Қоғам

Металды көп өндіреді, экология жақсарады

Металды көп өндіреді, экология жақсарады


«KAZ Minerals» тобының «Востокцвектмет» ЖШС-не қарасты Николаев байыту фабрикасындағы қайта жарақтау жұмыстарының мән-маңызын осылай бейнелеуге болады.

– Негізгі өндіріс толықтай қайта жарақталды десе де болады. Бұл фабриканың өндірістік көрсеткіштерін жақсартып, сан мен сапаның қатар өсуіне түрткі болды. Бұрын жылына 1,8 млн. тонна кенді өңдеп келсе, бұдан былай бұл көрсеткіш 2,2 млн. тоннаға жетпек. Кеннен металл алу қабілеті 90 пайызға дейін жетіп отыр. Үйреншікті мыс және мырыш концентраттарымен бірге қорғасын концентраттарын да өндіре бастадық. Бүкіл технологиялық процесті автоматтандыру қолға алынды. Байыту процесін кешенді түрде жетілдіру жобасы – біздің тәуелсіздік тойына арнаған тартуымыз, – дейді фабриканың бас инженері Юрий Коротков.

Тау-кен ісінің қуатын сезінгіңіз келсе, кен үгіту алаңындағы сегіз бірдей диірменнің гуілін естіңіз. Алып диірмендер тәулігіне жеті мың тоннадан астам кенді ұсақтап, өңдеуге лайықтайды. Бұл диірмендер қаншалықты қуатты болса, соншалықты дәлдікпен жұмыс істейді. Процесс барысында кеннің кесектерін күлдей ұнтақтау тіптен міндетті емес. Тіпті, кен кесектері саналы түрде шала үгітіледі десе де болады. Осы әдіспен металл кесектері екшеледі. Бұл кесектер металды қоспадан суда айыру кезінде де өз көмегін тигізеді. Осынау жауапты процесті Айтқазы Айтқожанов есімді шебер қадағалауда. Жергілікті гуманитарлық-техникалық колледжді тәмамдаған Айтқазы осы фабрикада іс-тәжірибеден өткен екен. Ал қазір сол кезде жинаған тәжірибесін жұмыс барысында ұтымды пайдаланып жүр. Жас шебер алдағы уақытта техникалық университетке түсіп, білімін жетілдіргісі келетінін айтады. Ал диірмен машинистері Константин Нуренко, Максим Бондарев – алынатын өнімнің құрамын диірменнің дауысынан-ақ аңғаратын деңгейге жеткен білікті мамандар.
Кен үгіту алаңындағы Германиядан алынған су жаңа гидроциклонды сорғыларды байқамау мүмкін емес. Жалпы, мұнда көп дүние жаңғыртылған. Құбырлар, тіреулер, электр желісі, қосалқы қондырғылар, бәрі-бәрі жаңаланған.

Фабриканың өнімділігі артуына байланысты бұрынғыдан көп мөлшерде кен әкелу қажет. Бұл қажеттілікті өтеу үшін серіктестерді іске қосу жоспарланған. Осының арқасында жаңа жұмыс орындары да ашылмақ.

Ұнтақтау процесіндегі басты жаңалық ретінде шала үгіту әдісін атасақ, металды суда ажырату процесіндегі жаңалық цикларалық ажырату болмақ. Бұл процестің мүлтіксіз өтуіне пневматикалық-механикалық тәсілмен жұмыс істейтін РИФ қалқытқыштары септігін тигізеді. Бұрын үгітілген мыс кенінен 80 пайыз металл алынса, жаңа тәсілдің арқасында өнімділік көлемі 90 пайызға жеткен. Бұл тоқсан пайыз металл таза құйынды емес екенін айтқан абзал. Бұрын екшелген концентраттан 18 пайызы таза құйма түссе, жаңа қондырғылар арқасында ол көрсеткіш 25 пайызға арттырылды. Қайта жарақтау кезінде қорғасын концентратын алатын арнайы өндірістік тізбек төселген екен.

-Дәл қазір мысты қорғасыннан ажыратып жатырмыз. Реагенттік режимнің ойдағыдай жүріп жатқанын көзбен-ақ көруге болады. Мыс тазарту процесі де қалыпты жұмыс істеуде. Бұдан кейін мыс пен қорғасын суда ажыратылады. Ажыратылған концентраттар сүзбеге түспес бұрын қоймалжыңданады. Қойылту мөлшері де ойдағыдай екенін көріп тұрмыз. Жоспарлы көлем бүгін орындалатын түрі бар, – дейді тәжірибелі флотатор Ирина Кишкина.
Ирина да жергілікті колледжден байыту мамандығы бойынша білім алыпты. Фарикаға өмірінің 26 жылын арнаған екен.

Металл өңдеу ауыр жұмысқа жатқанымен, реагенттер дайындау бөлімшесінде ежелден нәзік жандар жұмыс істейді. Өйткені мұнда асқан ұқыптылық пен тиянақтылық қажет. Бөлімше басшысының міндетін атқарушы Айгүл Ткежанованы кезекті өндірістік тапсырыстарды қабылдау кезінде жолықтырдық.
– Артемьевтен алынатын кенді игеру оңай шаруа емес. Көптеген реагенттерді қолдануға тура келеді, – дейді ол.

Автоматтандырылған жұмыс режимі жуықта іске қосылатынын айттық. Ал фабрикадағы химиктер қазірдің өзінде барлық қалқыту жұмыстарын монитор арқылы бақылауда. Барлық көрсеткіштер, қоспалардың құрамы экранда айқын көрсетілген. Тапсырыстың дұрыс орындалуын маман Татьяна Варихова экраннан қайталай тексеріп отыр. Ең бастысы, жұмыс автоматқа көшірілгенімен жұмысшылар қысқартуға ұшырамаған.

Жаңа технологияның жеңіл жұмысына бой үйрете бастаған жұмысшылар бұрынғы ауыр тірліктерін еске алып тамсанады. Бұрын суда ажыратылған концентраттарды кептіру үшін мазут жағылатын. Одан шыққан түтін мен газдың зиянды екені айтпаса да түсінікті. Фабрика басшылары да, «Востокцветмет» ЖШС де осынау жағымсыз процестен құтылуға асыққан еді. Бүгінде бұл процесс әлемдік технологияға негізделген. Ал сүзгілеу процесіне итальяндық сығымдағыш сүзгілер енгізілген. Соның арқасында концентрат құрамындағы су ешқандай жалынның көмегінсіз, сығымдау арқылы шығарылады. Бұл өз кезегінде мыс концентратының ылғалдығын сегіз пайызға, мырыш ылғалдығын 10 пайызға дейін азайтты. Жаңа технологияны жақсылап игеру үшін Елена Гуляева мен Галина Микрюкова оқытудан өтіп, автоматты сүзгілеу процесінің қыр-сырын бес саусағындай білетін деңгейге жетіпті. Сүзгілеу бөлімшесінің аға шебері – Мұрат Меңдібаев автоматты желінің «ақылды жұмысын» тәптіштеп түсіндірді бізге. Бүгінде бұл бөлімшенің жұмысы да толықтай автоматтандырылуға жақын. Бүгін бір ғана М.Меңдібаев басқаратын кезек 350 тонна концентратты өңдеуі тиіс. Қайта жарақтаудың құдіреті деген осы! Николаев фабрикасының өз тарихындағы жаңа парақты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ашуы – айтарлықтай тарту болмақ.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button