлдарымның есімдерінің алғашқы әріптері болатын.«Жұлдызымыз биіктен жарқырасын!» деп ырымдап, оған «жұлдызды» қостым. Сонымен тірлігіміз басталып кетті.
Қабдолда зайыбы Тамара Әшімханқызымен ақылдаса келе, аудан орталығынан 12 шақырым жердегі Көкжыра атты учаскені сатып алды. Қора-сайманы бүтін дегені болмаса, төңіректегі аумағы тар қонысты қолға алған Қабдолда біртіндеп сатып алып, жер көлемін кеңейте бастады. Алдымен ол өз учаскесінде қарбыз өсіріп, алған өнімін Өскеменге, маңайдағы ауылдарға апарып, саудалады.
– Біз қарбыз өсірудің жолын білмедік қой, – дейді Қабдолда. – Сол жылдары Алматыдан Виктор Хон деген корей азаматы келіп, Топтерек ауылы маңына қарбыз еге бастаған болатын. Мен төрт жыл сол Хонмен аралас-құралас жұмыс істеп, әжептәуір тәжірибе жинақтадым. Салған қарбызым да өнімді болып, төккен терімді ақтай бастады. Енді біз қияр, қызанақ, баклажан, жүгері егіп, оларды да Өскемендегі «Дина» базарына апарып, саудалайтын болдық. Менікі шапқылап, тасымалдаған ғой, бар шаруаны Тамара бітіріп отыратын. Маусым айында сол «Динаға» барып орныққан ол жаз бойы өнімдерімізді сатумен айналысып, үйге қыркүйек туа қайтатын еді. Есесіне саудамыз тиянақты, нәтижелі болды.
Бұлар кіріскен бойда ойдан орып, қырдан қырып, пайданың астында қалды деп ойлайтын адам болса, қатты қателеседі. Маңдай терді аямай төге жүріп, кәсіпкер жандар бейнеттің де алуан түрін бастан кешті. Құрғақшылықтан талай зардап шекті, неше мәрте пісіп-жетіліп тұрған өнім атаулыны мезгілсіз уақытта жауған бұршақ тас-талқан етіп, бар еңбектерін зая қылды. Соңғы тиындарына дейін жұмсаған қаржылары да талай желге ұшты. Дегенмен, олар мойыған жоқ, тартқан әр зардаптан сабақ ала отырып, шеберліктері мен әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсті. «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» дегендей, ақырында межелі биікке, көздеген табысқа қол жеткізді.
Кәсіптері үмітті ақтай бастаған Қырықбаевтар енді мал өсіруге бел шеше кірісті. Алдымен мемлекеттен біраз несие алған олар 75 еділбай қойын сатып алып, оны біртіндеп асыл тұқымды байыс қойына айналдыра бастады. Ет бағытындағы ірі қара сатып әкеліп, оның да басын молайтуға күш салды. Көп ұзамай іргені жылқы үйірлері дүбірлете бастады. Шаруашылық мүшелері бие байлап, қымыз ашытуды қолға алды.
– Қой бағудың жай-жапсарын жетік білетін адам болмаса, Шопан ата түлігімен айналысқан оңай емес екен, – дейді Қабдолда. – Оның үстіне сенімді қойшы табылмай, таза әуреге түстік. Ақыры, «Берекесін басқа түліктен берсін!» деп қойды сатып жібердім. Осы бағытқа төселген адам екен, естіген бойда Шемонаихадан тіркемелі «Камазбен» келді де, қалған 150 байыс тұқымдас қойды тік көтере сатып әкетті.
Осындай істерді оң жолға қойып, көрнекті кәсіпкер атанған Қырықбаевтар мұнымен шектеліп қалған жоқ. Олар аудан орталығынан дүкен ашып, өздерін коммерция саласында да сынап көруге бел байлаған болатын. Күршімнің Зангин көшесінен Тамара Әшімханқызы ашқан «Қара бура» дүкені 2007 жылдан бері бір мөлтекауданға қалтқысыз қызмет істеп тұр десек, бұл артық айтылған сөз бола қоймайды. Бұл дүкенде азық-түліктің барлық түрлері, көкөніс, сонымен бірге ауруға ем, сауға қуат дәрі – қымыз бен қазір жұрт көп тұтынатын саумал да тұрақты түрде саудаланады. Қажетті азық-түлікті Қабдолда ағамыз егде тартқан жасына қарамастан жекеменшік көлігімен облыс орталығынан өзі тасымалдайтын. Қазіргі уақытта оның жұмысы көп жеңілдеді, бүгінде өнімдерінің өтуіне мүдделі фирмалар азық-түліктің барлық түрлерін аудан дүкендеріне өздері жеткізіп, түгелдеп беріп отырады.
Еңбекқор отбасында тәрбие алып, маңдай термен табылған теңгенің қадірін біліп өскен балалардың да талапты болып өсетіні белгілі. Қабдолда мен Тамараның үлкен ұлы Берік әкесінің жолын қуып, көп жылдар бойы полиция қатарында қызмет істеді.Зейнет демалысына шыққан бойда Өскемен қаласындағы бір фирмаға күзет бастығы болып орналасқан ол қазіргі кезде сол мекемеде вахталық тәсілмен жұмыс істейді. Берік үш бала өсіріп отыр. Екінші ұлдары Ерік Күршімдегі өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарады. Оның бес перзенті бар. Кенже ұл Сержан облыс орталығындағы қаржы полициясының белді қызметкері. Ол сыбайлас жемқорлықпен күрес бөлімінде еңбектенуде. Ол да үш баланың әкесі.
Қай кезде де, қайда жүрсе де білгенін ортаға салып, аптыққанға «сабыр» деп, адасқанға жөн сілтеп жүретін Қабдолда Рахметқалиұлы өзінің өнегелі ұрпағын, балдан тәтті немерелерін орынды мақтан етеді. Біраз қырдың басын шалып қалғандарымен, Тамара жеңгей екеуінің алға қойған жоба-жоспарлары жеткілікті. Біз олардың бойда қуат барда сол жоспарларын қапысыз орындайтындарына еш күмән келтірмейміз.