Руханият

Мейірімділік пен қамқорты ту еткен    

Осыдан жиырма жыл бұрын Семейде тіркелген үкіметтік емес ұйым – «Исток» балалар мен жастардың шығармашылық орталығы ашылды.

Бұған дейін жабылып қалған балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйінің бұрынғы педагогтары бірігіп, жастардың экологиялық тәрбиесімен айналысуды қолға алды. Сол кезде олардың қарапайым бастамасы бірнеше жылдан кейін әртүрлі ұрпақ өкілдерін біріктіретін үлкен еріктілер қозғалысына айналатындығын ешкім білмеді.

Бүгінде қоғамдық ұйымда іске асырылып жатқан жобаларға байланысты отызға жуық қызметкер жұмыс істейді. Бұл мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, логопедтер, массаж жасаушылар және басқа да көптеген мамандар. Осы жылдар ішінде «Истоктың»  негізгі қозғаушы күші  еріктілер болды.

«Исток» қоғамдық ұйымы АМИДО, Экофорум, Ұлттық еріктілер желісі, ШҚО Азаматтық Альянсы, «Равный равному» қазақстандық қауымдастығы, Қарт адамдардың ұлттық желісі және денсаулығы менталдық бұзылған адамдардың құқықтары саласында жұмыс істейтін ұйымдар желісі сияқты қауымдастықтар мен ұлттық желілерге кіреді.

«Исток» өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсету үшін «Қолдау» өңірлік волонтерлік желісін құрды. Оған Семей өңірінің қоғамдық ұйымдары, мемлекеттік әлеуметтік және білім беру мекемелері кіреді.

Қарқынды жұмыс істеген жиырма жылдың ішінде адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға және қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған жетпістен астам әлеуметтік және экологиялық жоба іске асырылды.

                       Табиғатқа және туған жерге деген махаббат

Мұның бәрі 1999 жылы Семейде балалар мен жасөспірімдердің қалалық шығармашылық үйі жабылған кезде басталды, құрылым сол кездегі азын-аулақ қала бюджеті үшін артық шығын еді. Үйірмелер мен секцияларға қатысқан балалар бос қалды, ал жұмыссыз қалған педагогтар үкіметтік емес ұйым болып бірігуді ұйғарды.

– Қазір «үкіметтік емес ұйым», «азаматтық қоғам», «еріктілер қозғалысы» деген не екенін бәрі біледі, ал жиырма жыл бұрын елімізде азаматтық сектор алғашқы қадамдарын енді ғана бастаған еді, – деп еске алады «Исток» балалар мен жастар шығармашылығы орталығының төрайымы Людмила Михайлова. – Мен «Ирис» ядролық сынақтардан зардап шеккендер одағы» өңірлік қоғамдық бірлестігіне ерікті болып жұмысқа бардым, ол полигон аумағындағы ядролық қару сынақтарының салдарынан туындаған өңірдегі бірқатар экологиялық проблемаларды шешумен айналысты. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап мен әрдайым туризммен және жастардың экологиялық тәрбиесімен айналысқандықтан, экологиялық мәселелер маған жақын болды.

«Иристе» ол азаматтық қоғам құру және азаматтық бастамаларды нақты мақсаттар мен міндеттер қоятын шағын жобалар арқылы сауатты жүзеге асыру саласында «жас күрескер курсынан» өтті.

Людмила Дмитриевнаның айтуынша, үкіметтік емес секторда жұмыс істеуді нөлден бастап үйренуге, өз ұйымын құруға, оған мамандар мен волонтерлерді, сондай-ақ жобаларды іске асыру үшін ресурстарды тартуға, стратегияны әзірлеуге тура келді, бір сөзбен айтқанда, үкіметтік емес ұйымның тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететін барлық нәрсені үйренді.

Жаңа үкіметтік емес ұйым – «Исток» балалар мен жастар шығармашылығы орталығы  2000 жылы 16 қарашада ресми тіркелді. Жас ұйымның ең алғашқы жобасы дәл осы экологиялық бағытта жүзеге асырылды. Ересектер мен балалар бірігіп, Ертіске құятын  бұлақтарды тазалауды бастады.

