Қоғам

 Мерзімінен бұрын аяқталады

 Облыс орталығындағы Сәтпаев даңғылында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары тұрғындардың өтініші бойынша мерзімінен бұрын аяқталатын болды (Қазыбек би даңғылынан Самар трассасына шығуға дейінгі учаске). Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының айтуынша, одан жолдың сапасы зардап шекпейді.

Аталған учаскені мердігер ұйым «Тереза» ЖШС жөндеп жатқаны белгілі. Ағымдағы жылдың тамыз айында  облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне қала тұрғындары жолдың осы учаскесіндегі жөндеу жұмыстарын жеделдетуге көмек көрсетуді сұрап, жүгініпті. Осы өтініш негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық жол активтері орталығымен бірлесіп осы жол учаскесінде мониторинг жүргізді және мердігерлік ұйымға жөндеу жұмыстарын жеделдету бойынша ұсыныстар берген-ді.

– Ағымдағы жылдың 29 қыркүйегінде аталмыш учаскеге қайта барғанымызда, асфальт төсеу жұмыстары аяқталуға жақын екендігін көрдік. Сондай-ақ асфальтбетон төсемінің сапасын анықтау мақсатында жүргізілген зертханалық сынақтардың нәтижелері бойынша асфальтбетоннан жасалған жабын қабаттарының қалыңдығы жоба сметасына сәйкес келетіні анықталды, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде.

Жөндеу жұмыстарын аяқтау о баста ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған болатын.

Ведомство өкілі хабарлағандай, облыс аумағында автомобиль жолдарын салу және жөндеу сапасына мониторинг жүргізуді және «Сапалы жол» жобасын іске асыру мақсатында облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жол активтерінің ұлттық орталығымен  бірлесіп жыл басынан бері 37 рет жолға шығыпты. Тексеру жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің, жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын заңды тұлғалардың, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі.

Мониторинг барысында анықталған кемшіліктерді жұмыс тобының ұсынысы бойынша мердігерлік ұйымдар дереу жоюға тиіс.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button