Қоғам

Мейрамғазы желді жұмысқа жекпек

Мейрамғазы желді жұмысқа жекпек


Нарық заманының талабы бөлек. Бұл ғасыр дайын асқа тік қасық болуды көтермейді. Осыны түсінген шалғай ауылдың шеберлері қарап жатпай, кәсіптің жаңа әрі күрделі, өзіне де, қоғамға да пайдалы түрлерін игере бастады. Жақында аудан орталығының дәл іргесіндегі «Екпін» ауылының темірден түйін түйетін ауыл кәсіпкері желден энергия өндіретін шағын қондырғы жасауды қолға алды.

Мейрамғазы Қапанов бала күнінен ұсталықпен айналысқан. Аудан тұрғындары оны «таға ұстасы» деп атайды. Шебермен таяуда арнайы жолығып қайттым. Қарапайым, жайдары жан екен.

– 1995 жылдың жазы болатын. Ауылда ештеңе қалмаған. Жұмыс іздеп көбі қалаға жөңкілді. Мен әкеден үйренген кәсіпті бастауды ұйғардым. Ол кіс кеңес кезінде кеңшардың ұстасы болған. Таға соғудың қас шебері еді. Әкемнен қалған кәсіпті жаңғыртпақ болып, қолдан көрік жасап, ауылдағы темір-терсекті жинап, таға соғуды бастадым. Күніне мың данасын жасаған кездерім болды. Ісім алға басты. Келушілердің қатары күн санап көбейді. Ауыл дүкендеріне апарып саттым, балықшыларға сүймен соғып беріп жүрдім. Келе-келе кәсіптің басқа жолдарын іздедім.
Ауылдағы шаруа қожалықтарының иелері дәнекерлеумен айналысқанымды естіп, трактордың тіркемесін, жем тартатын қондырғы жасауға тапсырыс бере бастады, – дейді ол, – осының барлығын жалғыз өзім қолмен жасадым. Бұл – атадан қалған өнер. Ұлы атам заманында Құнанбай қажыға талай таға соғып бергендігін әкем айтып отыратын.

Зергерлік, мүсіншілік Қапановтардың қанында бар. Мейрамғазының әрі қолқанаты, әрі кеңесшісі болып жүрген ұлы – Жандос Семейдің Шәкерім атындағы университетінің көркемсурет, мүсін факультетін тәмамдаған. Жандостың да шеберлігі қазір байқала бастаған. Оның жасаған мүсіндерін әр ауылдың кіреберісінен көресіз. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қомақты қаржы алған әкелі-балалы шеберлер қазір желден электр қуатын өндіретін шағын қондырғы жасауды ойластырып отыр.

– Өткен жылы Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында болдым. Сол ауылдың бір азаматы өз қыстағында желден қуат өндіретін кішігірім қондырғы жасапты. Байқап қарасам, көп нәрселері жетіспейді екен. Мен әлгі қондырғыны қайта жасап шықтым. Қазір бір қыстақты электрмен қамтып отыр. Сол суықбұлақтық кәсіпкер маған тағы екі қондырғы жасауға тапсырыс берді. Дәл қазір біздің ауданда судан, желден, күннен, биогаздан жаңғыратын қуат көздерін пайдаланатын мүмкіндік мол. Әттең, соны қолдайтын арнайы бағдарлама болса ғой, – дейді шебер.

Мейрамғазы бұл істі өз бетінше жүзеге асыра бастаған көрінеді. Қазір ол желден электр қуатын өндіретін үш қондырғыны өзінің шағын дәнекерлеу цехында жасау үстінде. Темірден соғылған қосалқы бөлгектерді дайындап та қойыпты. Бүгінгі таңда аудан бойынша 83 қыстақ бар.
Олардағы 200-ден астам тұрғын өркениеттен мүлде ада десе де болады. Мейрамғазы жасаған қондырғылар оларға орнатылып жатса, талай адамның тұрмысы жеңілдер еді.

Шебер желден қуат өндіретін алғашқы қондырғысын іске қосуды Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу күніне орайластырып отыр.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button