Айта кету керек, қоршаған ортаны қорғау осы күнге дейін Семей аймағындағы ең ірі қоғамдық бірлестік жұмысының негізгі бағыты болып келеді. Жиырма жылдың ішінде жастарды экологиялық тәрбиелеу бағытында көп жұмыс атқарылды. Қоршаған ортаны қорғау саласында балалар мен жастарға арналған көптеген семинарлар мен тренингтер өткізілді. Экологиялық лагерьлер жұмыс істеді. Облыстық экологиялық слеттер өткізілді.

Екінші жыл қатарынан қоғамдық ұйым «Жаһандық экологиялық қордың шағын гранттары» бағдарламасымен қаржыландырылатын, мектеп орманшылықтарымен жұмыс істеу және дәстүрлі білімді қолдану мысалында жастарды өңіріміздің биоалуантүрлілігін сақтау процесіне тартуға бағытталған экологиялық жобаны орындайды. Оның мақсатты тобы – «Семей орманы» резерватының аумағында орналасқан он ауылдың оқушылары, олардың ата-аналары, мұғалімдері мен орман шаруашылығының мамандары.

Мектеп орманшылықтарында балалар орманды қорғаумен айналысады, қарағай орманына отырғызу үшін көшеттерді  өсіруді үйренеді, зерттеу жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ ауылдастары мен өз отбасы мүшелерінен табиғатты пайдалану бойынша дәстүрлі білім жинайды. Бұл мәліметтер Шығыс Қазақстан облысы халықтарының дәстүрлі білім жинағына міндетті түрде енетін болады, ол үшін қазір «Исток» ұжымы еңбек етіп жатыр.

Семейдің мектептерінде «Истоктың» бастамасы бойынша оқушылар мен педагогтар көшеттерді өсірген кездер де болды. Көшеттер отырғызылған қораптар барлық сыныптарда, тіпті мектеп дәліздерінде тұрды. Балалар мен ересектер қыс бойы қарағай көшеттеріне мұқият қарап, ал көктемде оларды бұрынғы өртенген жерлерге отырғызды.

Айтпақшы, дәл осы «Истокта» мектеп орманшылықтарының жұмысын ұйымдастыру бойынша мұғалімдер мен орманшыларға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Оларды еліміздің екі министрлігі мақұлдады және қазір оларды бүкіл республиканың педагогтары кеңінен қолданады. Сонымен қатар 2009 жылы «Исток» мамандары орман аймақтарында өрттің алдын алу және өрт қауіпсіздігі бойынша қосымша білім беру мекемелері үшін оқыту бағдарламасын әзірледі.

– Оқушыларға арналған осы оқыту бағдарламасын әзірлеу бізге ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жұмысымен жақын танысуға мүмкіндік берді. Өйткені біз балалар үшін ғана емес, орман қорғау мекемелерінің қызметкерлері үшін де оқыту жұмыстарын жүргіздік. Осылайша, біз орман өсірушілерге өз ауылдарында ерікті өрт жасақтары жұмысын қалай дұрыс ұйымдастыру керектігін немесе орман өсірушілердің орман өртін сөндіруге дайындық сапасын бақылайтын қоғамдық инспекцияның жұмысын үйреттік, – деп атап өтті Людмила Михайлова.

«Исток» осы жылдар ішінде орманның биоалуантүрлілігін сақтауға жүздеген және мыңдаған еріктіні – мектеп оқушыларын, студенттерді, орман өсірушілерді, өрт сөндірушілерді және Семей мен облыс аудандарының жанашыр азаматтарын тарта отырып, «Саябақтар шеруі» халықаралық табиғат қорғау акциясын белсенді түрде қолдап келеді. Сонымен қатар қоғамдық ұйым жыл сайын өз оқушыларына мектеп орманшылықтарының слетін өткізеді. Ал ең белсенді жас орманшыларды марапаттау барысында еліміздің, тіпті жақын шетелдердің ұлттық парктері мен ірі қалаларына саяхат жасауға жолдама береді.

Екі жыл бұрын «Исток» киноға қызығушылық танытып, Шығыс өңірінің сұлулығы, оның таңғажайып адамдары мен бірегей табиғаты туралы екі деректі фильм түсірді. Сол жылы кәсіпқойлар мен әуесқойлар арасында өткен «Алтайский край – место силы» атты VI туристік және спорттық фильмдер кинофестивалінде «Заповедный Алтай Казахстана» фильмін ұсынып, «Туризм» номинациясында үшінші орынға ие болды. Людмила Дмитриевнаның айтуынша, ол осы шығармашылық жұмысты жалғастыруды және туған өлкеміз жайлы әлі де бірнеше фильм түсіруді армандайды.

