Мейрам қарсаңында екі полицей медальмен марапатталды
Наурыз мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев полиция кешенді күштерінің гарнизондық жиында ҚР Ішкі істер министрінің атынан келген құттықтауды оқып, заңдылық пен құқықтық тәртіп саласында аянбай, мінсіз қызмет етіп жүрген жеке құрамға алғысын жеткізді.
Сағат Мадиев салтанатты шара қатысушыларына Полиция департаментінің жеке құрамы алдағы уақытта да облыс азаматтарының құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ете отырып, қызметтік борышын үлгілі және жанқиярлықпен атқаратынына сенім білдірді.
Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, салтанатты шара барысында еңбегімен ерекше көзге түскен полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, облыстық ПД бастығы полицейлер Нұржан Кәкеев пен Бекарыс Әбдолдановқа «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальін салтанатты түрде табыстаған.
Еске салсақ, 8 ақпанға қараған түні Өскемен қалалық Полиция басқармасының патрульдік жасағы көпқабатты үйлердің бірінде тыныштықты бұзу туралы шақырту алған болатын. Шақыртуға жедел жеткен полицейлер ішімдік ішіп, қатты шулап сөйлеп тұрған екі ер адамды көрген. Оларға тәртіп бұзғандарын түсіндіріп, шу шығармауды өтінген. Алайда, екі ер адамның бірі полиция қызметкерінің мойын тұсына пышақ салып, қаша жөнелген. Алған пышақ жарақатына қарамастан, полицей Нұржан Кәкеев тәртіп бұзушыны қуып жетіп қолға түсірген болатын.
Дәурен Аллабергенұлы