Мешіт қызметкерлері кейуанаға баспана сыйлады

Тепсе темір үзетін атпал азамат ақ сүт берген анасы мен туған қарындасы отырған үйді сатып жіберіп, бейшара жандарды баспанасыз қалдырған. Бұл іске мешіт қызметкерлері араласып, мәселені оң шешіп берді.
Жағдай былай болған. Ұлан ауданы, Мамай батыр ауылындағы Ленин көшесінің 56-шы үйінде Нәсіпхан Әбуғалиева есімді 74 жастағы кейуана тұрады. Өзі екінші топтағы мүгедек. Қасында тағдырдың тәлкегіне ұшырап, күйеуінен ажырасқан, екі балалы, үшінші топтағы мүгедек қызы бар. Қысқасы, бір үйлі жанның барлығы жетім-жесір. Олардың бар байлығы бастарындағы баспанасы ғана болған. Оның өзін кейуананың туған ұлы сатып жіберіп, төрт бірдей жанды ұлардай шулатып кетіпті. Бұл – өткен жылы болған іс.
Енді үйсіз қалған үйелменді топ бұрын тұрған үйін сатып алған жанды сотқа беріпті. Бұған талай жыл жөндеу көрмей тұрған үйді сатып алған соң, бірталай жөндеу жұмыстарын жүргізіп үлгірген үйдің жаңа иелері де қатты қиналыпты. Олар үйді 300 мың теңгеге сатып алған екен. Ақыры, бұл іске аудан әкімдігі араласып, кейуанаға уақытша отыруға баспана беріп, өткен қыстан аман алып шыққан көрінеді.
Жуықта осы күрмеулі мәселенің түйінін облыстық мешіттің имамдары тарқатты. Ғибадат үйінің азаматтары атқа қонып, сатып алушыға 300 мың теңге ақшасын беріп, кембағал жандардың баспанасын өздеріне қайтарып берді. Біз сол жандардың қонысына қайта көшіп келіп жатқан қуанышты сәтіне куә болдық. Бізге облыстық мешіттің ақсақалдары да ілесе жүріп, басы даудан құтылған апаға «қоныс тойың құтты болсын!» айта барды. Құр қол бармай, азық-түлік, теледидар сынды дүниелер ала барыпты. Біз барғанда ауыл мешітінің жамағаты үйдің пешін салып жатыр екен. Қорыта айтқанда, қаңғырған жесір мен жылаған жетімге ауылдастары көп болып көмектесіп жатыр.
Апарған дүниелерін табыстаған облыстық мешіттің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шәріпхан Тоқтағұлов отбасына береке тілеп, шаңыраққа бата берді. Кейуананың қызы Айнагүл Темірбаеваға: «анаңды дұрыстап бақ, сен анаңды разы қылсаң, Алла сені разы қылады, сен жүрегіңе иман жисаң, Алла сендерден ырыздығын аямайды» деп, ақылын айтты.
– Біз мұнымен шектелмейміз, мүмкіндігінше тағы да көмектесеміз. Айнагүл апайымыздың бірі мектеп жасында, екіншісі енді мектеп жасына толатын екі баласы бар екен. Біздің осындай қамқорлығымызды көрген ол балалар ертең өсе келе өмірден өз жолдарын табады деп ойлаймын, – дейді Өскемен қалалық орталық мешіттің бас имамы Рауан Махмұдов.

Ал Айнагүл өздеріне жәрдемдесіп жатқан аудан әкімдігіне, сондай-ақ, облыстық мешіттің өкілдеріне алғысын білдірді.
Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе бар. Ол – жаңағы баспананы қайтарып берушілер. Шынын айтқанда, 300 жүз мың теңгеге олар да қалаға іргесі тиіп тұрған ауылдан енді үй ала алмасы анық. Осы жағын ескерген мешіт жамағаты оларға да көмек қолымызды созамыз десіп отыр. Аудандық әкімдік сол ауылдан үй салып алуға жер телімін беріпті. Жуықта көпшіліктің көмегінің арқасында ол үйдің де іргетасы қаланған екен.
Мұратхан Кенжеханұлы
Ұлан ауданы.