Мейірімді серік еткен медбикелер
Адам үшін еркін тыныс алудың қаншалықты маңызды екенін бүкіл әлем пандемия кезінде жақсы түсінді. Кеудені кере дем алу үшін тек өкпе ғана емес, тыныс алу жолдары да сау болу керек. Өмірінде ЛОР дәрігердің қызметіне сүйенбеген жан жоқ шығар. Әсіресе балалардың суық тиіп ауырғанда ең жиі баратын дәрігері – ЛОР маманы. Тіпті кішкене бүлдіршіндер танауларына бөгде зат тығып жіберсе де ата-анасы осы саланың мамандарына жүгіреді. Облыста сапалы өмір үшін маңызды ЛОР қызметі алғаш 1952 жылдан көрсетіле бастады. Алғашқы аурухана 50 орынға арналып, оған облыстың түкпір-түкпірінен ересектер де, балалар да келетін.
Бүгінде облыстық аурухананың ЛОР бөлімшесі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, эндовидеоскопиялық оталар жасайтын білікті дәрігерлері мен білімді медбикелері бар медициналық кешен деуге болады.
Медицинаның кез келген бағытындағы сияқты бұл бөлімшеде де дәрігерлердің сенімді көмекшісі, олардың оң қолы саналатын медбикелердің рөлі ерекше. Бөлімшенің аға медбикесі Зухра Ақанқызының осы салада жүргеніне қырық жылдан асып кетіпті. 1981 жылы Өскемен қаласындағы медициналық училищені тәмдағаннан кейін осы жерге жұмысқа орналасқан, содан бері осында маңдай терін төгіп жүр. Еңбек жолын палаталық медбикеден бастап, кейін Алматы қаласында операциялық медбикенің біліктілігін меңгерген тәжірибелі маман бірнеше жыл ота жасауға қатысып, шеберлігін шыңдай түседі. 2011 жылы өз ісінің майталманы болған Зухра Ақанқызы аға медбике лауазымына тағайындалып, он жылдам астам уақыт бөлімшенің нағыз қожайынына айналды. Бөлімшедегі науқастардың емінен бастап, олардың тамақтануы, қол астындағы мейірбике қызардың жұмысын ұйымдастыру, пациенттерді дәрі-дәрмекпен, операцияны қажетті материалдармен қамтудың барлығы осы кісінің мойнына жүктелген.
Қазір бөлімшеде 14 орын күндізгі стационарда, алты орын тәулік бойы қызмет көрсетуге арналған және үш ақылы орын бар. Соңғы жылдары бөлімшенің эндоскопиялық стендпен жабдықталуы дәрігерлерге эндовидеоскопиялық оталарды жасауға мүмкіндік береді. Қабырғалық және жылжымалы микроскоптар, ЛОР комбайн сияқты медицинаның соңғы үлгідегі жабдықтары сатып алынған.
-Әсіресе ЛОР комбайнның мүмкіндіктері өте ауқымды. Науқасты тексеруге, мысалы, құлағы ауырып келсе, дұрыс диагноз қоюға, мұрнын жууға, дәрілік препараттарды тамақ пен мұрынға тиімді шашуға өте қолайлы. Бөлімшеде үш дәрігер бар. Науқастар көбінде тыныс алу жолдары зақымданып, мұрындары қисайып, дұрыс дем ала алмай келеді. Кез келген күрделі жағдайларда біздің дәрігерлер ота жасай береді, ол үшін операция бөлмесі заманауи аспаптармен толық жабдықталған, – дейді аға медбике.
2014 жылдан бөлімшеде шұғыл көмек кабинеті жұмыс істейді. Ол жерде облыстың әр ауданынан шұғыл көмекті қажет етіп келген пациенттерге жедел көмек көрсетіледі. Мұрыннан қан кету, мұрынның қосалқы қуыстарының зақымдануы, көмей аурулары, танауға бөгде заттардың кептеліп қалуы, науқастар осы және басқа диагноздармен келеді. Еркін тыныс ала алмай, тұншығып тұрған науқас осындағы білікті дәрігерлер мен қолы шипалы мейірбикелердің ем-домынан кейін қатарға қосылып, кеуде кере демалып, алғыстарын жаудырады.
-Келушілердің ұсыныстары мен өтініштерін білу үшін арнайы жәшік орналастырғанбыз. Науқастар сол жерге, тіпті әлеуметтік желілер арқылы алғыстарын айтып, мамандарымыздың қызметіне риза болып жатады, – деп жалғастырды Зухра Ақанқызы.
Шынында, бөлімшеде істейтін он медбикенің, тоғыз кіші буын медицина қызметкерлерінің тиянақты жұмысының арқасында пациенттердің тезірек сауығып кетуіне барлық қолайлы жағдай жасалған. Үш уақыт тамақ арнайы контейнерлермен таратылады. Бір де бір науқасқа көңіл бөлінбей, не емін уақытыенда алмай қалған кез жоқ. Бұл жағын да Зухра Ақанқызы жіті бақылап жүреді.
-Ұжымымыз өте тату. Дегенмен күнделікті жұмыс шаршатады, ондай кезде психологты шақырып, өзіміздің көңіл-күйімізді жақсартуға, жұмыс қабілетімізді арттыруға бағытталған тренингтер ұйымдастырамыз. Осындай шаралардан кейін қыздардың қызметтеріне деген ынталары артып, ұжымдағы ахуал жақсара түседі, – деп сеніммен айтады аға медбике.
-Бүгін Халықаралық медбике мерекесі күні тұрғындардың денсаулығы үшін атсалысып жүрген барлық медбикелерімізді төл мейрамымызбен құттықтағым келеді. Біздің ұжымда аға буын және жас мамандар үзеңгілес қызмет істеп келеді. Олардың барлығы да өз мамандықтарын мақтан тұтады. Гүлнария Жеңісханқызы, Гаухар Ганан, Айгүл Кашкенқызы, Жанар Арынрашқызы, Шынар Тоқанқызы, Гуля Шамирова, Диана Жайсамбаева және басқа да мамандарымыздың барлығына жұмыстарында сәттілік пен жетістік тілеймін,- деп қорытындылады Зухра Ақанқызы.
Айна Ескенқызы