Экономика

«Меймандос» тәтті тағам ұсынады

Үржар ауданының орталығында «Меймандос» атты наубайхана ауыл тұрғындарына есігін айқара ашты. Елге қажетті кәсіпорынның ашылуына көпшіліктің ризашылығы шексіз.

«Меймандос» тәтті тағам ұсынадыНаубайхананың иесі Айқын Ықыласов осыған дейін әрқилы жұмыстармен айналысып келген-ді. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының шеңберінде ол кәсіпкерлік негіздерін оқып-үйреніп, соның арқасында 3 миллион теңге несие алыпты.

– Алған қаражатқа наубайхана ғимаратын салып, керекті құрал-жабдықтарды облыс орталығындағы «Промход» фирмасынан алдырдық. Бір ретте жетпіс нан пісіретін үш пеш және кондитерлік тағамдарға арналған бір пеш қойып отырмыз. Ел-жұрттың сұранысы артып жатса, жұмыс көлемін кеңейтеміз, – дейді қарбалас еңбекті бастап кеткен Айқын Ықыласов. Жаңа наубайхана тек нан пісірмейді, сонымен қатар тәтті тағамдардың да бірнеше түрін шығарады.

Наубайхана енді-енді ғана күш алып келеді. Қазіргі кезде аудан аумағында осындай жұмыс орындарының көбеюі жұмыссыздар санын азайтуға үлкен себепкер болып отыр.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button