Қоғам

Мешітке трактор тарту етті

Мешітке трактор тарту етті

«Қазцинк» ЖШС Өскемендегі облыстық мешітке көпфункционалды бесаспап трактор тарту етті.
Облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Асанов бұл «Қазцинк» компаниясының мешітке көрсетіп отырған алғашқы көмегі емес екенін атап айтты.
– «Қазцинк» – біздің іс-шараларымыздың, жұмысымыздың барлық бағытына – діни басылымдар, көлік, қаржы, көмекті қажет ететін жамағатқа қолдау көрсету мәселелерінің бәріне қол ұшын беріп келе жатқан бас демеушіміз десем асыра айтқандық болмайды. Енді міне, қолымызды ұзартып, шаруашылық жұмыстарын жүргізуге қажетті тракторды тарту етіп отыр. Мешітке келіп жатқан ағайынның атынан, жеке өз атымнан ізгі ниеттеріне ризашылығымызды айтамыз,-дейді облыстық мешіттің бас имамы.
«Қазцинк» ЖШС қала көлеміндегі ғана емес, облыстағы көптеген игі істердің атқарылуына қолдау көрсетіп, жәрдем беріп келеді. Облыста жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар мен жобалардың біразы осы компанияның атсалысуымен атқарылды. Компания өндірістері орналасқан қалаларда спорттық имараттар мен ғимараттар құрылысын салуға, медициналық, білім беру мекемелеріне, қаланы көркейтіп, көріктендіруге кәсіпорынның бөліп отырған қаржысы қомақты.
«Қазцинк» ЖШС дін саласына да үлкен ден қойып, мешіттер мен храмдарға, синагогтарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Мейлі ол храм, мешіт, синагог болмасын, жөндеу жүргізу, коммуналдық қызметтермен қамтылу, қиындық тудырған басқа да түрлі жағдайларда компания олардың ешқайсысын көмексіз қалдырған емес. Соңғы бірнеше жылдың ішінде компанияның діни мекемелерге жасаған жәрдемінің мөлшері 50 миллион теңгеден асып отыр.
«Қазцинк» ЖШС облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Асановтың осы жолғы өтінішін де жауапсыз қалдырған жоқ. Мешітке су жаңа бесаспап көлік көпфункционалды трактор сыйлады.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры:
-Құдайға құлшылық етушілер дін жолына қанша берілгенімен, былайғы өмірде қарапайым адамдармен бірдей тұрмыс кешеді. Храмды салумен, көтерумен іс тынбайды. Оны үнемі қолдап, оған жәрдемдесіп отыру қажет. Дінге, құдайға құлшылық етушілер өз қолдарынан келгенше адамдардың қуаныш пен қайғыда келетін орынын, сұрақтарына жауап іздеп келетін ізгі орынды таза, ұқыпты ұстап отыруға қызмет қылуда.
Үміт отын сөндірмей, сенім ұялатқан храмды қолдау-әр адамның міндеті деп білемін. Біздің жұмысшыларымыздың ішінде ислам, христиан, иудаизм діндерін ұстанатын, дін жолындағы, дінге сенетін азаматтар өте көп. Осы мейірімді, қайырымды дін бағыттарының бәрін де ата-бабаларымыз ұстанды, ол даналыққа біз ұрпағымызды үйретудеміз. Біздің компания осы бағалы дүниемізді бағалауға, қолдауға қашан да баса назар аударып, айрықша көңіл бөліп келеді. Сондықтан да компания негізгі қағидаттардың бірі – әлеуметтік жауапкершілікті басты бағыт етіп ұстап отыр.
Облыстық мешіттің аумағы, алып жатқан ауданы әжептәуір үлкен. Үнемі таза ұстап, күтуді қажет етеді. Біздің қысқы қатаң табиғаттың тағы бір әлегі-қардың көп жауатыны. Облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Асановтың осы мәселені жеткізген өтінішін біз қуана қолдап, бесаспап көлікті табыс еттік. Осы ретте кезінде мешіттің құрылысын жүргізуге «Қазцинк» ЖШС мен оның жұмысшыларының қосқан үлесі, көмегі де болғанын айта кеткім келеді. Көпфункционалды трактор кез келген ауа райында мешітке келер жолдың тап-таза болып, жарқырап жатуына үлкен септігін тигізеді деген ойдамын.
Осы орайда айта кететін тағы бір нәрсе, жуықта Өскеменде Свято-Троицки (шіркеуінің салтанатты ашылу рәсімі болып, салтанатты шараға осы нысанды салуға үлес қосқан облыс кәсіпорындары шақырылды. Қайырымды іске өз қолдауын көрсеткен «Қазцинк» компаниясы оған ең алғашқылардың бірі болып шақырылды.
Осы жиынға келген Қазақстан Православ шіркеуінің басшысы митрополит Александр «Қазцинк» ЖШС бас директорлары Александр Хмелев пен Юрий Гусевті және компанияның тұрақты даму жөніндегі басқарма директоры Андрей Лазаревті шіркеу төсбелгілерімен марапаттады.
-Бұл барлық православтар үшін үлкен оқиға, -деді Андрей Лазарев. – Біз шіркеудің компанияның қатысуымен салынып, бой көтергеніне қуаныштымыз. Бағалау үшін, мойындату үшін емес, жарқын болашаққа, қайырымдылыққа ұмтылып, жақсылықты қолдау үшін. Біз өз көмегімізді үлкен үмітпен, қайырымдылықпен, мейірімділікпен жасай отырып, жақсылықтың бастауы болуға тырысамыз. Бәріңіздің шаңырағыңыз бейбітшілік пен мейірімге толы болсын!

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button