«Дидардың» қонағы

Мейрам Баймұханов, мүсінші: Қоғамның санасын жалған жұмыстармен тұмшалау қылмыс

Мейрам Баймұханов, мүсінші: Қоғамның санасын жалған жұмыстармен тұмшалау қылмыс

Әйгілі француз мүсіншісі Огюст Роден бірде былай деп айтқан екен: «Суретшіге барлығы ғажап көрінеді. Өйткені оның ұшталған жанары әрбір тіршілік иесінің, әрбір заттың болмысын аша түседі. Демек, сыртқы пішінді бейнелеу арқылы ішкі жан-дүниені сездіртеді. Шынайы сұлулық дегеніміз де сол. Ықыласпен зерттеңіздер бұл сұлулықты. Күмәнсіз, ізденістер сізді ақиқатқа алып келеді». Роденнің бұл сөздері бүгінде өзінің мән-мағынасын жоғалтпағандай. Мейрам Баймуханов – өмірдегі ақиқатты өнермен тінтумен келеді. Ресейдің Омбы қаласында дүниеге келген қандасымыз бейнелеу өнерінде өзіндік мәнерімен танымал. Санкт-Петербург шаһарынан Семейге ат басын тіреген шеберді әңгімеге тартып, заманауи мүсіннің ахуалына қанықтық.

Өнерге деген махаббат қанмен дарыған

Сұхбатты бастамас бұрын «Мейрам Баймуханов кім?» деген сауалға жауап берген жөн болар. Жоғарыда атап өткендей, ол – Ресей Федерациясының Омбы қаласының тумасы. Оның өмірге келмей тұрып болашақ мамандығы айқындалып қойған-ды. Әкесі Геймран Баймуханов – Омбы мемлекеттік педагогикалық университетіндегі академиялық кескіндеме және сурет кафедрасының профессоры, Ресей Суретшілер одағының мүшесі, көршілес елдегі беделді кескіндемешілердің бірі. Мұны негізге алсақ, Мейрамның басқа саланы таңдауы мүмкін емес-ті. Солай болды да. Жастайынан бейнелеу өнерінің әлеміне бойлаған кейіпкеріміздің бара-бара эстетикалық талғамы ұштала түсті. Кейіннен Пензадағы К.Савицкий атындағы көркем училищесінің мүсін бөлімін тәмамдап шығады. Онымен тоқтамай, Красноярск көркем институты мен И.Репин атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық кескіндеме, мүсін және сәулет институтында білімін шыңдайды. Жастығына қарамастан, шебердің бағындырған белестері және ғылыми атағы мен регалиялары аз емес. Ең негізгілерін жіпке тізсек, 2009 жылы Барнаулда өткен Сібірдің жас суретшілері IV аймақаралық көрмесінің гран-при лауреаты, «Аз. Арт. Сібір – 2015» VII аймақаралық жастар көрмесінің «Мүсін» аталымында гран-при лауреаты, сондай-ақ 2010, 2012, 2013 және 2015 жылдары Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысындағы бірқатар сәулет және мүсін ескерткіштерін қайта жаңғыртуға атсалысқан. Бұдан бөлек, көптеген аймақтық, аймақаралық, бүкілресейлік және халықаралық көрмелермен қатар байқаулардың қатысушысы. Ресей Федерациясының Суретшілер одағының мүшесі, Санкт-Петербург қаласы Суретшілер одағының мүшесі және жуырда ғана алған соңғы атағы – Қазақстан Республикасы Көркем академиясының академигі. Десек те бұл айтылғанның барлығы жас мүсіншіні оқырманға жақындата түспесі анық. Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында бауырлас Түркия мемлекетінде салмағы 500 тонна, биіктігі 70 метр болатын «Көроғлыға» алып ескерткіш қойылған еді. Мүсінші Мұрат Мансұровтың авторлық жұмысын сомдауға, міне, осы Мейрам Баймуханов та септесті. Өнер коллаборациясының жемісі дүйім Түркі әлемін таңғалдырды. Ал жас шебер мұндай көлемдегі монументалды жобадан таптырмас тәжірибе жинақтап қайтты. Енді сөзді тартып, риясыз әңгімеге кезек берейік.

