Металлургтер мерекенің көрігін қыздырды

«Казцинк» кәсіпорны биыл Наурыз мейрамына ерекше ерте дайындалды. Алыс-жақындағы ағайынға әлеуметтік желіден бір жарым ай бұрын сауын айтты. «Байқау жарияладық! іРhone ұтып алыңыз!» деп жар салды.
Африканың сәлемін жеткізді
Міне, байқаудың қорытындысы шығып, айфон ұтқандарды анықтаған – Ұлыстың ұлы күні де жетті.
Жарыс ережесінен аз-кем ақпарат айта кеткен жөн болар. Қатысушылар мейрамға орай бір минуттық бейнеролик дайындап, кәсіпорынның инстаграмм парақшасына жөнелтуі керек еді. Республиканың түкпір-түкпірінен жеткен видеожұмыстардың ішінен 21 үздік анықталды.
– Әуелде жүлдегерлер саны 10 болады деген едік. Бірақ толассыз түсіп жатқан сан алуан жұмыстан кейін оны екі есе арттырсақ та аздық етпесін білдік, – деді байқауды ұйымдастырушылар.
Ұтысқа әртүрлі тұрмыстық техникалық жабдықтар тігілген. Басты жүлде – іРhone XS Max, іРhone X, іРhone XR ұялы телефондары. Әуелгі бәйгені алматылық қатысушы жеңіп алғандықтан, ол Өскеменде өткен құттықтау шарасына қатыса алмады. Есесіне одан кейінгі жүлдені қанжығалаған өскемендік бикешпен тілдесудің мүмкіндігі туды.
– Наурыз мейрамын Америкадағы, Еуропадағы, тіпті анау Африкадағы халықтар да жақсы біледі. Олар қазақтың мол дастарқанына қызығады. Ұлттық тағамдарды татып көргісі келеді. Менің әлемнің жер-жерінде достарым бар. Солардың арқасында дайындаған видеожұмысым арқылы алты құрлықтағы алуан ұлт өкілінің құттықтауын жеткіздім жерлестеріме, – дейді сужаңа айфон ұтып алған Юлия Студенкова.
Киіз кәстөмді оюлы шапанға ауыстырды
Бұл күні кәсіпорынның ауласына аппақ отау мен мерекелік сахна тігілген. Металлургтер киіз кәстөмдерін шешіп, оюлы шапан киіпті. Алып техникалардың рөлін ұстаған азаматтардың қолы домбыра мен баянға да икемді екен. Ал әйелдер қауымы қашанғы ептілігінен жазбаған. Құрт, ірімшік, май, бауырсақ, шелпек және ең бастысы, бидайкөженің тіл үйірер дәмі – күшті де нәзік әйел қолының құдіретін сезіндіреді.
Рәуия Нығметова – мыс зауытындағы компрессор бекетінің машинисі. Кәсіпорынның тәжірибелі қызметкері. Мейрамға орай ұйымдастырылған ұлттық тағамдар бәйгесінің қатысушысы.
– Шелпек, бауырсақ пісіріп, ет асып, жеті дәмнен көже дайындап, байқауға қатыстық. Әлбетте, байқау деген шартты дүние ғой. Ең бастысы, мейрамда қызметтестерімізге ұлттық тағамдардан дәм татырып, салт-дәстүрімізді жаңғыртып жатырмыз, – дейді ол.
Кеншілер тойына арнайы келген құрметті меймандар құттықтау тілектерін жеткізді.
– Еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Қазцинк» біздің облыста. Сондықтан оған аймағымыздың дамуы тікелей байланысты. Республикада озық саналатын кәсіпорынның қызметкерлеріне барлық жақсылықты тілеймін, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Тасқын Болатұлы