Қоғам

Мейірімді жандардың мерекесі

Айжанат Бақытқызы

Төрткүл дүниені бір тарының қауызына сыйдырған коронавирус пандемиясы кезінде алғы шептен табылып, көмекке мұқтаж адамдарға күндіз-түні қызмет көрсеткен әлеуметтік қорғау саласының өкілдеріне ел алғысы шексіз. Жуырда осынау жүзі жылы, жүрегі жұмсақ, мейірімді жандардың кәсіби мерекесі аталып өтті.

Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің төл мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында сала ардагерлері мен қызметкерлерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев құттықтады.

– Әлеуметтік қызметкерлер – бұл тек кәсіп иелері ғана емес, өзгенің мұң-мұқтажына бейжай қарай алмайтын мейірбан жандар. Сіздердің жылдар бойы атқарып келе жатқан жұмыстарыңыз үлкен құрметке лайық.

Алға қойған талап-міндеттер баршамызға ортақ. Халықтың әлеуетін көтеру, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – әлеуметтік саланың басты міндеті. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып қажырлы еңбектеріңіз, қоғамның әлсіз өкілдеріне көрсетіп жатқан көмектеріңіз бен жүрек жылуын сыйлаған мейірімдеріңіз үшін алғыс білдіремін, – деді Алмасхан Сматлаев.

Әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі өңірдегі қарияларға, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына қамқорлық көрсетумен тығыз байланысты.

Қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқаты халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты екені даусыз. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғыртуға айрықша тоқталып өтті.

Бүгінде облыстың халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде үш мыңнан астам адам еңбек етеді, оның ішінде 744 адам – әлеуметтік қызметкер.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары айтып өткендей, әсіресе әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы кезінде әлеуметтік қызметкерлердің маңызы айқын көрінді. Дәл осы кезде әлеуметтік саладағы үдерістердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрландырылып, жұмыс жаңа  серпінге ие болды.

Әлеуметтік қызметкерлердің күш-жігерінің арқасында халықтың әлеуметтік осал топтары дер кезінде тегін азық-түлік, тұрмыстық жиынтықтар, маска, дәрі-дәрмек, атаулы көмекпен қамтамасыз етілді. Барлық медициналық-әлеуметтік мекемелер толық оқшаулау жағдайында болып, әлеуметтік қызметкерлер қарауындағы тұрғындарға қамқорлықтарын аямады. Бұл еңбектері әділ бағаланып, ерекше көзге түскен он қызметкер ел Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» төсбелгісінің иегері атанды.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың айтуынша, қазір әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін цифрландыру жағдайында жұмыстың жаңа әдіс-тәсілдері енгізіліп, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру үшін бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, әлеуметтік саладағы барлық құқықтық актілерді шоғырландыру арқылы, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірыңғай базаға айналатын Әлеуметтік кодекстің жобасы әзірленіп жатыр. Осы Әлеуметтік кодекс аясында, кәсіптің беделін арттыру мақсатында әлеуметтік қызметкердің мәртебесін заңнамалық деңгейде бекіту мәселесі қаралмақ. Жұмыс берушілердің әлеуметтік қызметкерлердің білім-білік деңгейіне, дағдыларына қойылатын талаптарын көрсететін жаңа кәсіби стандарттар айқындалады.

Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысындағы барлық қиындықтарын ескере отырып, мемлекетіміз сала қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын арттырып келеді. Атап айтсақ, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақы 30%-ға, былтыр 50%-ға, биыл 25%-ға өсті. 2023 жылы тағы 25%-ға өсіру жоспарланып отыр. Орташа алғанда әкімшілік қызметкерлердің жалақысы 195 мың, негізгі қызметкерлердің жалақысы 261 мың теңгеге дейін өсті.

Салтанатты жиын барысында көп жылғы адал еңбегі және тұрғындарды әлеуметтік қолдауға қосқан зор үлесі үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен Катонқарағай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Лаура Жұмаханқызы, Серебрянка арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының санитары Сәулеш Темірбекова, «Зайсан жастары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жансая Слямханқызы мен Самар арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының шаруашылық меңгерушісі Ирина Малышева, облыс әкімінің грамотасымен Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кәмшат Сейсенғазықызы марапатталды. Сонымен қатар төрт үздік қызметкерге облыс әкімінің алғыс хаты, 12 қызметкерге облыс әкімінің бірінші орынбасарының алғыс хаты тапсырылды.

– Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Бұл мереке мейірімділік пен адалдықты, шыншылдық пен жауапкершілікті, ең бастысы, аға буынға, мүмкіндігі шектеулі жандарға құрметпен қарауды білдіреді. Мен бұл салада жиырма жылдан астам еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығындағы жұмысым назардан тыс қалмағандығы қуантады. Бүгін мен өмірімдегі ең жоғары марапат – «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісіне ие болдым. Бұл – жалғыз менің ғана емес, аудан тұрғындарына әлеуметтік қызмет көрсетіп отырған ұжымымның жетістігі деп білемін, – деді Катонқарағай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Лаура Жұмаханқызы.

Марапаттау соңы «Ертіс концерт» кәсіпорнының шығармашылық ұжымдары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, «Алтай» халықтық би ансамблі мен «ӘнСалДар» тобының мерекелік ән шашуына ұласты.

Осы айдарда

Back to top button