Бейнелеу өнеріне Рембрандт алып келді

Мейрам Баймұханов, мүсінші: Қоғамның санасын жалған жұмыстармен тұмшалау қылмыс

– Бейнелеу өнерімен алғаш танысқан сәтіңіз есіңізде ме?

– Кезінде әкем Рембрандт туралы бір кітапты оқуға берген еді. Өте қызықты еңбек. Негізінен суретшілер өз өмірі жайлы тартымды жаза біледі. Басқа кәсіп иелері сынды таңнан кешке дейін бір орында жұмыс істеу суретшіге жат. Біздің кәсібіміз көңіл-күйге байланысты. Осының барлығы сол кітапта жан-жақты көрсетілген. Міне, содан бастап бұл салаға ден қойдым. Әлі күнге дейін мамандық таңдауда қателеспегеніме қуанамын. Кеңсе менеджеріне қарағанда, мүсіншінің жұмысы әлдеқайда қызықты деп ойлаймын.

– Осы уақытқа дейін қолыңыздан қанша жұмыс шықты?

– Шыны керек, санақ жүргізбеймін. Санкт-Петербургтің өзінде реставрациялық жұмыстар жетіп артылады. Институт қабырғасында 3-ші курстан бастап рельефті композицияларды сомдай бастадым. Мысалы, кеуде мүсіншелері мүлдем есепке алынбайды. Ал ондай еңбектерім аз емес.
– Мүсіннің қандай түрлері жаныңызға жақын?

– Мына түрімен ғана айналысамын деп айта алмаймын. Әртүрлі бағытта жұмыс істеген ұнайды. Монументалды ескерткіштерден бастап станокты мүсінге дейін. Бір кездері Қазақстанда бейнелеу өнерінің құлдырау кезеңі болды. Бұл теорияны мен жиі айтып келемін. Мысалы, балбал тастарды алып қарайық. Өз дәуірінің мінсіз ескерткіштері. Олардың формалары кәсіби тұрғыда орындалған. Ал XX ғасырдың басында социалистік реализм бағыты келді. Бірақ осы екі кезеңнің ортасында үлкен вакуум пайда болды. Міне, осы сұрақ мені қатты ойландырады.

– Өзіңізді қандай бағыттың өкіліне жатқызасыз?

– Академиялық білім алғандықтан, дәстүрлі мектепке жақынмын. Әйтсе де жеке шығармашылықта басқа бір жанрда мүмкіндігімді көргім келеді. Адам өмір бойы ізденумен өтеді. Сондықтан да дара жолымды іздеумен келемін.

-«Өнерде шекара жоқ» дегенді жиі естиміз. Орта ғасырларда Еуропада интеграциялық процестер қарқынды жүрді. Мәдениетте тіпті айқын көрінді. Қазіргі өтпелі кезеңде ұлттық мүсін өнерін қалыптастыру мүмкін бе?

-Әлбетте, мүмкін. Сол орта ғасырдың өзінде мәдени импорт қатты жүргенімен әр мемлекет өзіне тән рухани құндылықтарын сақтап қалды. Мысалы, неміс өнерінің жоғарғы кезеңі мен итальяндық өнер дәуірін салыстырсақ, мүлдем бөлек. Неміс халқы табиғатынан қалыптасқан заңдылықтарды берік ұстанады. Мәдениеттерінде дәл солай, барлығы қатаң қағидаларға негізделген. Итальяндықтарда керісінше үрдіс байқалады. Дегенмен ортақ тұстары бар. Қазақтың ұлттық мүсін мектебін қалыптастыруға әбден болады. Тек оны жан-тәнімен түсіне білетін қайраткерлер керек. Кім біледі, бәлкім, бұл істі біздің замандастарымыз қолға алар?!

Қалыптасқан таптаурынды бұзу қажет

Мейрам Баймұханов, мүсінші: Қоғамның санасын жалған жұмыстармен тұмшалау қылмыс

-Әлем бір орында тұрмайтыны белгілі. Күн сайын сан алуан жаңалық ашылып жатады. Бүгінгінің адамын таңғалдыру оңай шаруа емес. Академиялық негізі бар суретші дәстүрлі шеңберден шығып, еркін көзқарасты білдіре ала ма?

