Қоғам

Мешін жылы мерейі өсті

Мешін жылы мерейі өсті

Әділет Құрметов, боксшы

1994 жылдың 12-қарашасында Тарбағатай ауданының Жаңалық ауылында дүниеге келген. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да денешынықтыру және спорт факультетінің 2-курс студенті. Сонымен қатар, «Армия орталық спорт клубында» әскери борышын өтеп жүр.

Жас боксшы биыл өзінің 2013 жылғы жетістігін қайталап, екі дүркін ел чемпионы атанды. Венгрия, Алмания, Ресей елдерінде өткен халықаралық турнирлердің жүлдегері.

Мешін жылы мерейі өсті

Жанна Жәбекова, кәсіпкер

Жанна осыдан алты жыл бұрын көлік апатына түсіп, аяқ-қолы сал болып қалған. 2013 жылы Қытайдың Үрімші қаласында ем алып, қолдарын қимылдатып, отыра алатын жағдайға жетті. Негізгі мамандығы – киім модельері-конструктор. Жанна қуыршақпен қатар түрлі себеттер, қораптар, моншақтардан мүсіндер тоқиды. Қазір ол тек тапсырыспен ғана жұмыс істейді. Биыл оған Мәскеу қаласындағы «Терра-Моторс» автокөлік салоны үлкен тапсырыс берді. Салон әр автокөлік сатып алған клиентіне жұмсақ қуыршақ сыйлауды ойластырған. Енді сол ойыншықтарды Жанна тігетін болады.

Қайсар қыз «Даму-Көмек» қоры ұсынған қаржының арқасында қуыршақ жасаумен шұғылданатын өндіріс орнын құруды жоспарлап отыр. Әкесі салып берген цехта қасына 2-3 жұмысшы қызды алып, қуыршақ тігу өнеріне баулымақшы. Жаннаның бұл ісі импорт алмастыруға сеп болары сөзсіз.

Мешін жылы мерейі өсті

Қадыхан Манайұлы, дәстүрлі әнші

Моңғолия Республикасының Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Қазақ еліне биыл ғана қоныс аударды. Оған дейін Моңғолияда Құрманхан атындағы «Алтын жұлдызды» музыкалық драма театрында жұмыс істеген. Дәстүрлі әнді әйгілі Шерікбай Ұнатұлынан үйренген. Моңғолияның Мәдениет қайраткері Қ.Манайұлы атажұртқа қоныс аударған сәттен бастап өңірдің мәдени өміріне белсене араласып кетті. Облыста болатын айтулы шаралардың бәрінде әуезді әнімен ел алғысына бөленіп жүр.

Мешін жылы мерейі өсті

Асыл Қозықанов, облыстық драма театрының қазақ труппасының режиссері

1989 жылдың тоғызыншы шілдесінде Тарбағатай ауданының Жаңаауыл елді мекенінде туған. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан «Драма театрының режиссері» факультетін аяқтаған. М.Әлібектің «Сиқырлы дүрбі» атты балаларға арналған ертегісін сәтті сахналады. 2016 жылы «Наурызнама» және М.Әлібектің «Бала арманы» ертегісін, Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әпсанасын ұсынып, көрерменнің ықыласына бөленді.

Мешін жылы мерейі өсті

Ертай Сәрсенов, жас зергер

1987 жылдың жетінші сәуірінде Үржар ауданында дүниеге келген. Тек күміске ғана маманданған зергер. Абай атындағы ҚазҰПУ көркемсурет факультетін бітірген. Қазіргі кезде бірінші санатты технология пәнінің мұғалімі. Зергерліктен бөлек көнеден мирасқа қалған асыл бұйымдарды жинап, музейге өткізуді әдетке айналдырған. Ағаштан нарқобыз бен қылқобыз шабатын қасиеті бар. Сыйкәде, сандық, астау, қымыз сапыратын декоративтік ожау сынды тұрмыстық жәдігерлерді ағашпен қатар сүйектен, мүйізден ояды.

«Қазақстанның үздік тауары – 2016» конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпазы.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button