–Қоршаған ортаны қорғау, жастарға экологиялық тәрбие беру – қашан да өзекті және қоғамға қажет тақырып, – дейді Людмила Дмитриевна. – Біз жаңа әдістемелерді әзірлеуден, осы бағыттағы жаңа идеялар мен қызықты жобаларды іске асырудан шаршамаймыз, өйткені туып-өскен жерімізді, оның қарағайлы орманын, Ертісті, шексіз кең даламызды жақсы көреміз және мақтанамыз.

Өмір салтына айналды

Ашылғаннан кейін бір жылдан соң «Исток» жастармен жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – еріктілер қозғалысын және жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын дамытуды бастады. Бұл жұмыстың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Әр адам өз отбасының, туған өлкесінің, өз елінің өркендеуі үшін тер төгіп, жұмыс істеуі керек. Ол үшін әрине ең алдымен мықты денсаулық пен күш-қуат керек.

2009 жылға қарай «Исток» қоғамдық бірлестігі Ұлттық еріктілер желісіне қосылды. Бұл еріктілер қозғалысын нақты ғылыми негізде және еліміздің  барлық өңіріндегі әріптестердің қолдауымен дамытуға мүмкіндік берді. Он екі жылдан бері волонтерлік орталықты Ольга Таранова басқарады. Оның басшылығымен көптеген жастар экологиялық қозғалыстың, еріктілер қозғалысының, салауатты өмір салты белсенділерінің көшбасшылары болды. Оқу орнын бітіргеннен кейін де балалар ерікті болып, жақсылық жасауды жалғастыруда.

Семейдегі еріктілермен жұмыс барлық бағыттарды қамтиды. Әдетте  ең белсенді еріктілер – студенттер мен жоғарғы сынып оқушылары. Семей –студенттер қаласы деуге де болады, мұнда көптеген  мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары бар, оларда әрқашан көмектесуге дайын жастар аз емес.

– Біздің еріктілер кез келген бағытта жұмыс істеуге дайын. Олардың үздіксіз жұмысының арқасында біздің «Барлығы – рахмет үшін» деп аталатын әлеуметтік дүкеніміз бірнеше жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келді. Еріктілер тұрғындардан өздеріне қажет емес киімдер, аяқ киімдер, ойыншықтар, тіпті жиһаз бен тұрмыстық техникаға дейін алып, оларды қамқорлыққа алынғандардың отбасыларына береді. Осы жылдар ішінде біз қаладағы екі мыңнан астам отбасына көмектестік, – деп түсіндірді Ольга Таранова.

Балалар салауатты өмір салтын, АҚТҚ/ЖҚТБ (ВИЧ/СПИД) және жыныстық жолмен тарайтын инфекциялардың алдын алуға халықтың әртүрлі топтарының назарын аударатын көше акцияларын, семинарлар мен жобаларды үнемі өткізіп тұрады. Мақсатты топтардың бірі – колониялардағы жазасын өтеушілер. Әдетте көптеген әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша олар қауіпті топта, сондықтан олар басқаларды және отбасы мүшелерін инфекциялық аурулардан қорғау тәсілдеріне қызығушылық танытады. Ольга Таранованың айтуынша, оларға әртүрлі тақырыптар бойынша дәрістер үнемі өткізіліп тұрады.

Көптеген жылдар бойы «Исток» еріктілері мен белсенділері Семейдегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығымен тығыз жұмыс істеп келеді. Олар өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар үшін түрлі ойындар мен жарыстар, тренингтер және шығармашылық сабақтар өткізеді. Балалар ауруханасының гематологиялық бөлімшесінде және «Сосна» профилакторийінде ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болған балалар да назардан тыс қалмайды. Мұнда еріктілер мереке күндері балаларға арнап ертеңгіліктер, ойындар, көңілді викториналар мен спорттық жарыстар өткізу үшін келеді.

Қоғамдық ұйымның еріктілер қозғалысының негізгі бағыттарының бірі –  аға буынға қамқорлық жасау. Бірлестікте көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жалғызілікті зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері туралы тұтас деректер базасы бар.