-Сол шеңберден шығудың амалын өзім де іздеп жүрмін. Әрине, абстрактілі туындыны жасағың-ақ келеді, бірақ ол үшін қалыптасқан таптаурынды бұзу қажет. Расымен де, бұл оңай іс емес. Академиялық бағыт пен авторлық шығармашылықты бірдей алып жүру керек деп ойлаймын. Міне, сондай тұлға шын шебер деген атаққа лайық.

– Мүсіншінің қоғам алдындағы жауапкершілігін атап өтсеңіз?

– Ол адамға байланысты. Бес саусақтың барлығы бірдей емес. Сол сияқты мүсіншілердің әрқайсысы – қайталанбас тұлға. Біріне философиялық ұғымдар жақын, енді бірі қоғамды тәрбиелеуді көздейді, үшіншісі өзінің азаматтық ұстанымын білдіргісі келеді. Мәселен, идеологиялық ескерткіш сіздің патриоттық сезіміңізді оятуы ықтимал. Авторлық жұмысқа қарап, қоғамдық мәселеге ой түюіңіз мүмкін. Сол секілді абстрактілі мүсін мүлдем космологиялық бағытқа алып кетуі ғажап емес.

Мейрам Баймұханов, мүсінші: Қоғамның санасын жалған жұмыстармен тұмшалау қылмыс

– Өнер адамы қоғамдық сананы қалыптастыра ала ма?

– Жоқ, ол қоғамдық талғамды қалыптастырады дер едім. Ал талғам дегеніміз не? Ол – мәдениет. Егерде адам сапасыз орындалған ескерткіштің қасынан өтсе, қандай сезімде болады? Оның мәдениеті арта түсе ме? Күні кеше семейлік мүсінші Нұрбол Қалиевпен осы Шығыстағы ауданның біріне барып қайттық. Сонда орнатылған монументалды жұмыстарды көріп шықтым. Арасында Нұрболдың жұмысы да бар екен. Айырмашылықтары жер мен көктей. Кейбір мүсіндерден төбе шашым тік тұрғаны рас. Мұндай туындылардан адамның дүниетанымы кеңейе түспейтіні хақ. Түсінесіз бе, қоғамның санасын жалған жұмыстармен тұмшалау қылмыспен пара-пар. Адамдар мұражайға не үшін барады? Эмоция алғысы келеді. Рухани кемелдікке ұмтылады. Ал балабақшаның деңгейіндегі жұмыстардан қандай ләззат алуға болады?!

– Технологиялық жетістіктер бейнелеу өнерін алмастыруы мүмкін бе?

– Фотоаппарат ойлап табылғанда, кескіндеме жойылып кеткен жоқ қой. Портретке тапсырыс беретіндер қалды. Әрине, әсерін тигізді және әлі де тигізуі мүмкін. Атап айтсақ, 3D технология – керемет өнертабыс. Оның көмегімен кез келген мүсіннің бөліктерін басып шығаруға болады. Десе де негізгі форманы жасау үлгісі сол күйінде қала береді. Бұдан дәстүрлі өнер ұтпаса да, ұтылмасы анық.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісіп өтсеңіз?

– Нұрболмен бірнеше жобаны бірлесіп жүзеге асырмақ ниеттеміз. Содан кейін Түркияда аяқтайтын жұмыстар кезекте тұр. Санкт-Петербургке оралу керек. Омбы қаласында бір суретшіге ескерткіш орнату көзделіп отыр. Бұдан бөлек Тель-Авивтің муниципалитетімен бірнеше жылға келісімшарт жасалған. Соған кірісу керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Мейрам Баймұханов, мүсінші: Қоғамның санасын жалған жұмыстармен тұмшалау қылмыс

Мейрам Баймухановтың Семейге келуіне Нұрбол Қалиев мұрындық болғанын айта кеткен орынды. Шығармашылық тандем өткен жылдан бері орнаған екен. Қос талант қазірдің өзінде бірлескен жобаны жүзеге асыруда. Қуантарлығы, шеберлердің қатарын тағы бір дарынды мүсінші, алматылық Самат Салиев те толықтырған. Бұл үштіктің қолынан әлі талай тың туынды шығарына күмәніміз жоқ. Анықталғандай, өнер майталмандары қаладағы мұражайлардың біріне Абайдың мүсінін және Қарауылға Тоқтамыс батырдың монументалды ескерткішін қоюды көздеп отыр.

Сұхбаттасқан – Жақсылық Мұратқали

Осы айдарда

Back to top button