Жуырда Үржар орталық мешітіне Дидар Ахбаев есімді атымтай азамат қомақты сый жасады. Өзінің адал еңбек, маңдай терімен тапқан қаражатына ол мешітке жеңіл көлік сатып алып берді.
Жомарт жүректі қайырымды жан Дидар Ахбаев негізі осы ауданның тумасы, Елтай ауылының тұрғыны. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін мұндай қадамға ол ата-бабамыздан келе жатқан асыл дініміз үшін барғанын айтады.
– Алланың жердегі үйі саналған мешітке автокөлік сыйлау көп жылдан бері ойлап жүрген арманым еді. Соның ыңғайы бүгін келді. Баршаңызға құдай қуат берсін! – деді атымтай азамат.
Үржар ауданының бас имамы Ұлан қажы Ермекұлы оған өз атынан, жамағат атынан алғысын айтып, ризашылығын білдірді:
– Жалпы, үнемі жақсылық жасауға асығатын бұл жігіт бұған дейін де орталық мешітке түрлі әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Мешітке келіп, бес уақ намазын қаза қылмайтын жамағат атынан, өзімнің атымнан Дидар бауырыма рақмет айтқым келеді. Алла сауапқа жазсын! – деді Ұлан қажы Ермекұлы.
Айта кетейік, Дидар Ахбаев денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. Малайзиядан халықаралық медицина оқуын оқыған. Үржарда өзінің арнайы орталығын ашып, жұмыс істеп жатыр. Емшілікті кәсіп қылған азаматқа ем іздеп келетін науқастар өте көп. Біріне ине салса, енді біріне хиджама жасап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы