Облыс әкімі: бағыт-бағдарТОП

Мәселенің үлкен-кішісі болмайды

Шығысқазақстандықтар Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қандай проблемаларға тап болуда? Жаңа Бұқтырма кентінің ауруханасында жөндеу жұмыстары қашан жүргізіледі? Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Азаматтарды қабылдау – кері байланыстың тамаша тәжірибесі. Өйткені, тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтарға жауап ала алады. Өздеріңіз білетіндей, кіші-гірім проблемалар жоқ, олардың барлығы адамдар үшін маңызды. Қабылдау барысында аймақ басшысына Шығыс Қазақстан облысындағы әртүрлі аудандардың тұрғындары жүгінді.

Шемонаиха ауданының Зевакин арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұратын арбаға танылған мүмкіндігі шектеулі жандар –Гүлнар Нұрханова мен Владимир Жарких орталық қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауына және қызмет алушылардың құқықтарын бұзуына шағымданды.

– Өткен жылдың маусым айында мені орталықтан жалған баянаттар бойынша заңсыз шығарып жіберді, – деді Гүлнар Нұрханова. – Мен сотқа жүгіндім және бұл әрекеттердің заңсыз екенін дәлелдедім. Сот шешімімен мен орталыққа қайта орналастым, бірақ кінәлілер жазаланбады.

Владимир Жаркихтің айтуынша, бұл жалғыз мәселе емес. Соңғы уақытта тамақтану нашарлап кеткен.

– Мәселенің үлкен-кішісі болмайды, – деп атап өтті Ермек Көшербаев. – Мемлекеттік қызметтер толық көлемде және тиісті сапада көрсетілуге тиіс. Бақылауды орнату керек. Мәзірді қайта қарап, қолжетімділік аясында оны түрлендіру қажет. Қызметкерлердің кінәсін дәрежесіне қарай қарастырамыз.

Аймақ басшысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жағдайды зерделеуді тапсырды және орталыққа жеке өзі баруға уәде берді.

– Облыс әкімі бізді ерекше құрметпен қабылдады. Оның бізге уақыт бөлгеніне ризамыз. Жақын арада проблемалар шешіледі деген үміттенеміз, – деп бөлісті Владимир Жарких.

Алтай ауданының тұрғыны Сәуле Бақтиярова Жаңа Бұқтырма кентінде аурухана қашан жөнделеді деген сұрақ қойды. Оның айтуынша, жұмыс баяғыда басталуы керек еді, бірақ олар әлі басталған жоқ. «Теплоцентраль» кәсіпорнындағы жөндеу жұмыстары да қолға алынбаған.

Жағдайды Алтай ауданының әкімі Ернар Мұстафин түсіндірді. Ол байқау өтіп, қаражат бөлінгенін хабарлады. Мердігер анықталды, бірақ жұмыс әлі басталған жоқ, өйткені мердігер қиындықтарға тап болған. «Теплоцентраль» кәсіпорнындағы жөндеуге келетін болсақ, ЖСҚ 2020 жылы әзірленген және қосымша қаражат тарту үшін оны түзету қажет.

– 2020 жылғы бағалар 2023 жылғы бағамен сәйкес келмейтінін біле отырып, істі бастаудың қажеті қанша? Менеджмент жоғары деңгейде емес, – деп атап өтті Ермек Көшербаев. – Әркім өз ісімен айналысуы керек. Әкім осы үшін жауапты. Неліктен аудан тұрғындары маған сіздің жауапкершілік шеңберіңіздегі мәселелер бойынша жүгінеді?!

Жағдайды егжей-тегжейлі түсіну үшін облыс әкімі бейінді басқармаларға осы мәселелер бойынша барлық қажетті ақпаратты дайындауды тапсырды.

Сондай-ақ Сәуле Бақтиярова Жаңа Бұқтырма кентінде өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына күрделі жөндеу жүргізу және Аналар үйін салу қажеттігін атап өтті.

– Бізге отбасылармен жұмыс істеу үшін осындай үйлер қажет. Өкінішке қарай, балалар үйіндегі жеткіншектер саны артып келеді, – деп атап өтті ол.

ШҚО ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Лео Шик консультативтік-кеңесші органның, Достық үйлерінің және «Ұлттық тілдер мен мәдениеттерді жаңғырту» мектебінің қызметін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Ол барлық этностардың өкілдері ана тілімен қатар мемлекеттік тілді де білуі керек екенін айтты.

Сондай-ақ Лео Шик өңірде қазақ халқына алғыс білдіру және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу ескерткішін орнату туралы ұсыныс жасады. Оның айтуынша, бұл өскелең ұрпақты тәрбиелеуге оң әсер ететін орын болуға тиіс.

Сонымен қатар өңір тұрғындары Ахмер ауылында дәрігерлік амбулатория, Зайсан ауданының Дайыр ауылында балаларға арналған сауықтыру-оңалту орталығын салу, Күршім ауданының Маралды ауылында туризмді дамыту және өзге де мәселелерді көтерді.

Александра Исаева

 Суретке түсірген Ермек Иманғазинов

Осы айдарда

Back to top button