Мейрамбектің «Еділбайына» арабтар құда түсіп кетті
Тарбағатайдың ұсақ шоқылары қой шаруашылығын өрістетуге өте қолайлы мекен. Алайда, соңғы екі жылда заманында табысы көл-көсір болған шопан ата тұқымы аудан бойынша екі есеге қысқарыпты. Оның да өзіндік белгілі себептері болса керек. Ал ауылдағы ағайын «қой бағатын малшы да, қой өсіретін кәсіпкер де» жоқтың қасы дегенді айтып жүр.
Дейтұрғанмен, мехнаты көп, табысы көл-көсір ата кәсіпті өркендетіп отырғандар да аз емес, солардың бірі – Көкжыра ауылдық округіне қарасты «Қызбай» қыстағында отырған әкелі-балалы Шотабаевтар. Мал өсірудің қыр-сырын жете меңгерген жандар осыдан төрт-бес жыл бұрын «Мирас» шаруа қожалығын құрып, қолдағы өз малдарын алдына салып осы қыстаққа келген екен. Сол малдары екі есеге өсіп, табыстары өз-өздерін молынан асырауға жетіпті.
Шаруашылық иесі Мейрамбек Жәнібековті қыстақты тазалап, енді жайлауға көшуге қамданып жатқан жерінде кезіктірдім. Орта бойлы қара торы жігіт заманында спортпен айналысқан екен, енді міне, әкесімен бірлесіп ата кәсіпті ашыпты. Биік шоқының үстінде отырып әңгімесін бастаған Мейрамбектің айтысына қарағанда, алғашқыда олар қожалық қажетіне 200 га жер алыпты. Осыны игерсек те болады деп. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, бүгінде шаруашылық жер көлемін 3000 га жерге ұлғайтқан. Мал басы өсті, шабындық жер де көбейген. Қазір шаруашылық 750 бас қой, 120 бас аналық сиыр, 70-ке жуық жылқы өсіріп отыр. Алдағы жылдары Көкжыра ауылынан қымызхана ашпақ ойлары бар.
Шаруашылық иесі осы жылдарда иен жатқан шалғайдағы қыстақты адам танымастай өзгерткен, жаңадан үй салған, малшылар мен сақманшыларға, қосымша жұмысқа келетін жұмысшыларға арналған шағын жатақ салған. Қыстақтар да өркениеттен қалмаған.
– «Отау»ТВ жер серігі бар. Малшылар тегін тамақтанады, малшы қауымына тиісті жағдай жасамасаңыз, мал бағуға құлқы мүлде жоқ. Өйткені, шопанның бір күндік табысы үш теңгені құрайды, айлығы қаладағы ағайыннан да жоғары, сондықтан оларға жағдай жасап, жалақысын уақытында берген абзал, – дейді Мейрамбек бауырымыз. Мейрамбектің тағы бір ортаға салған орамды ойы – шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту өте қиын, оған төзімі жеткендер ғана шыдап, табысқа кенеледі. Қазір кезінде табысы көл-көсір болған қой шаруашылығының шығыны шаш етектен болды. Мәселен, қорада тұрған бір қой бір аттың екі күндік шөбін жеп қояды екен. Ал Мейрамбек болса шөпті шабындық жерінен қыстаққа жетпіс-сексен шақырымнан таситын көрінеді. Малдың азығы осындай қиямет-қайыммен келеді. Ал оның жүнін далаға лақтырамыз, терісін ит жұлмалайды. Қазақтың қасиетті малының қадірі кеткені осы емес пе?!
Қой шаруашылығының шығынын азайтып, табысын арттыруды көздеген «Мирас» қожалығының иесі қазір нарықта еті өтімді, экологиялық таза қылшық жүнді қойды ұстап отыр. Бұл қой суыққа төзімді, қыс бойы өз аяғымен өрісте болады. Осыдан бір жыл бұрын Мейрамбектің алыстағы шаруашылығында тұрған қойдың «Еділбай» тұқымына осы өңірге сапарлап жүрген арабтардың аңсары ауыпты. «Еділбай» тұқымын көріп, қасиетіне тамсанған олар осы жылдың соңына қарай келетінін айтып кетіпті. Мейрамбектің ендігі мақсаты – етке өткізетін, экспорттайтын мал басын асылдандыру. Қазір «Мирас» шаруашылығы техникамен толық қамтылған, құдықтары қазылған. Шалғайдағы шағын шаруашылық төрт шопанды жанұясымен ұстап отыр, өз отбасымен қосқанда оншақты жан бар. Олардың барлығына Мейрамбек рухани жағынан да қамқорлық жасап, облыстық «Дидар» газетіне сегіз отбасын тегін жаздырған. Оларға республикалық, аудандық басылымдарды да жаздыртып берді.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.