2015 – 2019 жылдардың аралығында «Исток» қоғамдық ұйымы «Жеңіс» жобасын іске асырып, оның шеңберінде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне  көмек көрсетілді. Ерікті жастар зейнеткерлерге азық-түлік жиынтықтарын таратты, сонымен қатар қариялардың үйін ретке келтіру, терезелерді жуу, тамақ пісіру, отын жару, ауладағы қарды тазалау, көмір лақтыру, бақшаны суару сияқты шаруашылық жұмыстарын атқарды.

Бұл жұмыс елдегі карантин мен локдаунға қарамастан биыл да жалғасты.

                                     Мұқтаж жандар көбейіп келеді

2006 жылы «Исток» қоғамның ең осал топтарының бірі – мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызілікті зейнеткерлерге назар аударды. «Каунтерпарт консорциумының» (ЮСАИД) қолдауымен, жергілікті қоғамдастықпен бірлесіп нашар көретін балаларға арналған №3 интернаттың аумағында көкөніс қоймасы салынды, оны әлі күнге дейін пайдаланып келеді.

Содан кейін мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетуге бағытталған «Досыңа қуаныш сыйла» шығармашылық жобасы болды. «Исток» белсенділері «Алтын кілт» көшпелі қуыршақ театрын құрып, ерікті актерлар мерекелік бағдарламамен ерекше қажеттіліктері бар балалардың үйіне барып, қуыршақ спектаклін немесе мерекелік бағдарламалар көрсетті. Ойын-сауық бағдарламаларымен қуыршақ театры бұрынғы облыстық аурухананың гематологиялық бөлімінің және туберкулезге қарсы «Сосна» балалар санаторийінің қонақтарына жиі барып тұрды.

Сол жылы «Исток» Семейде алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастар шығармашылығының «Шуақты әлем» фестивалін ұйымдастырды. Содан бері ол қаланың мәдени өміріндегі дәстүрлі жыл сайынғы іс-шараға айналды. Оған 500-600-ге тарта балалар мен ересектер қатысады.

2010 жылы психоневрологиялық патологиясы бар балалар мен ересектерді әлеуметтендіруге және біріктіруге, сондай-ақ жалғызілікті қарттарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған «Исток» бірлестігінің ең ауқымды жобасы – «Қамқорлық» басталды. Он жылдың ішінде бұл жоба қоғамдық бірлестіктің негізгі қызметіне айналды. Жоба үйлестірушісі Галина Голубенконың айтуынша, биыл «Қамқорлық» жобасы 105 адамды қамтиды, олардың ішінде Семейдің ғана емес, Шүлбі кенті мен Шақаман ауылының да тұрғындары бар.

– Өкінішке қарай, біздің қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдар мен жалғызілікті зейнеткерлер жылдан-жылға көбейіп келеді. Балалар жақсы жұмыс іздеп басқа қалаларға кетеді, ал олардың қарт ата-аналары үйде жалғыз қалып, қоғамнан оқшауланады, – дейді Галина Голубенко. – Біз олардың тұрмыс жағдайына көмектесіп қана қоймай, оларды  әлеуметтендіруге де тырысамыз.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер негізгі сегіз бағыт бойынша көрсетіледі. Бұл тек үйді тазалау, дүкенге бару немесе емханаға апарып келумен шектелмейді. Галина Алексеевнаның айтуынша, әлеуметтік қызметкердің қарт адамдармен және мүгедектермен жұмысы сан қырлы. Мәселен, ол аспаз, тігінші, медбике және сенімді дос болуы керек. Қызмет алушылар атап өткендей, уақыт өте келе әлеуметтік қызметкер отбасының бір мүшесіндей болып кетеді.

Әлемге жаңа көзқараспен қарауға психологтар көмектеседі. Олардың негізгі міндеті – стрестік және жанжалды жағдайды жеңуге көмектесу, үйлесімділік пен эмоционалды тыныштықтың пайда болуына ықпал ету. Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеуде психологтар, дефектологтар, мұғалімдер қоршаған әлем туралы жалпы түсінік қалыптастыруға, сұлулық сезімін дамытуға ықпал етеді.

