Метантенктер қаладағы жағымсыз иісті жояды
Өскемен қаласының әкімі болып тағайындалғанына бірнеше апта өткен Қуат Тұмабаев БАҚ өкілдерімен алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Шаһардың жаңа басшысы қалалықтардың басын қатырған барлық мәселелерді дер кезінде біліп қана қоймай, шұғыл шешу үшін әлеуметтік желілердің бәрін кеңінен пайдаланып жатқанын, халықпен жұмыс істеу кеңсесінің уақытын таңертеңгі 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін ұзартқанын және азаматтарды қабылдау күні бұрынғыдай айына бір рет емес, екі рет өткізілетінін айтты.
Басты мәселе болмаса да экологиялық ахуалы аса мәз емес қала халқының тура мағынасында басын ауыртып, жүрегін айнытып жүрген сондай проблемалардың бірі -қала іргесінен, ішінен жиі-жиі жағымсыз иістің шығып тұратыны. Қала әкімі мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының берген жауаптарына қарағанда, қалалықтардың ол сасық иістен құтылатын кезі алыс емес. Қазір Өскеменде қалалық тазалау имараттары жүйелерін қайта жаңарту жобасының екінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Жобаның екінші кезеңінде қала шетіндегі қалдық жинау орындарында жиналған сұйық қалдықтарды биогазға айналдыратын метантенктер резервуарларының құрылысы салынбақ. Дәл қазіргі уақытта қалдық жинау резервуарындағы сұйық қалдықтарға биоорганизмдер, химикаттар жіберу арқылы ондағы иіс шығаратын қалдықтарды имарат ішінде жойып, иіссіздендіретін технологиялық әдісі енгізіліп жатыр. Қала шетіндегі Понтон көпірі мен Ахмер ауылы ортасындағы «Өскемен Водоканал» кәсіпорнының он қалдық жинау имаратының бірінде қазір осы қанатқақты жоба іске асырылып, тәжірибеден өткізіліп жатыр. Сонымен бірге, «Өскемен Водоканал» кәсіпорны өзге елдердің кәріз тазалау тәжірибесінде қолданылып келе жатқан заманауи «Мокрый барьер» тәсілімен тазалау жобасын қолға алып отыр. 2018 жылы кәсіпорын өздерінің инвестжобасы бойынша он қалдық жинау имаратының бәрін хош иістендіргіш қоспалар қосу жолымен жаңа тәсіл бойынша тазартуға кіріспек.
Қайрат Нұртас, Уитни Хьюстон, басқа да бір топ әншілердің әндерінің әуендері ойнап тұрса… Қалалықтардың осылай деп көптің көз қуанышына айналып, көңілін көтеріп жатқан шаһардағы әнші, биші субұрқақтардың әуендерін өзгертіп, ана әншінің, мына әншінің айтатын әнінің әуенін қойса деген өтініштерін жеткізіп жатқан жәйі де бар екен. Керісінше, әкімдікке субұрқақтың дауысы мазамызды алды, жұмыс істеу мерзімін сағат түнгі 22-дейін етіп қысқартсаңыздар деген тілек, шағымдар да түсіпті. Қала әкімі Қуат Тұмабаев осы мәселеге орай құрылған комиссия нысанға жақын маңдағы үйлердің пәтеріндегі әнші субұрқақтан естіліп тұратын дауыстың 41 децибелге жететінін анықтағанын, ал пәтердегі дауыстың арнайы белгіленген шектеулі деңгейі 50 децибел екендігін, сондықтан субұрқақ қала тұрғындарының тыныштығын бұзбайтынын айтты. Қалалықтардың көпшілігінің өтініші бойынша субұрқақтар түнгі сағат 23-ке дейін жұмыс істеп тұр. Субұрқақтардың «репертуары» да өзгереді, бірақ сорғы жұмысымен үндесе, біртұтас жұмыс істейтін әуендерді қайта жазып, шығаруға бір айдай уақыт кетеді. Сондықтан жаңа әуенді субұрқақ бір айдан соң ғана пайда болуы мүмкін.
Облыс орталығындағы жағымды жаңалықтар мен өзекті мәселелер туралы толық мақаланы газеттің келесі санынан оқи аласыздар.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