Қоғам

«Мейірімділік айлығы» басталды

Күні кеше елімізде айтулы мереке – Қарттар күні аталып өтті. Облыста 130 мыңға жуық зейнеткерлік жастағы адам бар. Олар – өскелең ұрпаққа мейірімді болуды, жақыныңа қамқорлық жасауды үйретіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғап жүрген жандар.

Өңірімізде жыл сайын Қарттар күніне орай 1-қазаннан қарашаға дейін «Мейірімділік айлығы» акциясы өткізіліп келеді. Қарттар күніне және Мүмкіндігі шектеулі жандар күніне арналған осынау акцияны өткізу жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспары да бекітілген.

– Бүгін елімізде құрметке ие ерекше мереке – Қарттар күні. Бұл – аға буынға ризашылық білдіріп, сыйластық көрсететін айтулы күн. Дәл осы адамдар Отанды, отбасын, мамандықты қалай сүю керектігін үлгі етті, олар – біздің тәлімгерлеріміз бен ұстаздарымыз. Олар бізге жанқиярлық пен табандылықтың үздік үлгісін көрсетіп келеді. Олар қиындықтың не екенін жақсы біледі және оларға қарсы тұра алады. Олар жақындарын шын жүрекпен және жанын сала жақсы көреді. Егде жастағы адамдар – мейірім мен қамқорлықтың бейнесі. Біздің тікелей міндетіміз – оларды қамқорлыққа алу, қорғау. Құрметті жерлестер! Сіздер бізге адамда болуы тиіс ең жақсы қасиеттерді көрсеттіңіздер. Сіздердің атқарған еңбектеріңіз баға жетпес. Баршаңызды Қарттар күнімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, жан жылулығын, ұзақ та баянды ғұмыр тілеймін! Мереке құтты болсын! – деді облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің Инстаграмдағы  парақшасында.

Жалпы, облыс бойынша Қарттар мен Мүмкіндігі шектеулі адамдар күніне арналған концерттік бағдарламалары бар іс-шаралар басталып кетті. Сонымен қатар аудан-қалаларда зейнеткерлердің, жалғызбасты қариялардың, әлеуметтік және материалдық көмекке мұқтаж кембағал жандардың тұрмыс жағдайын анықтау жұмысы жүріп жатыр.

Мейірімділік айлығы шеңберінде көрсетілетін көмек түрлері демеушілер есебінен жүргізілмек. Айта кетерлігі, азаматтардың осы санатымен жұмыс жыл бойы үздіксіз ұйымдастырылатын болады.

– Қарттар күніне және Мүмкіндігі шектеулі жандар күніне арналған «Мейірімділік айлығы» акциясын өткізу жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Салтанатты шараларды, «Ғасыр жасаған ғұмыр» және «Қамқорлық» акцияларын ұйымдастыру, еңбек ардагерлерімен дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізу, сондай-ақ Өскеменнің арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында емдік денешынықтыру кабинетін ашу жоспарланған. Айталық, 7 қазанда Өскемен орталығының қариялары «Үміт» балалар үйіне барады, осылайша екі ұрпақ өкілдері кездеседі, – дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Мусинова.

Бұдан басқа, ардагерлер мен жалғызбасты зейнеткерлердің суын тасу, қыстық отынын дайындау, аулаларын тазарту бойынша сенбіліктер өткізу сынды жұмыстар да басталды, оларға еріктілер белсенді атсалысуда.

Сонымен қатар аға буынды әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі – арнайы әлеуметтік қызмет көрсету. Бүгінгі таңда облыста төрт аумақтық орталық және жеті үйде қызмет көрсету бөлімшесі жұмыс істейді. Мемлекет жайлылықты қамтамасыз етіп, қызмет түрін көбейту үшін орталықтарды ұдайы жетілдіріп тұрады.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button