Металлургтердің мерейі өсті
Кеше Өскемендегі Спорт сарайында «Қазцинк» ЖШС металлургтерін төл мерекелерімен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтады.
Алтын мен күміс, мыс пен мырыш, қорғасын өндіріп, облыстың экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған іргелі кәсіпорын сонымен бірге әлеуметтік салаға да жыл сайын айтарлықтай қаржы жұмсайды.
– Еліміздің экономикасының дамуында түсті металлургияның алатын орны ерекше болса, онда «Қазцинк», ТМК, ҮМЗ-нің үлестері үлкен. «Қазцинктен» облыстық бюджетке түсетін салық түсімінен басқа жыл сайын меморандумға сәйкес 3 миллиард долларға жуық қаржы аймағымыздың әлеуметтік саласын дамытуға жұмсалуда. Соңғы жылдардағы іске қосылған балабақша мен теннис корты, қайта жөнделген Спорт сарайы сияқты нысандар соның дәлелі. Кәсіпорынның басқа да бастамалары жетерлік. Сол үшін бүгін сіздерге ризалық білдіремін,– деді облыс Әкімі.
Мерекелік салтанатта кәсіпорынның үздік өндірістік буындары мен металлургтері бағалы сыйлықтармен марапатталды.