– Қазір біздің қамқорлығымызда ерекше қажеттіліктері бар 23 адам бар, олардың әрқайсысымен әлеуметтік педагог айналысады. Жеке оқыту және оңалту бағдарламасын жасай отырып, ол өзінің тәрбиеленушісіне қарым- қатынас дағдыларын үйретеді, тұрмыстық заттарды қалай дұрыс пайдалану керектігін, жазу және сурет салу үшін қалам мен қарындашты қалай ұстау керектігін көрсетеді, – дейді Галина Голубенко. – Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарында міндетті түрде сегіз қызмет түрі көрсетілетіні ғана айтылған, бірақ бұл біздің балаларымыз бен қарт адамдарға жеткіліксіз деп білеміз. Сондықтан олар үшін біз үнемі мерекелік іс-шаралар, табиғатқа саяхат, мұражайлар мен көрмелерге экскурсиялар, кейде тіпті басқа қалаларға немесе көрші аудандарға қызықты сапарлар ұйымдастырамыз.

Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балалар мен 18 жастан асқан ересектер үшін фотография, би, театр, сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері үйірмелері жұмыс істейді. Дарынды педагог Евгения Теплюкованың жетекшілігімен балалар мен ересектер қолөнер бұйымдарын жасап, түрлі суреттер салып, шығармашылықтың қуанышын сезінеді.

Айта кету керек, 2016 жылы «Исток» «Шуақты қала» бірегей әлеуметтік жобасын сәтті іске асырып, оның аясында ментальды денсаулығы бұзылған адамдарды еңбекке үйрету клубы құрылды. Жастар түрлі материалдардан кәдесый бұйымдарын жасауды үйренді. Кейінірек кәдесый өнімдерін шығаратын және сататын әлеуметтік кәсіпорын құрылды.

2015 жылдан бастап «Исток» қоғамдық бірлестігі белсенді қарттарды біріктіретін зейнеткерлер клубының жұмысын ұйымдастырды. Олар Семейдегі театр премьерасына немесе мұражайдағы жаңа көрменің ашылуына бару үшін жиі жиналады. Олар «Киелі бастау» сияқты киелі орындарға немесе қарағайлы орманға барғанды ұнатады. Онда олар табиғат аясында рахаттанып, қылқан жапырақты орманның саф ауасымен демалады. Сонымен бірге өңіріміздің қорықтық жерлеріне танымдық саяхаттарға барады. Клуб мүшелері үшін үнемі қызықты адамдармен немесе мамандармен кездесулер ұйымдастырады. Мысалы, зейнеткерлер клубы «Прииртышье» өлкетану қоғамының мүшелерімен тығыз байланыста.

– Әлеуметтік қызметкерлер өз білімдерін үнемі жетілдіріп отырады. Ай сайын олар үшін серіктес ұйымдардың мамандарымен, атап айтқанда, медициналық мекемелердің, өрт-техникалық орталығының, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің және басқа да мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылады. Бұл біздің қызмет алушыларға зейнетақы мен жәрдемақы есептеу, өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету және басқа да көптеген бағыттар бойынша сауатты кеңес беруге көмектеседі. Тек ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында қала мен ауылдық округтерде тұратын онға жуық қамқоршымызға тұрғын үй субсидиялары рәсімделді, – деп түсіндірді Галина Голубенко.

Дегенмен «Истоктың»  әлеуметтік жобалары жалғызілікті зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасаумен ғана шектелмейді. Мәселен, 2011-2012 жылдары «Перспектива» балалар үйінің түлектерін қолдау орталығы ұйымдастырылып, онда Семейден және Шүлбі кентінен келген 30 түлекке бейімдеу және қоғамға кіріктіру үшін әлеуметтік қолдау көрсетілді.

Бес жыл бойы «Исток» «Барлығы рахмет үшін» әлеуметтік дүкеніне заттар жинап, соның арқасында әлеуметтік осал топтарға жататын екі мыңнан астам отбасы көмек алды. Үздік әлеуметтік бастамасы үшін Семей қаласының қоғамдық ұйымы 2016 жылы «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығын алды.

– Біздің қоғамдық ұйым жалғыз болса, осы жетістіктердің бәріне бірдей қол жеткізе алмас еді. Іс-шаралар көбінесе біздің серіктестерімізбен, атап айтсақ, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, Семей әкімдігі, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен қалалық бөлімі, ЖИТС-тың (СПИД) алдын алу және оған қарсы күрес орталығы, Семей қаласының білім бөлімі, Кәсіпкерлер палатасы, шағын және орта кәсіпкерлік басшылары, «Nur Otan» партиясының филиалы, сонымен қатар біздің әріптестеріміз – үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық қорлармен бірлесіп өткізілді, – дейді «Исток» балалар мен жастар шығармашылығы орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Людмила Михайлова.

София Соболевская

Семей.

Осы айдарда

Back to top button